Астанада өтіп жатқан грек-рим күресінен ересектер арасында Азия чемпионатында қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс жүлдегер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: prosports.kz
Ол финалда ирандық Насер Гасем Əлизадеге есе жіберді.
Қазақстандық балуан бұған дейін жартылай финалда қырғызстандық Атабек Азисбековті жеңсе, ширек финалда өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтен басым түсті.
Сондай-ақ, бүгін енді Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлде үшін белдеседі.
Қазірге дейін ел құрамасынан Аманғали Бекболатов (55 келі) пен Мұхамедалі Мамырбек (63 келі) қола жүлде алды.
Грек-рим күресінен 10 сәуірде қалған салмақтарда жүлделер сарапқа салынады.
Ал 11-12 сәуір әйелдер күресінен сайыстар өткізіледі.
Сәуірдің 13 мен 14 аралығында еркін күреспен жарыс өз мәресіне жетпек.