9.12.2025, 12:30
Оқылды: 25

Несие кезіндегі сақтандыру: не өзгерді және нені білу керек?

Қазақстанда соңғы жылдары банк өнімдерімен бірге ұсынылатын сақтандыру қызметтері қаржы нарығындағы ең талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Несие рәсімдеген кезде қосылатын полис, клиенттің келісімінсіз берілетін қызметтер және олардың құқығы төңірегінде қоғамда көптеген сұрақ туындап келеді. BAQ.KZ тілшісі осы саладағы басты өзгерістер мен талаптарды талдап көрді.

Y7Ld7fmR6wWJSD

Сурет: baq.kz

Неліктен банк сақтандыруы маңызды?

Қаржы мамандарының айтуынша, сақтандыру нарығы банктер арқылы айтарлықтай үлесін қалыптастырады. Яғни бір-бірімен тығыз байланыста болады. Қарапайым тілмен айтқанда, банк сақтандыру компаниясына клиент алып келеді.

- Азаматтардың көбі сақтандыру полисін ерікті түрде емес, несие рәсімдеу кезінде алады. Бұл – бір жағынан қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрал, бірақ екінші жағынан клиенттің құқықтық сауаты төмен болса, артық шығынға әкелуі мүмкін, - дейді қаржыгер Батырхан Демесінов.

Неден ұтылып жүрміз?

Ақша іздеп қысылғанда банкке қарай жүгіретініміз жасырын емес. "Ақша шықса болды" деп, көп жағдайда өз құқығымыздың тапталып жатқанына мән бере бермейміз. Сонымен, біз неден ұтылып жүрміз?

Атын атамауды өтінген банк қызметкерінің айтуынша, көптеген банктерде менеджерлерге сақтандыру полисін сату жоспары беріледі. Жоспар орындалмаса, бонус та, жалақының бір бөлігі де төленбейді.

- Клиентке сақтандырудың міндетті емес екенін ашық айтсаң, жоспарды орындау қиын. Сондықтан көп жағдайда міндеттеуге тура келеді. Тығырықтан жол іздеп келген адамдардың оған келіспеуге амалы қалмайды, - дейді банк менеджері.

Сондай-ақ ол несие рәсімдеуге келген азаматтардың әлі де қаржылай сауатсыз екендігін айтады.

- Көп жағдайда сақтандыру несиеге қосымша ретінде рәсімделеді. Полис бағасы негізгі қарыз сомасына қосылып, қарыз алушы артық үстемақы төлеуге мәжбүр болады. Тіпті аннуитеттік және дифференциалдық төлем жүйесінің бар екенін білмейтіндер де кездеседі, - дейді ол.

Жаңа талаптар: клиент құқығы күшейді

Соңғы жылдары Заңға енгізілген өзгерістер банктердің бұл әрекетіне тосқауыл болып отыр. Яғни банктердің сақтандыруды "міндетті" қызмет ретінде таңуына шектеу қойды. Енді банк несиені тек белгілі бір сақтандыру компаниясының полисімен ғана бере алмайды. Тұтынушы қалаған сақтандырушыны өзі таңдай алады. Бұл нарықтағы барлық банк жүйесінде тұрақты жұмыс жасап бастаған бағыт.

Осы салада қарапайым адамдарға сақтандыру полистерімен келісімшартты бұзысып, қаражатты қайтаруға көмек көрсететін мамандар бар. Қызметтерінің құны да сол қайтарылған сақтандыру полисі ақысының 10%-ына тең. Солардың бірі – Айдана Слам. Ол қосылған сақтандырудан 14 күн ішінде бас тартуға мүмкіндік барын көбісі білмейді дейді.

- Банк несие рәсімдегенде өз пайдасы үшін мұндай ақпараттарды айтпайды. Дегенмен заң жүзінде 14 күн ішінде сақтандырудан бас тартуға болады. Бұл мерзім ішінде клиент толық ақшасын қайта ала алады, - дейді ол.

Бірақ ескеретін бір жайт бар, ол банкпен жасалған келісімшартта полистің шарттары ашық әрі нақты көрсетілуі тиіс. Әсіресе төлемді қайтару жағдайлары, тәуекел түрлері, комиссиялар. Сонымен қоса, егер рәсімделген несиеңізді мерзімінен бұрын өтесеңіз де қалған сақтандыру ақшасын қайтарып алуға болады.

Бұл өзгерістер банк пен тұтынушы арасындағы қарым-қатынасты реттеуде маңызды рөлге ие. "Сақтандырудан бас тартқаны үшін несие тарихыңыз нашарлайды" деу орынсыз. Енгізілген өзгерістердің барлығы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Банк пен сақтандыру компаниялары үшін не өзгереді?

Жаңартылған талаптар қаржы ұйымдарына да жаңа міндет жүктейді. Банктер енді әрбір өнім бойынша клиентке толық ақпарат беруге, сақтандыруды несие шартына "жасырын" енгізбеуге міндетті. Ал сақтандыру компаниялары полистің мазмұнын қысқа әрі түсінікті етуге, онлайн рәсімдеу кезінде де ашықтық сақтауға тиіс.

Нені ескерген жөн?

Жаңа талаптарға қарамастан, кез келген келісімшартты рәсімдеу кезінде сақ болу қажет. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген маман былайша кеңес береді:

  • Алдымен қосымша сақтандырудың міндетті немесе міндетті емес екенін нақтылап алыңыз;
  • Полисті оқымай қол қоймаңыз. Әсіресе төлемнің қайтарылатын-қайтарылмайтын шарттарына назар аударыңыз;
  • Бағаларды салыстырыңыз. Әртүрлі сақтандыру компаниясы ұсынатын тарифтердің айырмашылығы болады;
  • 14 күн ішінде бас тарту құқығын пайдалану мүмкін екенін ұмытпаңыз.

Банк арқылы ұсынылатын сақтандыру тек банктің емес, клиенттің де мүддесін қорғауы тиіс. Соңғы өзгерістер осы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Қарапайым тұтынушы тек сауатты әрі сақ болса, артық шығыннан да, орынсыз талаптардан да қорғана алады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале