9.04.2021, 10:40
Оқылды: 14

Нәзік те қайсар жаратылыс

Небәрі 20 жасында майданға аттанған, ұрыс даласында радиобайланысшы болған Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Чехнагаева алдағы 1 мамырда мерейлі 100 жасқа толғалы отыр. Өмірдің қаншама қиын белесін өткерсе де, жан дүниесі баладай таза, жақсылыққа жаны құмар ол – әлі күнге дейін адамдық қалыптан айнымаған санаулы жандардың бірі.

 чегнахаева1

Анастасия Федоровна 1921 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. Өз қатарластарына қарағанда, оның тағдыр жолы қиын өрілді. Шешеден ерте қалғаны былай тұрсын, әкесі ұжымдастыру кезінде жер аударылып, балалық шағында жетімдіктің тауқыметін тартып өсті. Сонда да қиындыққа мойымай, тез есін жиып, еңсесін тіктей білді. Сөйтіп жүріп, қиналған жандарға қолұшын созуды әдетке айналдырған еді.

1938 жылы Орал қаласына келді. Ал 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырту алды. Бұл радиобайланысшыларға қажеттілік артып жатқан кез еді.  Сөйтіп, Таяу Шығыстағы бомбалаушы авиацияның 34-дивизиясына жіберілді. Ефрейтор Анастасия Чехнагаева үздіксіз радиобайланыс орнату арқылы жеңісті күндердің жақындауына көп үлес қосты. КСРО-Жапония арасындағы соғыс кезінде ол Владивастоктан Макао портына (қазіргі Оңтүстік Сахалин) дейінгі теңіз жолындағы ең күрделі шайқастарға қатысқан. Ұрыстың бір күнінде қатты дауыл соғып, рациясы теңізге шайылып кете жаздаған. «Сол кездерде Охот теңізінің толқыны қатты болғаны сонша, кемеге орнатылған радиостанса бір шеттен екінші шетке ұшып кетті. Тіпті қатты шайқалған кемеден  басым айналды. Сол сәтте рациямды су шайып кеткен шығар деп қатты уайымдадым. Әйтеуір, радиостансаны сақтап қалу мүмкін болды» деп еске алады сұрапыл соғыстың сол күндерін майдангер анамыз.

1942 жылы А.Чехнагаева майданға алынған эшелондағы өзге қыздармен бірге қызылша жұқтырып ауырады. Өрімдей жас қыздардың иығына күн өткен сайын, ауыр жүк артыла береді. Жауған оқ, жарылған бомбаның арасында өлім мен өмір үшін басын қатерге тігіп, күресе жүріп, құнды ақпараттарды таратып отырған. Оның майдандағы осындай көзсіз ерлігі мен батырлығы ескерусіз қалмай, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Соғыстан кейін Оралға қайта оралып, еңбекке араласты. 1962 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру әдістемесі факультетіне оқуға қабылданады. 1965 жылы оқуын ойдағыдай аяқтаған Анастасия Федоровна 20 жыл бойы құлағы естімейтін балаларға арналған мектепте бастауыш сыныптардың тәрбиеші-сі болып қызмет етеді. 1970-80-жылдары А.Чехнагаева инспектор-әдіскер ретінде бірнеше рет мектепке дейінгі ұйымдарды тексеру комиссиясының құрамына енгізілген. Білім беру жолында да жанкештілік таныта білген ол «Қазақ КСР халық ағарту үздігі» белгісімен марапатталған.

Анастасия Федоровна жұбайы Федор Маркелович екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда қыздары Ресейден жиі қатынасып, аналарының күтіміне атсалысуда.
Анастасия Чехнагаева бүгінгі таңда 17 немере-шөбере сүйіп отыр. Ал қан майдандағы оның ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын болады.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале