2.05.2025, 11:00
Оқылды: 373

NCOC серіктестікке дайын

Облыс басшылығының шақыруымен өңірге Атырау облысындағы «North Caspian Operating Company N. V.» (NCOC) компаниясы мен «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің (IBO орталығы) өкілдері келді.

DSC09380

Алдымен, өңірдегі өнеркәсіп орындарында болған олар, кейін облыс әкімдігінде кәсіпорындардың, салалық басқармалар мен мекемелердің басшыларымен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов шақыруды қабыл алған компания өкілдеріне ризашылығын білдірді. Бұл кездесудің мақсаты – мұнай компанияларына өнім бере алатын өңірдегі бірқатар кәсіпорынмен таныстыру екенін атап өтті. Осылайша батысқазақстандық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнайтынына үміт артты.

«North Caspian Operating Company N. V.» компаниясының жергілікті қамту үлесі бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ахмедия сапар барысында қарқынды жұмыс атқарылатынына сенім білдірді. Жалпы, бұл компания – Қазақстандағы теңіз мұнай-газ кен орындарын игеру жобасын жүзеге асыратын осы саладағы ірі компаниялардың бірі. NCOC-тың келісімшарт бойынша жетекші маманы Марта Нақпаева (суретте) бұл компаниямен қалай бірлесіп жұмыс істеу керектігі жөнінде ақпарат берді. Оның мәліметінше, кәсіпорындар, ең алдымен, компанияның сайтында онлайн тіркеуден өтуі тиіс. Ол үшін мекеменің жұмыс тәжірибесін, мекенжайын көрсетіп, сайтқа тіркелу барысындағы барлық сұраққа толық және дұрыс жауап беру керек.

DSC09418

Келесі болып сөз алған IBO орталығы бас директорының орынбасары Самат Сәрсенғалиев орталықтың қызметі мен жергілікті тауар өндірушілермен ынтымақтастық жөнінде баяндады. «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі ел Үкіметінің және Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындары операторларының бастамасымен құрылған. Бұл жерде операторлар  деп отырғанымыз – «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б. в.»  және «North Caspian Operating Company N. V.» компаниясы. Оның мақсаты – елдің мұнай-газ саласына қажетті та­уарлар өндірісін дамытуға жәрдемдесу және ірі операторлардың тауарларды сатып алуындағы жергілікті қамтуды арттыру. Яғни мұнай-газ жабдықтарының өндірісін жергіліктендіруге инвестиция тарту, жергілікті өндірушілердің әлеуеті мен мүмкіндіктерін дамыту және басқа да бағыттары бар. Кездесу барысында қонақтар ба­тысқазақстандық мекеме-кәсіпорын басшыларының қойған сұрақтарына жауап берді.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале