18.03.2022, 9:10
Оқылды: 31

Нұрлан Әбдіров: ОСК мүшелері ешқандай партияда болмауы тиіс

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елорда тұрғындарымен кездесті және сайлау процесінің мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220317154846a3912605d

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Президенттің сайлау жүйесін жетілдіру туралы Жолдауына да пікір білдірді.

«Кеше Президент айтқан мажоритарлық жүйе көп нәрсені өзгертеді. Әрбір өңірде мажоритарлық жүйе қайтадан қалыптасуы керек. Қазір Мәжілісте пропорционалдық пен мажоритарлық жүйелердің қосындысы пайдаланылса, мәслихаттарда толық мажоритарлық болады. Көп ұзамай тиісті өзгерістер Конституцияға да, басқа заңдарға да дайындалып енгізіледі», - деді Н.Әбдіров Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен кездесуде.

Сонымен бірге Н.Әбдіров мәслихаттардың қызметі мен оларды қаржыландыру мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті.

«Мәслихат төрағасы деген жаңа лауазым енгізіліп отыр. Бұл бастама да бір кездері көтерілген болатын. Алайда ол кезде мәселе толық шешілмеді», - деді ол.

Сонымен қатар, Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының орталық сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережені заңнамаға енгізу тапсырмасын атап өтті.

«Орталық сайлау комиссиясының мүшелері – жеті адамбыз, оның үшеуі Президент Жарлығымен тағайындалады, екеуін Мәжіліс, екеуін – Сенат тағайындайды. Осы жетеудің бәрі де партиядан тыс болу керек деп кеше Президентіміз айтып кетті», - деді Нұрлан Әбдіров.

«Мысалы өзім 25 қаңтарда Президент тағайындағаннан кейін ертеңіне арыз жазып, "Nur Otan" партиясынан шыққан болатынмын. Маған бұл шешім оңай болған жоқ. Өйткені заңда ондай норма жоқ – қай партияда болсаң да орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып жүре бересің. Бірақ мен осы қызметке келгеннен кейін партияда болмауым керек деп жеке өзім шешім қабылдадым. Президенттің қабылдауында болғанда осы шешімімді айттым, дұрыс деді», - деді ОСК төрағасы.

Айта кетейік, Нұрлан Әбдіров Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Ақмола облыстарына жұмыс сапарымен барды және өңір тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізген.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале