11.10.2022, 18:00
Оқылды: 52

Нидерланд Қазақстанның ауыл шаруашылығына 400 млн еуродан астам инвестиция салмақ

Елордада өткен екіжақты форумға Нидерландтың жетекші компанияларының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

221011151826936e

«Қазақстан мен Нидерланд арасындағы қарым-қатынас өте белсенді. Аталған елдің Қазақстанға құятын инвестиция көлемі өте жоғары. Нидерланд инвестиция құю бойынша 1 орынға ие. Осы орайда отандық және нидерландтық компаниялардың арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жетілдіре түсу мақсатында бүгінгі форум ұйымдастырылып отыр», - деді Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиев.

Оның айтуынша, бүгінгі форум аясында екіжақты 4 құжатқа қол қойылады. Оның нәтижесінде тартылатын инвестицияның көлемі 400 млн еуродан асады.

«Біз форум алдында Нидерландыда қазақстандық компаниялар туралы айтып, ақпаратты алдын ала бердік. Қазақстанда шетел компаниялары үшін бизнес климат қалыптасқан. Оған дәлел нидерландтық компаниялар Қазақстанға осымен үшінші келіп отыр», - дейді ол.

Форумға ауыл шаруашылығы саласы компанияларының өкілдері қатысып жатыр. Оның ішінде құс, мал шаруашылығы, сүт өнімдерін өндіру, ветеринария, жылыжай тағы басқа салалар бар.

«Бизнес форумның Қазақстанда өтіп жатқанына қуаныштымыз. Әрине, бұл бірінші және соңғы форум емес деп ойлаймын. Нидерландтың аумағы кішкентай болғанымен бізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Біздің ел ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан әлем бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында. Нидерландта ауыл шаруашылығы саласын дамыту басты назарда. Яғни ғылыми зерттеулер жүргізіп, заманауи технология енгізу арқылы өнім сапасы мен көлемін арттыруға айрықша мән беріледі. Бұл бағытта біз сала бойынша халықаралық ұйым, компаниялармен бірлесіп жұмыс істеудеміз», - деді Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс.

Фото:gov.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале