11.12.2020, 11:07
Оқылды: 52

Несие – біреуге мүмкіндік, ал біреуге?

Қазіргі күнде несие алу күнделікті  азық-түлік алу секілді қажеттілікке айналды. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, біреулер жай ғана қымбат телефонды несиеге алуы мүмкін, енді біреулер мұқтаждықтан, қаражаты  жетпегендіктен ақшалай әлде заттай несие алуға мәжбүр.

8250B7C5-FEE8-47B9-B1CB-89FADBFECCDB

Әңгімелескен кейіпкерлерімнің бірі, қала тұрғыны Гүлсім Бисенбайқызы 2007 жылдан бері несие алып, қайта жауып өмір сүріп келеді екен. Ең алғаш «Альянс» банктен 90 мың теңге алған. Оған сол кезде тоңазытқыш пен теледидар сатып алыпты. Содан бері барлық банктен дерлік ақшалай, заттай несиелер алған. Он жыл бұрын көп көлемде несие алып, оған қала сыртынан жер телімін сатып алып, ол жерді кепілге қойып, үлкен үй салған. Араға төрт–бес жыл салып, қордаланған қарыздарын жауып, үйге қажетті жиһаздардың бәрін дерлік несиеге рәсімдеген. Осыдан екі жыл бұрын ол банктегі несиелерін қайта қаржыландырып, ұлына көлік сатып әперіпті. Осы жылдар ішінде ол несие тарихын бұзбау үшін, бар күш-жігерін салған.

– Несие – адамға берілген мүмкіндік. Өйткені жалақыммен үй де, көлік те, қажетті жиһаздарды да ала алмас едім. Ал аз жалақымен ақша жинау туралы әңгіме айтудың өзі қисынсыз. Сондықтан мен өз мүмкіндігімді сауатты әрі жауапкершілікпен пайдалануға ты-рыстым. Ең бастысы несиені ай сайын өз уақытында жабуды әдетке айналдырдым. Жалақымның бәрін несиеге салып, өзімізге аз-мұз ақша қалған кездер де болды. Бірақ мен балалаларыма «Азырақ шыдаңдар, бізде бәрі жақсы болады» деп жігер беруге тырыстым. Аллаға шүкір, қазір несиенің арқасында жағдайымды біраз түзеп алдым, – дейді Гүлсім.

Шынымен де несие алу – үлкен жауапкершілік. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар кездеседі. Ербол атты кейіпкеріміз алғаш несиеге ұялы телефон алған. Оны жауып үйіне тұрмыстық қажетті заттарға тағы несие рәсімдейді. Заттай алған несиесін бітіруге бір жылдай уақыт қалғанда оған банктердің бірінен қомақты қаражатты құрайтын несие рәсімдеуге ұсыныс түседі.  Сол кезде інісі үйленетін болып, ата-анасы тойға қаражат жеткізе алмай, қиналып жүреді. Жатахқанада тұратын Ербол бір бөлігіне жер телімін алып, енді бір бөлігін інісінің тойына қарызға беруге бел байлайды.  

– Сол несиеге алынған қаржыға Деркөлден жер алып, іргетасын құйдым. Інім несиенің бір жартысын төлеуді өз мойнына алды. Басында бәрі жақсы еді. Төрт жылға рәсімделген несиенің 7-8 айын інім төлеп тұрды. Кейіннен балалы болған соң, ақшалары жетпеді. Өздері пәтер жалдап тұратын. Мен Деркөлден алған жеріме екеуміз бірігіп үй салайық деп ұсыныс айттым. Бірақ бұл ұсынысым үйлеспеді. Уақыт өткен сайын жағдай ушыға түсті. Ай сайын 100 мың теңгеге жуық несиені төлеу мен үшін қиындай бастады. Әйелім баламен үйде отыр еді. Жұмыста жалақыны уақытымен бермей, әбден қиналдым. Інім мені мүлдем ұмытып кетті. Сөйтіп, жиналып қалған, төленбеген несиенің үстіне өсімі көбейе түсті. Алғашында несие тарихын бүлдірмейін деген оймен, жалақыға дейінгі қарыз беретін шағын кредиттік ұйымдардан ақша алдым. Оның өсімі мүлдем көп екен.

Сөйтіп қарыздың астында қалдым.  Қазір жалақымның 50 пайызын банктер ұстап қалады. Деркөлдегі жерімді сатайын десем, оны да сот орындаушылар кепілге қойып тастаған. Тұрақты жұмысымнан басқа, қосымша жүк тасушы, күзетші қызметтерін қоса атқарып жүрмін. Жақында жұбайым жұмысқа шықты.  Жайлап бұл қиындықтан да шығармыз деп, өзімізше әрекет етіп жатырмыз, – дейді Ербол.

Бүгінде несиесі жоқ адам некен-саяқ. Әрқайсысының әртүрлі тарихы бар. Бір несиені жабу үшін, екінші несие рәсімдеп жүргендер қаншама? Мамандардың айтуынша, шын мәнінде несиесін өтеу үшін өз қаражаты жоқ қарыз алушылар проблемалы санатқа жатады екен.

178455ED-5B2E-4491-BA85-63AD87C01EDE

Несиенің пайдасы мен зияны қандай?

Несие тұрақты жұмысы бар адамдар үшін тиімді. Өйткені қымбат әрі сапалы зат сатып алғысы келгенмен, қомақты қаражаты жоқ адамдар өз арманын бөліп төлеу арқылы іске асырады. Көбіне тұрмыстық техника, үй жиһазы, көлік несиеге алынады. Одан бөлек  емделуге, адвокат жалдауға,  кәсібін өркендетуге несие рәсімдегендер жетерлік. Сонымен қатар, туған күн мен той тойлау үшін де миллиондап несие  алатындарды көріп жүрміз. Өмір болған соң түрлі жағдайларға тап болғанда, мәселені шұғыл шешерде жедел қаржы таба қою оңай емес. Ал кредиттік тарихыңыз жақсы болып, бірнеше минуттардың ішінде ойыңыздағы қаржыны ала қойған, әрине, жақсы. Бұл жағынан алып қарасақ несие пайдалы. «Несие алу арқылы ақша үнемдеуді, өз қар-жымызды басқаруды үйрендік» дейтін адамдар да бар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Дегенмен, бірнеше жылға рәсімдеген несиені бәрі бірдей уақытымен өтей алмайды. Оған түрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мамандар бұл жағдайда ең бірінші кезекте тұтынушылардың жауапкершілігінің төмендігін алға тартады. Кей адамдар өз қаржысын бақылаусыз қалдырып, қара тізімге ілінеді.  Өйткені, несие жарнамасы өте қарапайым. Шағыннесиелік ұйымдар мен банктер несиені жарнамалағанда оның ерте ме, кеш пе қайтару қажеттігін айтпауы мүмкін. Сондықтан да тұтынушылар көбіне бір банктегі несиесін, екінші банктен несие алу арқылы жауып, жылдар бойы қарыз құрығынан шыға алмай жүреді екен. Уақытымен төлей алмаған жағдайда, несие зиян.

Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен біраз адамның несиесі кешірілді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Орал қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Ботакөз Ешмағанбеттің айтуын-ша,  2019 жылы еліміз бойынша жалпы мөлшері 115 млрд теңгеге 554 мың адамның кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша берешектері есептен шығарылған. 3 млн. теңгеге дейін берешегі бар, қарызы кешірілгендердің санатына көпбалалы, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектігі бар отбасылар; атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар кірген.

Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін...

Біз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  Орал қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы-ның бас маманы Ботакөз Ешмағанбеттен қаржы сауаттылығын арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде екенін сұрадық.

– Мемлекет басшысының  ақпан айында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР  Үкіметінің Қаржылық сауаттылықты арттырудың 20202024 жылдарға арналған тұжы-рымдамасы бекітілген. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  www.finreg.kz ресми интернет сайтында, www.fingramota.kz сайтында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша мемлекеттік және орыс тілінде 446 мақала жарияланған. Қазіргі күні finreg.kz сайтын қарау саны 1,27 млн.-нан астам, ал fingramota.kz  –  38,2 млн.-нан астам еліміздің тұрғындары қарап, қажетті мәлімет ала алады.  Қаржылық сауат-тылықты түсіндіру аясында әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, Telegram, Twitter, ВКонтакте, Одноклассники, YouTube) мемлекеттік және орыс тілдерінде 4 млн. астам қаралымы бар 760 пост/бейнероликтер орналастырылған.

ҚР бас прокуратурасымен бірлесіп https://t.me/finprava Telegram-арнасы іске қосылды. Онда 150-ден астам мақалалар жарияланды. Сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша мақалаларды жариялау жүргізіледі. Бірінші кезекте, агенттіктің мамандары дайындаған қаржылық пирамидалар мен қаржылық алаяқтықпен күрес бойынша мақалалар республикалық және жергілікті БАҚ-тарға  жариялануда. Осылайша, ағымдағы жылы аталған ынтымақтастық аясында агенттіктің 55-тен астам мақала жарық көрді.

ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Исекешовтың тапсырмасын орындау аясында халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру және қаржылық пирамидаларға қарсы күрес мәселелері бойынша кең ауқымды түсіндіру-алдын алу іс-шараларды жүргізу жөнінде медиажоспардың жобасы жасалды. Қазіргі таңда берілген медиажоспарды жүзеге асыру шеңберінде республикалық маңызы бар үш қалада қаржылық пирамидаларға қарсы күрес туралы ақпаратпен бил-бордтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында орналастырылатын болады. 2020 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша “Fingramota Online» қосымшасы  арқылы тұрғындардан 1 260 сауал түсті. Қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтарын қорғау аясында биылғы жылдың наурыз айынан бастап, агенттікте сенім телефоны іске қосылды. 2020 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша желі телефон желісі арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және өзге де сауалдармен 22,8 мыңнан астам қоңырау қабылданып өңделді, – дейді  Ботакөз  Ешмағанбет.

Психолог не дейді?

Психолог Ботакөз Тасеменова несие алатын адам-дардың ішінде несие алуға құмар  жандар (кредитомания)  болаты-нын айтады.

– Бұл да маскүнемдік немесе құмар ойындарға әсіре құмарлық сияқты психологиялық тәуелділікке жатады. Несиеге тәуелді адамдар негізінен ой-санасы жасөспірім шағында қалып қойғандар деуге болады, себебі олар  көптеген тілектерін бір мезгілде жүзеге асырғысы келеді. Несие алатындардың көпшілігі қарыз алуға мәжбүр болғандықтан алмайды. Сол затты иелену сәтінде ерекше сезімге бөленуді мақсат ететін жандар болады. Дәл сол сәтте өмірі ашық түстерге боялып, барлық мәселенің шешімі табылғандай болып көрінеді. Ондай адамдар табатын табысының көлемі сай келеді ме жоқ па, оны ойлап жатпайды. Қазіргі тұтынушылық индустрия тұлғаның инфантильді бөлігіне бағытталған. Ол белгілі бір дәрежеде әр адамда болады. Ересек екені есіне түсіп, дер кезінде тоқтай алатын адамдар болады. Ал санада инфантилизм басым  болған жағдайда несие алушылық белең алады. Алайда, несие алушылардың барлығын бірдей несиеге тәуелді деп айтуға болмайды. Олардың  едәуір бөлігі қарапайым қаржылық сауатылыққа ие емес. Сонымен қатар кірістер мен шы-ғыстарды қалай есептеу керектігін білмейді. Қарыз әрдайым күйзеліс тудырады. Көп несие төлейтін адамдар жүйке жүйесі ауруларына шалдығуы мүмкін. Өйткені олар «Уақытынан кешіктіріп алмасам екен, жалақым сол уақытта түссе екен», «Ауырып қалмасам» деген сықылды үрей құшағында жүреді. Дұрыс ұйықтай алмау,  үнемі ауыр ой құшағында жүру суицидтік әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Сондықтан бір сәттік импульстарға берілмей несие аларда бәрін таразыдан өткізіп, ойланып алған жөн, – дейді психолог.

Несие алу немесе алмау әр адамның өз еркі. Дегенмен несие – біреуге мүмкіндік, ал біреуге өмір бойғы ауыртпалық болуы әбден мүмкін. Сондықтан несие аларда мамандар пікіріне құлақ асқан жөн.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №98 санынан оқи аласыздар

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале