Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті.
- Соңғы үш жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Екі жыл пандемия, қазір геосаяси ахуалға байланысты қиын кезеңдерді бастан кешуде. Әсіресе шекарадағы өңірлер мен кәсіпкерлер зардабын шегіп отыр. Бірақ бұл бізге тосқауыл емес деп есептеймін. Әр дағдарыс жаңа мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер үшін жаңа кезең ашылады. Өткен жылы талдау жасадық. Облыс бес бағыт бойынша басқа өңірмен де, мемлекеттермен бәсеке түсуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын, - деді Ғали Нәжімеденұлы.
Өңір басшысы осы кезеңде экономикалық табыс көлемін сақтап қалу үшін бизнесті әртараптандыру, жаңа инвестициялық жобалар тарту арқылы кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеудің тиімділігін атап өтті.
Кездесуде БҚО-ның кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Жұмагелді Батырниязов кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы айтты.
-Жыл сайын кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, қаржылық емес қолдау шаралары да кеңейіп келеді. Қолдау әр сала бойынша белгілі даму институттары арқылы көрсетіледі. Атап айтқанда, «Бәйтерек холдингі», «Даму қоры», «Qazindustry», «КазахИнвест», «КазахЭкспорт», «КазТрейд» және басқа да қорлар бар.
Соның ішінде «Астана» халықаралық қаржылық орталығын атап өтуге болады. Орталық жобаларды сүйемелдеумен және халықаралық деңгейде инвесторларды қорғаудың құқықтық жүйесімен көпфункционалды алаңы болып қызмет етуде. Сонымен бірге шетелдік азаматтарға «Бір терезе» қағидаты бойынша визалық қолдау көрсетіледі.
2021 жылы Президент Жарлығымен 2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілген еді. Аталған жоба шеңберінде соңғы 3 жыл ішінде субсидия, кепілдендіру және грант бойынша 8,8 млрд. теңге беріліп, облыстағы 1 800-ден астам кәсіпкерге қолдау жасалды.
Мемлекет инфрақұрылымға да ден қойып отыр. Үш жыл ішінде инфрақұрылымды жақсарту үшін 7 жобаға 4,6 млрд. теңге бөлінді, - дейді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Оның айтуынша, облыста инвесторларды сүйемелдеу үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында «Бір терезе» қағидатымен инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Корпорация инвестициялық жобаларды толық сүйемелдеп, инвесторларға жер учаскелерін ұсынып, гранттар алуға, салықтық және кедендік жеңілдіктер рәсімдеуге, төмен пайызбен қаражат алуға қолдау көрсетеді.
Ал БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшиннің айтуынша, 2023 жылы облыстағы ауыл шаруашылық саласы үшін мемлекеттен 16,1 млрд. теңге бөлінбек.
-2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсарту және ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауды үдету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес 2,5 пайызбен несиелеу бағдарламасы іске асады. Бұл бағытқа келесі жылы өңірде 6,4 млрд теңге несие қаржысы бөлінеді, - дейді Наурызбай Қадырбайұлы.
Кездесу соңында облыс әкімі мемлекет пен бизнестің әріптестігін дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.
Динара Тілекқызы,
zhaikpress.kz
Сурет БҚО әкімдігінен