Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан әскерлер сапында нәзік жандардың алар орны ерекше. Қайраттылықты қанат етіп, ауыр да жауапты жұмыс атқарып жүрген қазақ қыздарына қарап, қайран қаласың. Әйтеуір, қоғамдағы әскери қызметші мамандығы тек ер жігіттерге тән деген ұғым бүгінде мүлде өзгерген. Әрине, жауынгерлік қызметтің ісін меңгеру – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер үшін оңай шаруа емес. Сөйте тұра, олар әйелге тән нәзіктілігі мен биязылығын жоғалтпай, ерлермен иық тірестіріп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай, өздерінің жоғары еңбек қабілеттерін көрсетуде. Көңілге қуаныш ұялататыны да осы. Қандай жұмысқа болмасын білек сыбана кірісіп, абыроймен атқарып жүрген осындай ай қабақ аруларымыздың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық жұмыстары басқармасының (мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі) аға офицері, подполковнигі Гүлзада Ғұмарова. Ол – қамқор ана, адал жар, ибалы келін.
Гүлзада әу баста әскери салада қызмет етемін деп әсте ойламаса керек. Оның әуелгі арманы мұғалім болу еді.
Гүлзада Орынғалиқызы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Шұнғай кентінде 1973 жылы 3 наурыз күні дүниеге келген. Әкесі Орынғали фермада электросварщик болып жұмыс жасаса, анасы Сара бастауыш мектеп мұғалімі, ауыл балаларының тәлім-тәрбиесіне үлесін қосып, ауылдағы беделді адамдардың қатарында жүріп, маңызды да баянды өмір сүруде.
«Әке – отбасының иесі, ана – отбасының киесі» дейді қазақ мақалында. Ата-ана әр баланың ең қымбат та ыстық жандары. Орынғали ағамыз бен Сара анамыз төрт баланы Галина, Гүлзада, Жұмания, Жұбанды дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына төрт маман иесін берген кісілер. Барлық балалары қазіргі таңда отау иелері, ел қатарлы жандар, қыздары анасының жолын қуып, қазіргі таңда жоғары санаттағы ұстаздар, інісі Жұбан Сайхин кентінің мектеп директоры, ал Гүлзада болса Ұлттық ұлан қатарында анасының ұстаздық жолын жалғастырып, 15 жыл қызметін мемлекеттік тілді енгізу жолында адал абыроймен атқарып, міне зейнетке шығып жатыр.
Бастапкыда Гүлзада сонау 1980 жылы мектеп табалдырығын аттап, оқуды «өте жақсы» және «жақсы» бағаға оқып, мектеп хорында өлең айтып, жоғары сыныптарда вокалды-инструменталды ансамбль «Лира» құрамында ән шырқайды. Сондай-ақ, сол кезде елде коммунистік идеология мықты болды. Мектепте «Октябренок»-тан «комсомол»-ға дейін өсіп, сынып старостасы болған. Бала кезіндегі арманы «математика және физика» пәнінің мұғалімі болу болатын, алайда мектеп бітірісімен Орал қаласының А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне түседі.
Армандаған оқуына қол жеткізген Гүлзада студент атанып, жоғары оқу орнындағы оқуын жақсы оқып, топ комсоргы болып университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, 4 жыл оқуын ойдағыдай тәмамдап шығады.
Еңбек жолын Сайхин кентінің Міншүк Мәметова атындағы мектептен бастайды. Мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қабылданады, сол ұстаздықпен айналысқан жылдары «Жыл мұғалімі» сайысына қатысып, «Жеңімпаз ұстаз» номинациясына ие болады.
Ал 2003 жылы отбасы жағдайымен Орал қаласының №28 мектебіне мұғалім болып ауысады.
Арада уақыт өте сонау 2005 жылы 5517 әскери бөліміне аудармашы ретінде әскери қызметке қабылданып, өз жұмысын аудармадан бастап, мемлекеттік тілді енгізу бағытында жалғастырып, осы лауазымда «қатардағы жауынгерден» «подполковник» әскери шеніне дейін өседі.
- Бала кезімнен әскери формасына қатты қызығатынмын. Дегенмен, өсе келе ата-анам «қыз баланың атқаратын ісі емес» деп, бұл саланы таңдауыма қарсылық танытты. Сондықтан педагогикалық институтының «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. «Бұйырған кетпейді» дегендей әскери қызметке орналасудың сәті түсті, - дейді Гүлзада Орынғалиқызы.
Өзінің әскери қызметші болып тұрақтанғанына ұстаздық көмек көрсеткен тұлға ретінде Гүлзада Орынғалиұқызы запастағы подполковник Грибан Петр Анатольевичті мың да бір алғыс айтады.
- Петр Грибан өзі не білді, соның бәрін түсіндіріп, көрсетіп, саптық дайындық, қару тазалау, саптық жарғының саптық ережелерін жаттатып, ақылшы бола білген жан, - дейді Гүлзада ханым.
Осы жылдары әскери бөлімдерде екі тілді біріңғай игеру саясаты жүргізілді, соған қатысты офицерлер мен келісім шарттағы әскери қызметшілерге қосымша қазақ тілінен (мемлекеттік тілден) сабақтар жүргізіп, әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесетін еді.
Осынау ұзақ жылдардағы қызмет жолыңда төл әскеріміздегі мемлекеттік тілдің өркендеуіне күш салып, сол арқылы жеке құрамның басты құндылықтарымыздың бірі – тіл мәртебесі мен маңызын терең ұғынып, құрметпен қарауына, кең насихатталуына мол үлесін қосқан тіл жанашыры.
Әсіресе, құжаттар аудармасымен тығыз айналысып, көптеген қызметтерге көмегі тиген сәттер аз емес. Осылайша өзінің іскерлігімен, тапқырлығымен, қызметін адал атқарғанымен командирлердің көзіне түсіп тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бастығының мемлекеттік тілді меңгерудегі аға көмекшісі лауазымына тағайындалып, «капитан», және «подполковник» әскери шендерін мерзімнен тыс алған еді. Бұл қызмет орнында да, өз міндетін абыроймен атқара жүріп әскери бөлімдердің арасында мемлекеттік тілді меңгеру бойынша көптеген сайыстарға барып, 2016 жылы жүлделі орынға ие болады.
- Бүгінгі таңда қазақ баласының өз ана тілінде сөйлеп, оның қадір-қасиетін бағалап, саралай білуі, санаға сіңіруі қажет. Ұлттық рухты, түскен еңсені көтеріп, ана тілге деген жанашырлықты іспен дәлелдеу қажет. Тіл – халқымыздың мәдени дәрежесін көтеретін қуатты құрал. Сондықтан әрбір қазақ мемлекеттік тілді білуге және сол тілде сөйлеуге міндетті, -дейді подполковник Г.Ғұмарова.
Қызметіне адал, әрдайым ашық-жарқын болып жүретін Гүлзада жөн сұрап келген адамға ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп отырады. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысып, өз саласында абыройлы еңбек етіп жүрген офицер өзін ел үшін қызмет ету мен үшін үлкен мәртебедеп санайды.
Жылдар өте бәріне үйреніп, әскери өмірдің ыстығы мен суығын татып, өзі де ысылады, бөлімнің қоғамдық өміріне белсенді қатыса бастайды, Офицерлік баллды ұйымдастыруға атсалысып, Әйелдер кеңесін басқару жұмыстарын жандандырып, бөлімде өтетін іс шараларға көмегін тигізіп көптеген алғыстар мен грамоталармен марапатталған.
- Әскер ер адамға да, әйел адамға да жүктелер жауапкершілік бірдей.Оның үстіне, әскери қызметшілерден жинақылық, денешынықтыру дайындығы, атыс қаруын қолдана білу, қоян-қолтық ұрысты меңгеру талап етіледі.Әскерде әйел адамның бойында ер адамға тән қасиеттер де жетерлік. Сондықтан қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын күзетуде ер азаматтармен қатар жүріп, қызметті абыроймен атқарып, қиындықтарды бірге жеңіп келеміз. Мұнда мереке, демалыс күндеріне қарамастан, қызметте жүресің. Бүгін демалыс, мереке екен деп еркінси алмайсың. Кез келген уақытта жұмысқа шақырып қалады. Оған өзіміз де, отбасымыз да үйренген. Әйел болғандықтан, отанасы екенімізді де ұмытпаймыз. Қызметте қатал болсақ, үйде жұмсақпыз. Балаларымыз үшін мейірімді ана, жолдасымыз үшін аяулы жармыз. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатынымызға қарамастан, үй шаруасына да үлгеріп жүреміз, отбасы, туыс, жора-жолдастарға да көңіл бөлуге уақыт табамыз. Өзімізді, бет-әлпетімізді күтуге де уақыт тауып, әр сағат пен минутты бағалай білеміз. Ал жұмыста әйел адам ер адамға қарағанда ісіне өте жауапты, тиянақты, ұқыпты қарайды, әр құжаттың уақытылы орындалуын қадағалай біледі, ұжымды ер адамнан кем басқармайды. ұйымдастырмайды, басқара біледі.Әйел заты сонысымен де қадірлі, - дейді подполковник Гүлзада Гүмарова.
Орын адамды емес, адам орынды безендіреді. Бұл халық нақылын әр кез подполковник Ғұмарованың жұмысын көрген кезде айтуға болады.
Гүлзада Орынғалиқызы кәсіптік және қызметтік деңгейін айтқан кезде, кәсіптік шеберлігін жетілдіруге үнемі талпынатынын айтуға болады және де қызмет барысында ұжымдастары мен қызметтестеріне сөзімен және ісімен үнемі көмектесіп отыратын.
Айта кету керек, Гүлзада бүгінге дейін Қазақстан РеспубликасыІшкі істер Министрі атынан «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.Сондай-ақ,қызмет барысында ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен және де Ұлттық Ұлан Басқолбасшылық тарапынан алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Аталған марапаттардың бәрі жауынгерлік қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, кәсібилігін танытып, басшылық тарапынан жүктелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындай білетіндігінің дәлелі.
− Әскер саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің еңбегі зор Себебі олар осындай қиындығы мол мамандықты алып жүрумен қатар отбасындағы береке-бірліктің ұйытқысы болып отыр Бала тәрбиелейді, үйдің жұмысын жасайды.Сондықтан мен өзге әріптестерімнің қайсарлығының, табандылығының алдында басымды иіп, оларды әрқашан мақтап жүремін, − дейді Гүлзада.
Осы ретте подполковник Г.Ғұмарова сауатты офицер, тәжірибелі тәлімгер, білікті ұйымдастырушы, өз ісінің майталманы ретінде танытты.Өзінің адамдарға деген педагогикалық көзқарасымен, сабырлы мінезімен, ісіңе деген жауапкершілігімен әріптестер арасында сыйлы болды.
Мінекей, Гүлзада Орынғалиқызы тек қызметте сыйлы азаматша ғана емес, ағайын-туысқа, көршілері мен достарына сыйлы, сүйікті жар, ардақты ана, үлгілі келін. Оның куәсі 25 жыл отасқан өмірлік жолдасы Арман ағамызбен бірге Абылай есімді ұлын ер жеткізіп үйлендіріп жатыр.
Ұлы Аблай Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын адал атқарып, Батыс-Қазақстан облысының Аграрлық-техникалық университетін тәмәмдап, экономист маманы бойынша «Хим-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қызметін атқарып ата-анасының абыройын көтеріп жүр.
- Әскерде тек ерлер қызмет етуі керек деген пікірдің аясында қалмай, елін қорғау әрбір жанның абыройлы борышы, басты парызы деп білемін. Кезінде неміс басқыншыларынан Отанын қорғаған Шығыстың қос шынары, батыр апаларымыз – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовалардың ерлігі бізге күш-жігер береді. Олар Отанын соғыс даласында қорғаса, біз – бейбіт өмірдегі Отан қорғаушы қазақтың қыздарымыз» деген пікірін айтты ол.
Иә, әскери қызмет – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Гүлзада секілді погон таққан қыздарымызға сүйсіне қарайтынымыз рас.
Жамал Мүкушева,
майор
Орал қаласы