Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) әлемнің экс-чемпионы ұлыбританиялық кіші Крис Юбенкпен (32-2, 23 КО) жекпе-жек өткізуі мүмкін, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл туралы ұлыбританиялық спортшы Thaboxingvoice YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
"Головкин менімен жекпе-жек өткізуіне тура келеді деп ойлаймын. Бұл кездесуді жылдар бойы күтіп келемін. Қазір орайы келіп тұрған секілді. Әрдайым үлкен жекпе-жектер өткізуге тырысамын. Оның екі белбеуі бар. Сондықтан кездесу ұйымдастыруымыз керек", - деді ол.
Журналистің "Головкинді нокаутқа түсіре аласың ба?" деген сұрағына ұлыбританиялық боксшы сенімді жауап берді.
"Әлбетте. Қазір менің уақытым келді. Нағыз бабымдамын. Өзіме ыңғайлы орта салмаққа оралдым. Сондықтан өзіме сенімдімін", - деді кіші Юбенк.
Еске салайық, бұған дейін кіші Крис Юбенк Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізу үшін келіссөз жүргізген, бірақ екі тарап келісімшарт жасаса алмаған еді.