27.06.2024, 16:45
Оқылды: 330

Нұрлыбек Рахманов: «Заманауи журналистке басты талап – медиа нарықтың трансформациясына икемделу»

Бүгінде еліміздегі цифрлық жетістіктер әр салаға серпіліс әкеліп, сапа мен қызмет көрсету қарқынын жоғарылатқаны анық. Дәуір көшінен БАҚ саласы да тысқары қалған жоқ. Цифровизацияның ықпалымен ақпарат ағыны артып, оны жариялау жиілігі жылдамдады. Сандық медианың дамығанын газет-журналдардың электронды нұсқасы мен әлеуметтік желі жаңалықтарына көпшіліктің құлағы түрік, сауаты жетігінен байқауға болады. Цифрлық табыстың өсуінің мерзімді басылымдар кірісіне әсері, дәстүрлі және жаңа медиа сабақтастығы әрі уақыт талабына сай бұл шығармашылық саладағы өзге де тың өзгерістер жайында мерекелік сұхбат барысында журналист, медиатренер, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов тарқатты. Ендеше, оқып, ой түйіп, сараптап-саралай отырыңыз.

53BE8FDF-93D1-4173-BD37-6D214CC6C974

– Нұрлыбек Нұрланұлы, қазір сайтқа, әлеуметтік желіге жарияланған материалдың маңызын қаралым, оқылым, лүпіл және пікірмен бағамдаймыз. Ал халықтың назарына бірінші ілігетіні әрі сананың қабылдауына жеңілі қысқа да нұсқа ақпараттар. Рейтинг қуалап кетіп, сапаға салғырттық танытып жүрген жоқпыз ба?

– Бұл – дәл қазір өте өзекті. Рейтингтің тұтас журналистикаға кері әсері де бар. Сайттар қаралым көрсеткішімен жарысады. Әрине, сау бәсекелестік жақсы, өзіңді қамшылауға әкеледі. Ал рейтингтің шынайылығына мерзімді баспасөз де, телевидение саласы да күмәнмен қарайды. Кейде біз бір қолымызбен тал егіп, екінші қолымызбен оны отап жүрген адамдарға ұқсаймыз. Себебі, рейтинг үшін күресте кейбір БАҚ-тың кликбейт тақырып арқылы оқырманды сайтына алдап апарып, хайп қуалап кететінін байқаймыз. Яғни пайдалы контентті жарамсыз материалмен бүркеп тастаймыз. Бұл түптеп келгенде қоғамдық санаға әсер етеді. Содан кейін «қоғам көлемді сараптаманы оқымайды, жеңіл-желпі өсек сияқты ақпаратқа әуес» дей бастайды. Сапалы, күрделі мақала не сюжетті іздейтін тұтынушы көп болмас, бірақ бар. Ең құрығанда сол адамдардың қажеттілігін өтей алмасақ, олар сараптама-зерттеу дүниелерді өзге тілде, көрші елдердің ақпарат құралынан іздеуге мәжбүр болады. Ал ол ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне әкеледі.

– Әрине, цифрлы журналистика туралы айтқанда «Жайық Пресс» медиахолдингінің қала мен он екі ауданның жаңалықтарын жедел түрде жұртшылық назарына ұсынып отырған ақпарат агенттігі қызметіне тоқталмай болмас. Бұл бағытта қандай жаңашыл жоспар-жобалар жүзеге асуда?

– «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің zhaikpress.kz сайты таңнан түнгі 12-ге дейін үздіксіз ақпарат таратады. Күніне 100-120 ақпарат жарияланады. Сайтта әлемнің, еліміздің, облыс орталығының жаңалықтарымен қатар өзіміздің 12 ауданның бөлімі бар – ауыл-аймақ жайлы ақпараттар күн сайын жаңарып отырады. Биыл сайттың дизайны толықтай жаңаланды. «Сараптама» бөлімі ашылды. Сараптама мен шолуларға көңіл бөлінуде. Соңғы кезде видео форматқа көп көңіл бөле бастадық. Ақпарат агенттігінің мобилографтары оқырманға түрлі іс-шарадан шұғыл видеолар, қала тіршілігінен бейнежазбалар ұсынады. Танымдық видеолармен қатар халық арасынан сауалнамалар жариялануда. Интернет-редакция құрамында қазір ешбір өзекті мәселені назардан тыс қалдырмайтын арнайы тілші мен бейнеоператор өнімді еңбек етуде. Сайттың оқырманы айына орта есеппен 300 мыңдай болса, барлық әлеуметтік желіні қосқандағы айлық қаралым 2 миллионға жетіп жүр. Қарқынды дами бастаған TikTok желісін, YouTube-тің Shorts форматын белсенді пайдалана бастадық. «Жайық Пресс» SMM-шілері кез келген жаңа форматты қалт жібермейді десек те болады.

– Тамаша, іске сәт! Енді бүгінде жазылым науқаны қызу жүріп жатыр. Осы орайда, журналист әрі медиатренер ретінде онлайн журналистика мен мерзімді үнжарияның аражігі мен әрқайсының өзіндік мән-маңызын жіктеп берсеңіз...

– Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы қарсы қоятындар бар. Бұл дұрыс емес. Олар бір саланың ішіндегі бір-бірін толықтыратын формалар. Мысалы газеттердің сайты бар, радионың мобильді қосымшасы болса, телеарналар онлайн-телеканалға, интернет-телевизияға айналып барады.

Технология қалай өзгерсе де дәстүрлі медианың – газет, телеарна мен радионың өз оқырманы, көрермені мен тыңдарманы болады. Тек дәстүрлі медиа «бізде ереже бұрыннан осылай» деп жұмысына уақыт ағымына сай жаңа өзгеріс енгізбесе, заманына ілесе алмай оқырманын жоғалтып алады.

Газеттің pdf нұсқасына онлайн жазылым жасап көрдік, сұраныс аз болғасын тоқтаттық. Байырғы оқырманнан «Газетті қолыңмен ұстап, бояуының иісін сезініп отырып оқығанға ештеңе жетпейді» деген пікірді естідім. Бұл да кітап оқудың ләззаты сияқты. Жалпы оқу мәдениеті сақталса, газеттің де, кітаптың да өз тұтынушысы болады. Ал өзі газет пен кітапты мүлдем оқымайтын адам «қазір газет пен кітапты ешкім оқымайды» деп ойлайды.

Жеке пікірім – газет неше күннен кейін қолыңа тисе де ішінде сол уақыт аралығында мәнін жоймайтын ақпарат, танымдық дүниелер болуы тиіс. Тігінді жасап жинап жүріп оқитындай құнды материал мол болса, оқырманы тіпті көбейер.

– Ал ақпаратты жинаудың, өңдеудің және берудің цифрлық мобильді технологияларымен жұмыс істеу дағдысы туралы не айтасыз?

– Қазір ақпаратты алу, өңдеу мен тарату сандық жүйе арқасында жеңілдеді. Сандық жеке қолтаңба (ЭЦП) арқылы кез келген мекеме-ұйымнан ақпарат алып отырмыз. Күні кеше қабылдаған «Масс-медиа туралы» заң тілшінің сұрауына жауап беруді 7 күннен 5 күнге қысқартты. Ал 35-бапқа сәйкес ресми хабарламаларға 2 күн ішінде жауап беруге міндетті.

Ақпарат өңдеуге келсек, қазір бірнеше сағаттық аудио-видеоны бұрынғыдай тыңдап отырып әріпке термейміз. Әп-сәтте мәтінге айналдырып беретін конвертерлер пайда болды. Сауал, сценарий, пост, мәтін, тіпті фотоколлаж құрап беретін жасанды интеллекттің түрі көбейді. Диктофон, фотоаппарат, ноутбук, қойын дәптер, құжатың мен қаражатың салынған әмиян сияқты бір дорба асай-мүсейіңнің орнын бір ғана смартфон басты. Қазір тілшілердің қолында әуеден түсіретін дрон, стедикам сияқты құралдар жүр. Тілшіге озық технологияны игеріп, соны жұмысының сапасын арттыруға пайдалану ғана қалды.

– Қазіргі таңда заманауи журналистке қойылар талап қандай?

– Қазір үлкен қалалардағы ақпарат құралдары өзі фото-видеоға түсіріп, оны өзі өңдеп, өзі мәтінін жазып, сайт пен әлеуметтік желіге жариялай алатын, тіпті бірнеше тілге аудара алатын әмбебап маманды іздей бастады. Есесіне ондай маманның жалақысы да бірнеше есе көп болады. Ал оның бәріне бөлек-бөлек маман жалдау шағын редакцияларға ауыр, бюджет бәріне бөлінгенде жалақы да азаяды. Аз жалақыға сапалы кадр таба алмайтының да ақиқат. Бұл әлемдік журналистика бетпе-бет келіп отырған мәселе. Мәселен, өзім «Хабар 24» арнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлының жұмысына тәнтімін. Ол өзі стендап жасап, өзі камераға түсіріп, өзі өңдейді. Қызы екеуінің «Балапан» арнасына дайындайтын «Мисс Кәусар» атты жобасы да өте сапалы. Оған қоса Ғалымжан әріптесіміз «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне мақала жазады. Енді осындай бірнеше бағытты қамтитын конвергентті журналистика дами береді. Мәтін, визуал, аудиовизуал, графика, анимация және басқа элементтерді игеру заман талабына айналады. Себебі бәсекелестікке төтеп беру оңай емес. Заманауи журналистке қойылар басты талап – медиа нарықтың трансформациясына икемделу.

– Сұхбатыңызға рахмет! Кәсіби мереке аясында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса, мархабат!

– Әріптестерімді әркез медиаэтиканы сақтауға, объективтілік пен оперативтілікке шақырамын. Журналистер адамдық принципін бәрінен биік қойса, таратқан сөзі мен бейнесі біреулердің өміріне әсер ететінін ұмытпаса екен деймін. Барша әріптесімді кәсіби мерекемен құттықтаймын!

– Сізді де мерекеңізбен құттықтаймын! Бүгін мен болашақты байланыстырар айқындылық, ақиқат пен сапаға негізделген креативті жобалар мен құнды материалдарымыз көп болғай!

Сұхбаттасқан Гүлім Орда

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале