– Нұрғиса Мәлікұлы, халықаралық орталық Alem.ai – Қазақстанның цифрлық трансформациясының символы. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының қандай қызметтер атқаратынын білгіміз келеді. Толығырақ айтып өтсеңіз?..

– Alem.ai – жасанды интеллект саласы бойынша Қазақстанның күретамыр бағыттарының бірі. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы – оқушылар, студенттер, кәсіпкерлер мен ғалымдар білім алып, зерттеулер жүргізіп, стартаптар құрып, озық технологияларды бірлесіп дамыта алатын алаң. Жобаның басты мақсаты – әлемдегі үздік тәжірибелерді әрбір жасанды интеллект саласына қызығушылық танытқан адамға қолжетімді ету.
Alem.ai – Қазақстанның цифрлық трансформациясының стратегиялық мақсатына негізделген жоба. Орталық бірден бірнеше маңызды міндетті жүзеге асырмақ. Біріншіден, жыл сайын жасанды интеллект саласы бойынша 1 000 маман даярлау жоспарланған. Бұл – қарқынды дамып жатқан саладағы кадр тапшылығын жою үшін аса маңызды қадам. Екіншіден, жасанды интеллект бағытында 100 жаңа стартапты іске қосу көзделіп отыр. Бұл инновациялық компанияларды дамытуға зор мүмкіндік. Үшіншіден, 10 ғылыми-зерттеу жобасын қолдау арқылы ЖИ саласында маңызды ғылыми жұмыстар жүргізілмек. Республика бойынша 2030 жылға дейін орталыққа түрлі салалардан, IT мамандарынан бастап бизнес өкілдеріне дейін 10 000 адамды тарту жоспарланды.
– Ғаламтор беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан әлемдегі онлайн қызметтер индексі бойынша 10 көшбасшы елдің қатарына кіреді. Мемлекеттік қызметтерді ұсынуда қандай технологиялар, бағдарламалар қолданылады?
– БҰҰ-ның бағалауы бойынша Қазақстанның цифрландыру саласында ілгерілеушілік бар. Қазіргі таңда Қазақстан 193 елдің арасында 24-орында тұр. Оған қоса онлайн қызметтер индексі бойынша жетекші 10 елдің қатарына кіреді. Бүгінде қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы eGov порталы арқылы электронды қызметтерге қол жеткізе алады. Мемлекеттік қызметтердің 90,8 пайызы смартфон арқылы қолжетімді.
Мемлекеттік қызметтерді аутоматтандыру үшін заманауи ақпараттық технологиялар мен бағдарламалар, соның ішінде электронды үкіметтің веб-порталы, мобильді қосымшалар мен деректер базалары (www.egov.kz, enbek.kz, elicense.kz және т.б.) пайдаланылады.
Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтерді тез және қолжетімді етуге, сондай-ақ бюрократияны азайтуға ықпал етеді. Қызметтерді алу үшін азаматтарға мемлекеттік құрылымдардың веб-порталдарына кіру немесе мобильді қосымшаларды пайдалану жеткілікті. Технологиялық шешімдер мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда кез келген сала жаппай цифрландырылуда. Жалпы осы цифрландырудың маңызы неде, пайдасы қандай?
– Цифрландыру сөзінің мағынасы біз ойлағаннан әлдеқайда ауқымдырақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының алғашқы даму кезеңі барлық құжаттарды электронды базаға ауыстыру болған еді. Әрине, бұл бюрократиялық қағазбастылықтан арылып, тынысты кең алатын жағдайға жеткізді. Мәселен, әлемге дүрбелең салған COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы еліміздің көптеген саласына зиянын тигізді. Әсіресе, онлайн жүйеге ауысқанда, халықтың қозғалысына шектеу қойылғанда цифрландырудың өте керек, әрі қоғамның ажырамас бөлігі екенін түсіндік.
Цифрландыру білім беру, халыққа қызмет көрсету салаларына, сондай-ақ медицина, тамақтандыру сияқты негізгі, үзіліссіз жұмыс істейтін салаларға көптеген жеңілдіктер алып келді. Ақпарат жаппай қолжетімді бола бастады. Онлайн оқу арқылы білім алушылар уақытын үнемдеді. Сонымен қатар egov.kz жүйесінің іске қосылуы көптеген саладағы жұмысты жеңілдетті. Ең бастысы – алтыннан қымбат уақыт үнемделді. Бюрократиялық жүйеден арылдық. Бұрын жеке кәсібін тіркегісі келгендер құжаттарын кемінде бір ай бойы реттейтін. Қазір бір сағаттың ішінде тіркей алады. Бұрын анықтама алу үшін әртүрлі мекеменің табалдырығын тоздырып, оған жарнасын төлеп, кезекте тұратын еді. Қазір ел-жұрт әлгіндей қызметке онлайн сипатта тегін, жылдам, үйден ешқайда шықпай-ақ қол жеткізе алады.
Цифрландыру – қағазбастылықтан электронды нұсқаға көшу ғана емес. Бұл цифрландырудың елеусіз бөлігі ғана. Қазақстанның цифрлық технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудегі мақсаты – экономикалық даму қарқынын жеделдету, соның нәтижесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, сондай-ақ елдің экономикасын ең аз шығынмен дамудың мүлде жаңа деңгейіне өтуін қамтамасыз ету.
– Жұмыстың жүйелі жүргізілуі кадрлардың білім-білігіне, кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Осы бағытта жоғары білікті мамандар даярлау бойынша қандай бастамалар қолға алынуда?
– Цифрлық сауаттылық қазіргі заманғы еңбек нарығында табысты жұмыс үшін маңызды дағды болып табылады. Әртүрлі тапсырмаларды сапалы орындау үшін цифрлық технологияларды тиімді пайдалану қажет. Мамандар компьютерлік және бағдарламалық қамтамасыз етудің негізгі дағдыларын меңгеріп, жаңа технологиялық өзгерістерге бейімделе білуі тиіс.
Цифрлық технологиялар дамыған сайын сала бойынша білімі өз алдына, мамандарға деректермен жұмыс істеу принциптерін, бұлтты технологияларды, үдерістерді (процестерді) аутоматтандыру құралдарын және киберқауіпсіздікті түсіну міндеттелуде. Кәсіби кадр даярлауда колледждер мен университеттердің рөлі зор. Студенттердің оқу орнында болашақ қызметінде қажет болатын заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруі маңызды. Бұл оларға өзгермелі еңбек нарығының талаптарына сәтті де уақтылы бейімделуге және өз жұмысында технологияны сенімді пайдалануға көмектеседі. Сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub IT стартаптар халықаралық технопаркі іске қосқан «Tech Orda» ІТ мамандықтарын игеруді қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Tech Orda» бағдарламасының арқасында қазақстандықтардың жеке бағдарламалау мектептерінде сапалы тегін IT білім алуға мүмкіндігі бар. Елімізге креативті, ынталы мамандар қажет. Өңірімізде осы бағдарлама аясында БҚО IT қауымдастығы инновациялық экожүйені дамыту мақсатында бағдарламалау мектебін ашты. 2024 жылы бағдарламалау мектебіне 26 ваучер бөлініп, web-бағдарламашылар оқытылуда. Курс аясында білім алушылар html беттеу, web-дизайн және web-бағдарламалау дағдыларын игеретін болады.
– Нұрғиса Мәлікұлы, сіздер аталған шаруалардың сәтті жүзеге асырылуына ұйытқы болудасыздар. Бүгінде облыстық цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өңірімізде мүдделі ұйымдармен бірге цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тәулік бойы «ikomek109» бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Осы жоба коммуналдық кәсіпорындардан ақпарат пен қызметтер алу кезінде тұрғындарға қолайлылық туғызып, олардың өтініштерін өңдеу уақытын қысқартуға септігін тигізеді.
Көлік саласында қоғамдық көлікті диспетчерлеу жүйесі пайдаланылуда. Қаладағы қоғамдық көліктерде электронды жолақы төлеу жүйесі қолданылуда. «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығын орындау мақсатымен облыстың стратегиялық жоспарлау үдерісін цифрландыратын «Орал 365» ақпараттық жүйесі енгізілді.
Орман өрттерін уақтылы анықтау және тез сөндіру үшін Ақжайық, Бөрлі, Тайпақ, Орал, Чапаев, Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ аумағын қамтитын 10 бейнекамера (жасанды интеллект функциясымен) орнатылды. Бұған қоса өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізу үшін құрылыс алаңдарында 8 елді мекенде және Орал қаласының 3 шағынауданында 22 бейнекамера орнатылып, www.gov.kz интернет-ресурсына шығарылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ауыз суды тұтынуды есепке алу және су беру қызметтерінің құнын субсидиялауды аутоматтандыруға арналған «E-sep.su» жобасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламалық кешен субсидиялау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету қағидаларын сақтауға мүмкіндік береді. 2024 жылы осы бағдарламалық кешенді пайдалану арқылы 125 млн теңге көлемінде қаражат үнемделді. Нәтижесінде ауыз суды тұтыну 20%-ға қысқарды. Субсидиялауға жиынтық тізілімдерді беру цифрландырылды.
Бейнебақылау жүйесін кеңейту аясында былтыр Орал қаласында 100 бейнекамера орнатылды. Бұл құқық қорғау құрылымдарының визуалды бақылауымен қамтылған қоғамдық орындардың ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Облыста 405 ауылдық елді мекен бар. Олардың 355-інде ғаламтор қолжетімді. 376-сында ұялы байланыс бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында аутожолдарда 7 антеннадіңгек құрылысын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Казталов ауданына қарасты 2 антеннаның және Сырым, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарына қарасты 60 метрлік антеннаның сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінімге құжаттар ұсынылды. Ал Қаратөбе және Теректі аудандарына қарасты 2 антеннаның жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар Кселл байланыс операторы Орал қаласына 5G стандарты бойынша 44 базалық станция орнатты.
Сұхбаттасқан
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»