Бүгін Салтанат сарайында мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз - ұлы есім» атты салтанатты кеш өтті. «Түлектер тілегі» атты видеороликпен басталған мерекелік шараға арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев ақжайықтық ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады.
– Ұстаз - ұлағатты есім. Елбасымыз Н.Ә Назарбаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше. Ол бір сөзінде «Мұғалім балаларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болмақ. Сондықтан мұғалімге артылар міндет ауыр» деп ұстаздарға ерекше сенім артқан еді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында білім беру саласын одан әрі дамытуды және қолжетімді сапалы білім алу үшін жағдай жасауды тапсырды. Бүгінгі күні облыста 21 мыңнан аса ұстаз, 155 мыңға жуық колледж, мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйым балаларына білім мен тәрбие беруде. Өскелең ұрпағымыз жетістіктерімен қуантып келеді. Облыстың 35 оқушысы республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жүлдегері атанды. 29 оқушы ауылдың дарынды балаларына қолдау танытатын «IQANAT» олимпиадасының жеңімпазы атанып, Тұңғыш Президент қорының грантына ие болды. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс бірінші орында. Өңірімізде білім сапасы мен қатар білім ошақтарының инфрақұрылымын жақсартуға баса мән берілуде. Биыл 8 млрд. теңге қаражатқа 6 мектеп құрылысы жүруде. Орал қаласы мен барлық аудандардың 27 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтпек. Апатты мектеп бойынша екі мектептің мәселесі шешіледі. Қалған білім ошақтарының мәселесін 2021-2022 жылы шешуді жоспарлап отырмыз. Биыл О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика –математика мектебі біздің облыстан мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қосымша білім беру орталығын ашуды жоспарлап отыр. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол. Ендеше, төл мереке құтты болсын, Ұстаздар!, – деді облыс әкімі өз құттықтауында.
Мерекелік шарада бірқатар мұғалімдер жылдар бойғы еселі еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болды. Бұл күні «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары Сырым ауданындағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектебінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғыманова мен облыстық техникалық шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы Мирболат Құспановқа құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Салтанатты шараның шырайын келтірген тағы бір сәт биыл ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес «Білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және 300 еселенген төменгі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақы белгіленген. Алғаш рет берілген төсбелгі мен сыйақы Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Сухановаға табыс етілді.
Салтанатты кеште бірнеше мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін өңіріне қадаса, бірқатары облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Бәйтерек ауданы «Еркемай» бөбекжайының меңгерушісі Татьяна Савченко, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Қырымжан Жакупова, Орал қаласындағы №35 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Ольга Галкина және тағы басқалар бар. Мұғалімдердің мерейі тасыған мерекелік шарада жиналғандар «Ұстазым» әнін қосыла шырқады.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz