Су тазарту технологиясымен айналысатын нидерландтық компания Қазақстандағы осындай технологияларға 400 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Компания мен «Kazakh Invest» қазақстандық ұлттық компаниясының өкілдері Қазақстан-Нидерланд бизнес форумы аясында Қазақстанда кәріздік тазарту қондырғыларын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.
«Біз бұл форумға бір жыл дайындалдық. Бұл елдің әртүрлі аймақтарында болдым. Қазіргі уақытта Астанада кеңсеміз бар. Алдағы бірнеше жылда күтілетін инвестиция көлемі - 400 миллион еуро. Біз өзіміз салуды жоспарлап отырған су тазарту қондырғыларына қызмет көрсетеміз. Яғни, Қазақстан және оның үкіметімен ұзақмерзімді серіктестікке дайынбыз», - деді кездесуден кейін нидерландтық Clean Tech компаниясының бас директоры Пилкенруд Сандер.
Бұған дейін Нидерландтың тағы бір компаниясы Павлодар облысында автоматтандырылған сүт фермасын құру бойынша қазақстандық компаниямен ынтымақтасуға келіскен еді.
Фото: wozap.ru