12.12.2025, 21:00
Оқылды: 9

Облыс әкімі қабылдап, құрмет көрсетті

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының құрметті ардагері, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалдың төрағасы, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері Амангелді Уәлиевті қабылдап, ардагерді мерейлі 85 жасымен құттықтады.

image-12-12-25-06-22-1

Аталмыш іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов қатысты. Басқосу барысында өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы Амангелді Мырзағалиұлының өңірге, елге сіңірген елеулі еңбектерін атап өтіп, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Одан кейін ақсақалға деген ақжарма тілегін білдіріп, оған гүл шоқтарын ұсынып, иығына шапан жапты.

image-12-12-25-06-22-3
Амангелді Мырзағалиұлы – 1940 жылдың 13 желтоқсан күні Жәнібек ауданы Тегісшіл ауылында дүниеге келген. Әкесі Мырзағали 1941 жылдың соңында майдан даласына аттанып, сұм соғыстан оралмаған. Сол кезде қара шаңырақтан соғыс даласына барып, қолына қару алған үш ағайындының біреуі ғана ауыр жарақатпен туған жеріне қайтқан. Ол – әулеттің ортаншы ұлы, Мырзағалидың інісі Минаж еді. Минаж бала Амангелдіні бауырына басып, әкелік махаббатын сый еткен. 1957 жылы Т.Жароков атындағы орта мектепті тәмамдап, сол кездегі Ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Іргелі оқу ордасын үздік аяқтап, Жәнібек ауданының бірнеше ауылында тынбай еңбек етіп, ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлес қосады. 1965 жылы аудандық партия комитетінде қызмет етіп, кейін лауазымы көтеріліп, одан салмағы зіл жауапты қызметтерге ойысады. 1982 жылы барлық аудандарда ауыл шаруашылығы бөлімдері құрылған. Бөлімде меңгеруші, кейін аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, содан соң аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып еңбек еткен.

image-12-12-25-06-22-2
Жиында Амангелді Мырзағалиұлының қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып жүретіні де сөз болды. Ақсақал Жәнібек ауданының тарихы туралы тың ақпараттарды жинап-теріп, оны сақтап қойған. Өзі секілді көз көрген азаматтардан да дәлел-дәйектемелер түртіп алған. Бір қуантарлығы, тарих бетінен парақталар бұл дүниелер сөреде шаң басып қалмай, жинақ ретінде жарыққа шығып, жалпақ ғаламға тараған.
Мақсот Қабышұлы ардагерлер кеңесінің ардақты өкілі, абыз ақсақал Амангелді Мырзағалиұлына жылы лебізін жаудырды. Мырзағалиұлының 14 жыл бойы аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы болуы асқан кеменгерлік пен пайым-парасатының биіктігінің белгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ тұлғалық қасиетін толық ұғынып, өсиетін жас ұрпаққа жеткізу үшін іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін айтты. Айта кетелік, мерейгердің 14 желтоқсан күні мәдени-әдеби мұраға бай, тағылымға толы дүбірлеп тойы өтпек.

Нұрым Ғұмар
«Орал өңірі»

Фото авторы: Мәди Файзоллаұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале