Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» облысымыздағы филиалы кәсіпкерліктің барлық бағыттарын қаржыландырады. Аталған қор «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл мен қала тұрғындарын шағын несиемен қамтамасыз етіп келеді.
Кеше қордың облысымыздағы филиалы БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз сапарын ұйымдастырып, несие арқылы несібесін арттырған кәсіп иелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Жеке ісін шағын кәсіптен бастағандардың арасында бизнесін кеңейтіп, айналым қаражатын арттырғандар да аз емес. Өңір тұрғындарын қолдауға бағыт алған қор кез келген кәсіп түріне несие береді. Ең бастысы мемлекеттік бағдарламаның талаптары орындалса болғаны.
Аталмыш қордан қолдау тауып, бірнеше рет несие рәсімдеп, алдындағы азын-аулақ малын баптап, үлкен шаруа қожалығына айналдырған фермерлер де бар. Солардың бірі – Сырым ауданына қарасты Шағырлыой ауылындағы «Тіленші» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Ерген Таумышев 2013 жылы қордан 10 млн. теңге несие рәсімдеп, 52 бас сиыр мен 2 бұқа сатып алған. Артылған қаражатқа техникаға қажетті құрал-жабдық та алыпты. Бұл несиені мерзімінен бұрын өтеп тастаған шаруа биыл тағы 30 млн. теңге несие рәсімдеген. Қолға тиген қаражатқа 90 бас аналық ірі қара малын алған. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген шаруа қожалығында бүгінгі таңда 300 бастан астам ірі қара болса, соның 250-дейі аналық екен. Сонымен қатар қожалық меншігінде 80 басқа жуық жылқы малы да өсірілуде. Биылғы жылғы өңірдегі қуаңшылыққа қарамастан қысқы мезгілге қажетті 2000 бума мал азығын да дайындап алған.
– Тоқсаныншы жылдардың соңында кеңшарлар тарап, ер жеткен ұлдарым қалаға жұмыс іздеп кетті. Бірі құрылыста, бірі басқа салада еңбек етті. Тоқырау заманының қиын кезі ғой. Ол уақытта еңбекақының да дұрыс бермейтін. Балаларым тоз-тоз болып, далада жүргені қатты ойландыра бастады. Кейін ұлдарымның ұсынысымен 2000 жылдары қожалық ашып мал өсіруді ұйғардық. Шаруамыз бірден шалқып кетті деп айтудан аулақпын. Басында бір қатар қиындықтарға тап болғанымыз да рас. Кейін төккен теріміз өз жемісін бере бастады. Бүгінде ұлдарым қалада тұрады. Қожалықтағы жұмысқа кезектесіп келеді. Кәсіптерінің алға басуы да сол ауызбіршіліктің арқасы деп білемін. Шаруашылық менің атымда болғанымен еңбек балаларымдікі. Мен көбіне қожалықтың құжаттарымын айналысамын. Елдегі мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп жатырмыз. Әсіресе «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мал өсірген шаруаларға жақсы көмек көрсетіп келеді. Биыл аталған қордан екінші мәрте несие алып, мал басын арттырдық, – дейді қожалықтың жетекшісі Ерген Таумышев.
Құт пен ырыс дарыған Ерген ағамыздың шаңырағында алты ұл бала тәрбиеленген. Бүгінде өз алдарына отау құрған ұлдары бірігіп, қожалықтың тасын өрге домалатуда. Шаруашылық орын тепкен жердің атауы да Тіленші екен. «Менің руым Байбақтының Даты. Естуімше, ерте заманда бұл жерде біздің рудан шыққан Тіленші есімді бай тұрған. Үлкен ұлым Оралбек мектеп бітірген соң жаста болса осы қыстақта қой бақты. Кейін осы жерді жекешелендірдік. Қыстақтың атында өзгертпей қожалықты «Тіленші» атадық. Сол ата-бабаның аруағы шығар, осы кезге дейін от пен су секілді тілсіз жаудан зардап шегіп көрмедік», – дейді ақсақал.
Айта кетейік, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіппен айналысамын дейтіндерге несие 6%-пен береді. Оның жылдық тиімді сыйақысы 6,7%-тен аспайды. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4%-пен берілетін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшері 4,7%-тен артылмайды. Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
Несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, өтінім берушінің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Сондай-ақ кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек.
– Біздің қор «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт бағытта несие береді. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысқысы келетін бастапқы кәсіпкерлер 4 миллион теңгеге дейінгі несиеге қол жеткізе алады. Ол қаражатты кәсібін енді бастаған адам төрт түлік мал немесе бал арасын баптау, балық өсіру секілді бағытқа пайдалана алады. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен бұрыннан айналысатын кәсіпкерлерге зәкірлік кооперация аясында 12 миллионға дейін несие береміз. Ал егін шаруашылығымен айналысатындарға алты миллионға дейін несие бере аламыз. Бұл жағдайда несиелік желі үш жылға ашылады. Үшінші бағыт – ол кәсіпкерлік. Бұл несие ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп иелеріне беріледі. Осы бағытты таңдағандар ауылдық жерлерден монша, шаштараз, дүкен, наубайхана секілді кәсіп түрлеріне несие ала алады. Бұл бағытта әр адам бес жыл мерзімге алты миллион теңгеге дейін несие ала алады. Оларға бір жыл мерзім көлемінде жеңілдік ұсынылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау бағытына да 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаражат алты пайызбен жеті жылға ұсынылады.
Биылдан бастап қор мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге 30 млн. теңгеге дейінгі сомада несие беруді бастады. Ірі қара, қой шаруашылығын дамытуға берілетін несиенің мерзімі 10 жылға дейін. Несиенің жылдық сыйақы мөлшері 16%, бірақ оның 10%-н мемлекет субсидиялайды. Яғни шаруа несиені 6 пайызбен төлейді. Негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейін, ал сыйақыны өтеу бойынша бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған.
Агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасымен биыл біздің өңірге 800 миллион теңге қаражат бөлінді. Оның 400 миллион теңгесі жылқы, 380 миллион теңгесі ірі қара малын өсіруді, ал қалғаны ұсақ мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бүгінде өңір шаруаларынан несие рәсімдеуге өтініштер қабылдануда. Бұл бағдарламаның жеңілдіктері де бар. Егер, шаруа бірден асыл тұқымды сиыр сатып алынатын болса, 25% жеке меншік мүлікті және 75% сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру мәселесі де қарастырылған, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ербұлан Түшкенов.
Ал аталған қордан несие рәсімдеген Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында тұратын жеке кәсіпкер Мұрат Баймұхамбетов екінің бірінің қолынан келе бермейтін қызмет түрімен айналысуда. Ол қордың облыстық филиалынан 6 млн. теңге несие рәсімдеген. Сөйтіп «Diesel Energy Kz» жеке кәсіпкерлігінің басшысы дизель отынымен жүретін техникалардың электронды форсункаларын жөндейтін заманауи қондырғы сатып алған. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланушыларға таптырмайтын қызмет.
– Мен «Еңбек» бағдарламасына қатысып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алдым. Бұл маған құрал-жабдықтар сатып алып, жеке бизнесімді бастауға көмектесті. Негізгі көрсететін қызметім – дизель отынымен жүретін техникалардың отын бүріккіштерін жөндеу. Ал заманауи құрылғы мен жөндеген аппаратты тексереді. Яғни менің атқарған жұмысыма баға береді. Мұндай құрылғы қаладағы үш көлік жөндеу орынында ғана бар. Осы кәсіппен табыс тауып, отбасымды асырап отырмын. Аталған қордан несие рәсімдеу маған өте қолайлы болды. Бұл несиенің жеңілдік мерзімімен жылдық пайызы кәсіпкерлерге өте ыңғайлы, – дейді жеке кәсіпкер Мұрат Баймұхамбетов.
Қор директоры Ербұлан Түшкеновтың айтуынша, биыл филиал жалпы сомасы 2 050,8 млн. теңге болатын 524 несие рәсімдеген. Оның ішіндегі 469 несие «Еңбек» бағдарламасына тиесілі. Осы несиелеудің нәтижесінде 627 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта Орал қаласының кәсіпкерлерін қаржыландыру жалғасуда, жыл соңына дейін жалпы сомасы 500 млн. теңге болатын 50-ден астам несие беру жоспарланған.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер