
Құрметті батысқазақстандықтар!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке — түрлі ұлт өкілдері тағдыр тәлкегімен Ұлы дала еліне еріксіз қоныс аударғанда бір үзім нанды бөлісіп, бауырмалдық танытқан текті халқымыздың асыл қасиеттерін ұлықтайтын күн. Бүгінде сол мәрт мінез, бекзат болмыс ортақ Отанымыздың шаңырағын биіктетіп, құт-берекесін молайта түсті. Осынау бірлік пен өзара құрмет — біздің барлық жетістігіміздің берік іргетасы.
Біз тарихқа тағзым етіп қана қоймай, болашағымызды да бірлесе қалыптастырамыз. Баршаңызға белгілі, жаңа Конституция жобасы терең талқылаудан өтіп, түпкілікті шешім қабылдау үшін республикалық референдумға шығарылды. Бұл — әрбір қазақстандық үшін елдің ертеңгі тағдырын айқындауға үлес қосатын маңызды мүмкіндік. Өңір жұртшылығы қашанғыдай елдігі мен бірлігін танытады деп сенемін.
Қадірлі жерлестер!
Қай салада да адал еңбегімен, отаншылдық мінезімен танылған әр азаматқа өңірдің өсіп-өркендеуі жолындағы үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Келер күндері де ынтымағымыз ырысты, бірлігіміз бекем болғай!