Жастардың бойында жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, олардың қоғам дертімен күресте белсенділігін арттыру мақсатында өткен пікірсайысты "Сыбайлас жемқорлық жоқ ел - өркендеуші ел" партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық филиалы ұйымдастырды.
Экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің студенттерінен құралған "Болашақ" және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті студенттерінің "Рух" топтары тақырыпқа қатысты ой-толғамдарын ортаға салды.
Сайысқа сарапшылық еткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, облыстық мәслихат депутаты Салтанат Тұманбаева, "Жас Отан" жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев, "Батыс Энергоресурсы" бастауыш партия ұйымының төрайымы Светлана Мукиева өз сөздерінде бұл бағыттағы шет елдердің озық тәжірибелері мен әр азаматтың жеке жауапкершілігі жайында әңгімеледі. Олар "Рухты" жеңімпаз деп таныды. Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Мұхтар Давлетжанов қорытынды сөз сөйледі. Жемқорлықпен күрес көптің ісі, қоғам болып жұмылатын жұмыс екенін айтқан ол қатысушы жастарға алғыс білдіріп, арнайы диплом табыстады.
Біржан Кухаев
«Нұр Отан» партиясы
Орал қалалық филиалы