20.06.2024, 11:48
Оқылды: 176

Облыс әкімі: «Ассамблея жұмысын жаңа идеологиялық доктринамен үйлестіру қажет»

Орал қаласындағы Достық үйінде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясы өтті. Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIII сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деген сессия атауының маңыздылығына тоқталды.

CFD844B6-5F39-495D-9D3D-9C9C04AAFCB6

«Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордаланған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды», – дегені көпшілікке мәлім. Халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты. Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Президент нақты тапсырмалар берді. Ассамблеяның алдына  міндеттер қойылды, соны Ақ Жайық өңірінде іске асыруымыз қажет, - деді сессияны ашқан облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нариман Төреғалиев.

Өткенде Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы біраз идеологиялық мәселеге тоқталып, үлкендерімізді, зиялы қауым өкілдерін ұлт тәрбиесіне, қоғам тәрбиесіне араласуға үндеді.

Бұл бағытта Ақ Жайық өңірінде де ақсақалдар қоғаммен тығыз байланыста жұмыстар атқаруда. Аузы дуалы, сөзі уәлі қарияларымыздың бірі, өңірдегі Қазақстан халқы ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов еліміздегі тұрақтылық пен келісімді, бейбітшілік пен татулықты сақтап, дамытудағы Қазақстан халқы ассамблеясының және азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік, татулық құндылықтарына ұйытудағы Ақсақалдар кеңесінің рөлін тілге тиек етті.

«Ақсақалдар кеңесі ата-бабалардың даналығы мен тәжірибесін білдіретін, құндылықтарымыздың сабақтастығын қамтамасыз ететін құрылым ретінде әрекет етеді. Олардың негізгі идеологиялар мен құндылықтарды талқылауға қатысуы елдің даму үрдісінде ұлттық дәстүрлерді сақтау мен ілгерілетудің маңыздылығын көрсетеді. Олар мәдени мұраны сақтап қана қоймайды, сонымен қатар осы құндылықтарды қоғамның заманауи сын-қатерлері мен қажеттіліктеріне бейімдеуге белсенді қатысады», - деген Қ.Жақсығұлов өзінің бір-екі ұсынысын айтты.

Зашаған кенті аумағындағы Әнес көлінің суы кері Жайық өзенінен кетіп қалмауы үшін ақ-сақалдар көп еңбектенген. Өзен мен осы көлдің ортасына болашақта ашылып жабылатын шлюз орнатуды ұсынды. Облыс әкімінің көл жағасына тал-терек отырғызуға ықпал етуі сұралды. Сондай-ақ Орал қаласы Жақсы ауыл ықшам ауданындағы  ырық-жырық тұрбаларды («Жайықжылуқуаттың») қаптау мәселесін  көтерді.

Жиында облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Дос» қоғамдық қорының жетекшісі Вера Шохина әлеуметтік тапсырыс аясында әр этностың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында жыл сайын «Этникалық мәдениет күні» жобасы жүзеге асырылатынын әңгімеледі.

Сонымен қатар неміс, орыс және ұйғыр этностарының мерекелері өткізілген. Шешен-ингуш халқының Орталық Азия мен Қазақстанға жер аударылғанына  80 жыл толуы да назардан тыс қалмаған. Ассамблея кафедрасы мен ғылыми-сараптамалық топ өкілдерінің қатысуымен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар депортацияның қиын жылдарында аман қалғандарды құрметтеуге, тарихымызды байытуға, өткенді құрметтеуге тәрбиелейді. В. Шохина өңір басшысынан Достық үйінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік тапсырыстар аясында Ақсақалдар және Аналар кеңестері, ассамблея жастарының қызметтерін қолдау мақсатындағы жобаларға қосымша қаржы бөлуді сұрады.

Ал БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, облыс әкімі жанындағы  Әйелдер  істері  және  отбасылық демографиялық  саясат  жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманалина облыста 157 аналар  кеңесі барын, кеңестердің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша ананың рухани, тәрбиелік рөлі арқылы қоғамдық келісімді нығайту, отбасы құндылығын көтеру  бағытында жұмыстанатынын баян етті.

– Президент ескерткен, елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге: зорлық-зомбылық, нашақорлық, лудомания, вандализм, ысырапшылдыққа қарсы өңірдегі кеңесі белсенді жұмыстануда. Аналар кеңесінің отырысында ұрпақтың болашағы және отбасының  қауіпсіз өмір сүруі үшін бес кеселден арылу жолдары талқыланды. Біз, аналар, қазақтың «бала берсең, сана бер, сана бермесе, ала бер» деген дана ұғымдарымен қаруланып, ойсанасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады, мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады деп есептейміз, - деген Шалқыма Құрманалина тасқын су кезінде кеңес мүшелерінің қаладағы 12 эвақосынға барып, оларды паналаған жерлестеріміздің жағдайын біліп, гуманитарлық жүктерін таратып, психологиялық көмек көрсетілгенін айтып өтті.  

Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын кеңеске арнайы гранттар бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беріліп, 12 аудан, 143 ауылдық округке қатынауға көлік бөлінсе деген ұсынысын білдірді.    

«Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалы төрағасының орынбасары Илияр Муталипов жастарды мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтата отырып, Президент айтқандай, оны ұлтаралық қарым-қатынас тілі деңгейіне көтеруге үндеді. «Өзім мемлекеттік қызметкер болғандықтан, Қазақстанда қазақ тілі қашанда бірінші орыннан көрінуі керек деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары қол астындағы қызметкерге қазақ тілін білудің міндеттілігін түсіндіруі қажет. Қызметке қабылдау кезінде үміткердің ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі ескерілгені жөн. Қызмет барысында мемлекеттік тілді қолдануы тиіс. Бүгінгі жастардың ауызекі тіліне келетін болсақ, қазақжастарының тілі кірме сөздердің әсерінен үлкен өзгеріске ұшырады. Себебі өзге тілдерден енген жаргон сөздер мен варваризмдер кесірінен тіл мәдениеті бұзылды», - деді ол.

Жиынды қорытындылаған Нариман Төреғалиұлы тасқын су кезінде қолұшын созып, қиналған тұрғындарға демеу болған барша азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге алғыс айтты. Еліміздің басты құндылықтарын, ел бірлігін сақтай отырып,  мемлекеттігімізді нығайту жолында талмай еңбек етуге шақырды.

Сондай-ақ өңір басшысы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында этносаясат саласындағы мемлекеттің саясатын насихаттаған журналистер тобын марапаттады. Олардың ішінде «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» басылымдарының өңірдегі меншікті тілшілері Қазыбек Құттымұратұлы, Наталья Портнягинаға, «AQJAIYQ» телеарнасының операторы Талғат Мұратбаев, «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат агенттігі бөлімінің арнайы тілшісі Жанат Қайырғожина, «ТДК-42» телеарнасының видеооператоры Мәрлен Есқалиев бар.

Олардың әрқайсысы 50 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале