Облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Искалиеваны қабылдап, мерейлі 75 жасқа толуымен құттықтады.
Өңір басшысы Алтынай Ғалымқызының 20 жылдан астам уақыт бойы қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып, отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін алғысын білдірді. Сөз барысында Нариман Төреғалиев Алтынай Искалиеваның бастамасымен жүзеге асқан жобаларына тоқталып, бүгінгі таңда отбасы құндылықтарын дәріптеу маңыздылығын сөз етті.
Өз кезегінде Алтынай Ғалымқызы да облыс әкімдігіне алғысын білдіріп, жылы лебізін білдірді.
«Шапағат» медалінің иегері Алтынай Ғалымқызы жетекшілік ететін «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары арасында «Демография мәселерін шешуге жәрдемдесу» номинациясы бойынша премия лауреаты, «Отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу» номинациясы бойынша «Таңдау» республикалық премиясының лауреаты атанған.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі