24.10.2025, 15:15
Оқылды: 211

Несие алушылар көбейген: неге?

Биылғы қаңтар-тамыз айларында облыс халқы тұтынушылық мақсатта  281,5 млрд теңге несие алған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,2%-ға артық (242,2 млрд теңге). Яғни несие алушылардың саны көбейіп отыр.

жп акша Әлішер Уалитханов (1)

Тұтынушылық мақсаттарға берілген несиелердің мерзімі өткен берешегі 1 қыркүйекте 21,3 млрд теңгені құраған. Ал қаңтар-тамыз аралығында облыстағы екінші деңгейлі банктердің филиалдары 624,4 млрд теңге несие берген. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырсақ, (543,0 млрд теңге) 15,0%-ға ұлғайған. Бұл деректі «ҚР Ұлттық Банкi» РММ Батыс Қазақстан филиалының директоры Қуанышбек Хамзиннің мәліметіне сүйеніп айтып отырмыз.

Шыны керек, қазір кейбіреулер несиені несиемен жауып, азық-түлікті де қарыз қаражатына алып жүр... Тек облыста емес, елде несие алатындардың саны артқан. Осы ретте экономист, тәуелсіз сарапшы Мақсат Халықтың пікірін сұрадық.

– Негізінде, соңғы жылдары елімізде несие алушылар тым көбейіп кеткен. Ұлттық банктың тұтынушылық несие критикалық деңгейден асып кетті деп дабыл қағып жатқанына да біраз уақыт болды. Бұл жерде «Халық неге несие алып жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Ұлтық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 18%-ға дейін жеткізді. Бірақ халық несие алуын тоқтатып жатқан жоқ. Тіпті былтырғы 16,5%-дың өзі – жоғары пайыз. Себебі әлемде базалық пайыздық мөлшерлеменің деңгейі – 0,5-1% немесе 2% деңгейінде. Соңғы уақытта инфляциядан кейін АҚШ-та да бұл мөлшерлеме көтерілді. Қазір бұл ел 5% деңгейінде ұстап отыр. Одан сәл-сәл төмендеді. Бірақ мұның өзі біздегідей 18% емес. Осының бәрі несие пайызының жоғары екенін көрсетеді. Негізі несие пайызы жоғарылаған кезде несие алатын азаматтардың көлемі азаюы керек. Бірақ бізде азайып жатқан жоқ. Керісінше көбеюде. Бұл үрдісті екі-ақ жолмен түсіндіруге болады. Біріншісі, қаржылық сауатсыздық. Яғни халық жоғары пайызға қарамай несие алып жатыр. Екіншісі, мәжбүрлі түрде, амалы жоқтықтан алады деген сөз. Менің ойымша, осы екінші нұсқа басымырақ. Адам табысы жетпегендіктен, несие алады. Азық-түлік алу үшін де несие рәсімдейді. Кейін бұл кредитті жаба алмайды да тағы да несиеге жүгінеді. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда осындай үдеріс болып тұр, – деді сарапшы.

ҚР Ұлттық Банктің аналитикалық басылым түрінде тоқсан сайын шығатын «Ақша-кредит саясаты туралы» баяндамасы бар. Биылғы тамыз айындағы мәліметке сүйенсек, (https://www.nationalbank.kz/ru/page/obzor-inflyacii-dkp) халық арасындағы несиеге сұраныс жоғары деңгейде сақталуда (маусымда жылдық өсім – 23,0%). Сонымен қатар тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны 30%-дан жоғары деңгейде тұрақтаған. Халыққа берілген несиелер көлемі 2025 жылдың екінші тоқсанында нақты мәнде 7,5%-ға өскен. Тұтынушылық несиелендірудің нақты өсу қарқыны 8,1%-ға дейін жеделдеген (кестелер).

Сарапшы айтқан базалық мөлшерлеме дегенге келсек, ол – Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын жүргізетін негізгі құралы. Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін белгілей отырып, ортамерзімді кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін банкаралық қысқамерзімді мөлшерлеменің мәнін айқындайды. Қазанның 10-ында ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде белгіледі. Бұндай шешім қабылдауға инфляцияның өсуі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп төндіруі себеп болған. Инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін осындай шешім қабылдаған.

ҚР ҰБ Төрағасы Тимур Сүлейменов жуырда: «Инфляция – мемлекеттік саясаттың күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Қарқынды дамып жатқан экономика жағдайында инфляцияның жеделдеуі халықтың нақты табысын құнсыздандырып отыр. Өкінішке қарай, халықтың нақты табысы төмендеп отыр, ал нақты жалақы деңгейі  өзгеріссіз қалған. Соңғы 2,5 жылды алып қарағанда, шілде айында табыс максималды түрде төменденгені байқалды. Әрине, бұл үрдіс жоғары инфляция аясында қалып отыр», – деп мәлімдеді (https://www.nationalbank.kz/kz/news/informacionnye-soobshcheniya/17966). Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) деңгейін 56%-дан 46%-ға дейін төмендеткен. ЖТСМ дегеніміз – қарыз алушының кредит шарты бойынша төлейтін барлық төлемінің жалпы сомасы. Ал борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) бойынша қарыз алушының табысын растау тәсілдері қатаңдатылып отыр. Осы ретте табыс көздерін қайталау, дебеттік карталарды, депозиттер мен т.б. толықтыру есебінен табысты артық көрсетуге жол берілмейді. Жеке тұлғалардың несиелеріне қатысты секторалды контрциклдік капитал буфері енгізілді. Бұл – екінші деңгейлі банктердің кредиттік тәуекелдерін төмендетуге бағытталған міндетті реттеуші құрал.  2026 жылғы 1 сәуірден бастап банктер жеке тұлғалар портфелінің тәуекелмен өлшенген активтерінің 2%-ы мөлшерінде қосымша капитал буферін ұстап отыруы тиіс.

– Тұтынушылық кредиттеу қарқынын және инфляция деңгейін төмендетуне бағытталған қосымша тетіктер әзірленеді. Жеке тұлғалар несиелеріне қатысты секторалды контрциклдік капитал буферін одан әрі арттыру мәселесі пысықталады. Әдістемені жетілдіру аясында борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) есептеу кезінде қолданылатын табыс өлшемдерін қайта қарау жүргізіледі. Бұдан бөлек, халықтың жиынтық борыштық жүктемесінің өсуін шектеу мақсатында жаңа макропруденциялық құрал – қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті енгізіледі. Ақша-кредит саясатының негізгі құралы базалық мөлшерлеме болып қала береді. Дәл осы көрсеткіш ақша-кредит шарттарының деңгейін айқындайды. Сондықтан бүгін біз базалық мөлшерлемені ақша-кредит саясатының қалыпты қатаң ұстанымын қалпына келтіретін деңгейге дейін көтердік, – деді Тимур Сүлейменов.

Жоғарыда еліміздің бас банкирі қарыз алушының табысын растау тәсілдері қатаңдатылады деді. Ол үшін борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) ескеріледі. Ендеше БЖК дегеніміз – Қазақстандағы банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының қаржылық жағдайын бағалап,  қарызды мақұлдау немесе қарыз беруден бас тарту туралы шешім қабылдайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Яғни ол – адамның алған қарызын қаншалықты төлей алатынын айқындау тәсілі. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, қарыз алушының қарыздарын уақытында төлей алмау қаупі соғұрлым жоғарылайды. Тиісінше, банктің немесе микроқарды ұйымдарының жаңа қарызды мақұлдау ықтималдығы соғұрлым төмен болады. БЖК-ні есептегенде кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдердің жалпы сомасы қарыз алушының орташа айлық кірісіне бөледі.

Бұл жерде тұтынушының барлық міндетті төлемдері – ипотека, автокредит, тұтынушылық қарыздар, микрокредиттер, тіпті олардың пайдаланатын немесе пайдаланбайтын кредит карталары бойынша лимиттер есептеледі. Соңғы 6 айдағы кіріс есепке алынып, ресми және құжат жүзінде расталған ақша түсімдері (жалақы, зейнетақы, т.б.) қамтылады. Айта кету керек, кредит ресімдейтін азаматтар үшін БЖК-нің шекті мәні – 0,5%. Яғни ай сайынғы төлем қарыз алушының  ай сайынғы кірісінің жартысынан аспауы тиіс. Егер БЖК тым жоғары болса, кредит берілмеуі мүмкін. Немесе несие жоғары пайыздық мөлшерлемемен беріліп, тұтынушы қарызын төлеуге қинылып қалуы кәдік.

Азаматтар қарыз алу туралы шартқа қол қояр сәтте құжатпен мұқият танысқаны жөн. Онда қарыз сомасы мен мерзімі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, өтеу әдісі, мерзімінен бұрын өтеу шарттары, айыппұлдар мен өсім пұлдардың мөлшері көрсетіледі. Ай сайынғы төлемнен бастап, қарыздың толық құны қанша болатынын мұқият бағалау керек. Ең қолайлы өтеу әдісін таңдаған жөн. Олар – аннуитеттік (теңтөлемдер) немесе сараланған (азаятын төлемдер). Егер ай сайынғы төлемдер белгілі бір мөлшерде бекітілсе, ол – аннуитетті төлем. Сараланған төлемде ай сайын төлем мөлшері азаяды. Аннуитетті төлемде алғашқы айлардағы төлемдердің үлкен үлесін банктің пайызы құраса, сараланған төлемдердің бірдей бөлігі несиенің негізгі қарызын жауып отырады. Айта кетер жайт, неғұрлым  ұзақ мерзімге берілген несиенің артық төлемі де соғұрлым жоғары болады. Сондықтан ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттарын, комиссияның бар-жағын нақтылаған жөн.

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале