5.03.2026, 12:00
Оқылды: 30

Нұргүл Ашықова: «Мені қиындықтар шыңдады»

Қала өмірінің қарбалас тыныс-тіршілігінде кей адамдар тек өз кәсібін ғана емес, өзгенің тағдырын да жауапкершілікпен арқалап жүреді.  Сондай жандардың бірі – Нұргүл Әжібайқызы Ашықова. Орал қалалық мәслихатының депутаты, табысты кәсіпкер, қайырымдылық жобаларының бастамашысы ретінде ол қоғамның түрлі саласында белсенді еңбек етіп келеді.  Біз кейіпкерімізбен елге қызмет етудің мәні, әйел көшбасшылығы және  жауапкершілік туралы сұхбаттастық.

WhatsApp Image 2026-03-05 at 12.33.37

– Нұргүл ханым, алдымен өзіңіздің балалық шағыңыз бен өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз... Ол сіздің бүгінгідей тұлға болып қалыптасуыңызға қалай әсер  етті?

– Мен 1972 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылының Сәуле бөлімшесінде өмірге келдім. Балалық шағым Саралжын ауылында өтті. Қарапайым көпбалалы отбасында өстім. Біздің шаңырақта он бала тәрбиеленді. Ол уақытта «біреу бай, біреу кедей» деген түсінік біз үшін аса маңызды болмады. Ауылдың тіршілігі, қуанышы мен қиындығы ортақ еді. Бақытты балалық шақ болды деп сеніммен айта аламын. Әкем мен анам бізді еңбекке, тәртіпке баулыды. Ал әжемнің «Айналайын!» деп еркелеткені әлі күнге  дейін  жүрегімде.

Мектеп қабырғасында өте белсенді болдым. Пионер, кейін комсомол ұйымының көшбасшысы болып сайландым. Мектепішілік шараларды ұйымдастырып, жауапкерші-лік алып үйрендім. Пәндік олимпиадаларға, спорт жарыстарына қатыстым. Сол кездің өзінде көпшілік алдында сөйлеу, ұйымдастыру қабілеті қалыптасты. Қоғамдық жұмысқа араласу маған таңсық емес еді. Бүгінгі белсенділігімнің іргетасы сол ауыл мектебінде қаланды деп  ойлаймын.

– Кәсіпкерлікке келу жолыңыз қалай басталды? Алғашқы қадамдарыңыз есіңізде ме?

– Бұл жолға түсуіме әкем себепкер болды. Ол кісі совхозда директордың орынбасары болып қызмет атқарды. Совхоз қоймаларында азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары сақталатын. Бесінші сыныптан бастап інім екеумізді сол қоймаға ертіп апарып, сауда-саттықтың  қыр-сырын  үйретті.

Әкем әр баласының қабілетін байқап, бағыт-бағдар беретін өте көреген адам еді. Мен есеп-қисапқа икемді болдым. Сол себепті кооперативтік техникумға түсіп, бухгалтерлік есеп мамандығын тәмамдадым. Алғашында азық-түлік дүкенінде қызмет  істедім.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін ауыр кезең болды ғой. Көптеген кәсіпорын тоқтап, халық айлап жалақысыз қалды. Отбасын асырау керек, бала-шаға бар. Сол кезде дүкеннен кетіп, жеке саудаға бет бұрдым. Әуелі орталық базарда термоспен шай саттым. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да базарда жүрдік.

Базар – үлкен өмір мектебі. Ол жерде адамды да, нарықты да танисың. Қандай тауар өтеді, халық не іздейді – бәрін бақыладым. Картоптың сұранысы жоғары екенін байқап, көкөніс саудасына кірістім. Басында өте қиын болды. Қазіргідей мемлекеттік қолдау деген жоқ.

Қаржы айналымы шектеулі.

Тауар бұзылып кететін, кейде қарызға батып қалатын кездер де болды. Бірақ табандылық таныттым. Сол қиын сәттер мені шыңдап, төзімділікке үйретті.

– Депутаттыққа қандай ниет-идея жетеледі? Әлеуметтік желілерден көріп қаламыз, қайырымдылықпен белсенді айналысады екенсіз...

– Мәслихат депутаты болу – қоғамдық жұмыс қой. Етек-жеңімді жинап, кәсібім өркендей бастаған уақытта «Қоғамға менің қандай пайдам тиеді?» деген ой мазалай бастады. «Өле жегенше, бөле же» деген де бар. Сөйтіп, жалғызбасты, көпбалалы аналарға, мүгедектерге, қарияларға көмек көрсетіп жүрдім. Одан кейін ел ішінде «Базарда жүргендердің қолынан не келеді?» деген көзқарас бар. Осы таптаурынды бұзғым келді. Базардағы адамдардың арасында да білімді, оқыған, елге пайдасы тиетін азаматтар көп. Саудаға көпшілігі тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде амалсыз келген. Олардың ішінде мұғалімдер де, небір профессорлар да бар. Мұндағы саудагер де, арба сүйреп жүрген арбакеш те саясатқа араласа алатынын, саясатта «мен» деп жүрген жандармен иық теңестіре жұмыс істей алатынын дәлелдегім келді. Сондықтан мәслихатқа бару саналы шешім деуге болады. Қоғамдық мәселелерді іштен көріп, нақты ұсыныс айтып, шешім қабылдау үдерісіне қатысқым келді. Депутаттық қызмет – үлкен жауапкершілік. Бұл жерде жеке мүдде емес, халықтың мүддесі бірінші тұрады.

– Нұргүл ханым, кәсіпкер, депутат, ана және жар міндет-миссиясын қалай үйлестіресіз?

– Бұл – тәртіп пен еңбек. Анам «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп жиі айтатын. Ұқыптылық пен уақытты бағалау бала кезден қалыптасты. Қазір таңғы сағат төртте тұрамын. Таңғы уақыт – ең өнімді сәт. Күнді жоспарлап аламын. Үйдің тірлігі, жұмыс, қоғамдық қабылдаулар – бәрі жүйемен жүреді. Әр минутты бос өткізбеуге   тырысамын.

Әйел адам үшін отбасы – бірінші орында. Бірақ өз ісіңді де қатар алып жүруге болады. Ең бастысы – ниет пен жауапкершілік.

– Сіз үшін табыстың өлшемі не?

– Жалпы, кәсіпкер үшін материалдық тұрақтылық маңызды. Себебі, сенің табысың – жұмысшыларыңның да нәпақасы. Олардың еңбегін бағалап, әділ жалақы беру – міндет.

Бірақ адамдардың алғысы – бөлек дүние. Бір отбасының жағдайы жақсарып, бір ана батасын берсе, соның өзі үлкен бақыт. Материалдық жетістік – құрал. Ал адамның алғысы – рухани қанағат.

– Өміріңізге бұрылыс жасаған, сізді шыңдаған кезең болды ма? Сол сәттен қандай сабақ  алдыңыз?

– Әрине, талай қиындық болды. Көкөніс тез өтетін тауар ғой. Жаз кезінде ыстыққа шыдамай бұзылып кеткен күндері болды. Қыс кездері алып келе жатырған жүк көліктерінде үсіп кетіп, қырғын тауарды лақтырған кездер де болды. Сол қиындықтың бәрі мені шыңдады. Одан бөлек, адамдардың талай сатқындығы, көре алмаушылығы болды. Жақсылығымды көре тұра, сыртымнан күйе жаққандар да ұшырасты. Солардың әділетсіздігі үшін, жақсылығымды жұртқа жаман қылып көрсеткені үшін күйініп жылаған күндер де өтті. Сондай сәттерде күйзелесің. Бірақ уақыт өте келе түсінесің, қиындық – адамды шыңдайтын  ұстаз.

Қазір қоғамдық қызметте де сын көп. Әр қадамың назарда. Соған қарамастан, адал еңбекпен тура жолдан таймау керек.

– Табысты болу үшін адамға қандай қасиет керек деп  ойлайсыз?

– Темірдей мінез, еңбекқорлық, табандылық. Мақсат қойсаң, соған жетпей тоқтамау керек.

Қазір кей жастар жеңіл жол іздейді. Бірақ адал еңбек етпей, табысқа жету мүмкін емес. Әке-шешеміз «Ешкімнің ала жібін аттама» деп тәрбиеледі. Менің өмірлік ұстанымым – Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі. Осы ұстанымнан айнымай келемін.

– Жас қыз-келіншектерге айтар кеңесіңіз?

– Телефондағы әдемі өмірге еліктеп, оңай табыс күтпеу керек. Кәсіп – маңдай тер. Бір құлап, бір тұрып үйренесің. Қорықпаған жөн. Іске кірісу қажет. Әркім өз еңбегімен ғана өседі. Ешкім дайын табысты қолыңа ұстатып бермейді.

Ең бастысы – сенім мен табандылық. Егер адам өзіне сенсе, адал еңбек етсе, нәтижеге жетеді.

Сұхбаттасқан Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале