29.08.2017, 17:25
Оқылды: 94

Облыс әкімі Конституция күнімен құттықтады

  Бүгін Салтанат сарайында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған мерекелік шара өтті. Ата заңның құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға өңір басшысы, мекеме-кәсіпорын жетекшілері, қоғамдық емес ұйым мүшелері мен еңбек ардагерлері қатысты.


 – 1995 жылдың 30 тамызы – Қазақстан халқының тарихи таңдау жасаған бетбұрыс күні. Бұл Конституциямыз – қазіргідей экономикалық жетістіктеріміздің негізі болған саяси жүйеміздің басты құжаты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылдың басында өзінің үндеуінде саяси реформа туралы атап өтті. Билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу туралы конституциялық өзгерістер Қазақстанның үшінші экономикалық жаңғыруына жол ашпақ. «Мемлекет – тірі организм» деген сөз бар. Яғни, бір орнында тұрмай ілгері дамыған қоғамның басты құжатынан бастап, барлық заңдары уақыт өткен сайын жаңарып, толығып отыруы заңдылық. 1995 жылы қабылданған Конституциямызға ең алғаш рет 1998 жылы өзгеріс енді. Бұл біздің мемлекет ретінде қалыптасып, «Қазақстан – 2030» стратегиялық құжатын қабылдаған кезіміз болатын. Елбасының сөзімен айтсақ, екінші жаңғыруға бет алған кезең еді. Одан кейінгі өзгеріс 2007 жылы яғни, саяси партияларды шынайы күшке айналдырып, Парламент депутаттары санының артуына жағдай жасалған өзгеріс. Енді міне, үшінші экономикалық модернизацияның алдында билік тармақтарының кейбір өкілеттіліктерін қайта бөлу туралы конституциялық өзгерістер біздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруымызға бастау болмақ. 22 жыл ел игілігіне қызмет еткен осы Конституция арқылы біз іргесі мығым мемлекетке айналдық. Осы жылдар ішінде Ата Заңымызда жазылғандай, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құрудың барлық негіздері жасалды. Ең бастысы біз шекарасы шегенделген, халықаралық құжаттармен рәсімделген мемлекетке айналдық. Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында әлемде ең алғашқы мемлекет ретінде Семей полигонын жабу туралы шешім қабылданды. Бүгін бұл тарихи оқиғаға да дәл 26 жыл болған екен. Ең бастысы, біз Конституциямыздың жетінші бабында көрсетілгендей, қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды. Қоғам тарапынан қолдау тапқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – осының айқын көрінісі. Қазіргі кезде облысымызда бағдарлама аясында жаңа жобалар қолға алынып, өңірлік жоба кеңсесі де өз жұмысын бастап кетті. Жобаны жүзеге асыру бойынша сарапшылар кеңесі құрылып, аудандарда да жұмыс топтары жасақталуда. Сонымен қатар, «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің, Алашорда үкіметінің ғасырлық 100 жылдық мерейтойлары да бағдарламамен сабақтасып, облыс көлемінде аталып өтіледі. Бұл мерейлі күндерді алаңсыз атап өтуіміздің өзі – тұрақтылық пен бірліктің арқасы. Ал тұрақты дамуымыздың басты кепілі – Конституциямыз. Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!, – деді өз құттықтау сөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар салтанатты жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Захот Мухлисова, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Виктор Киянский, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, өңірлік жас ақын Бауыржан Ширмединұлы құттықтады.

  Мерекелік жиында облыс əкімі Алтай Көлгінов бір топ еңбек ардагерлері мен сала қызметкерлерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Олардың қатарында Рауза Абилаева, Владимир Асанов, Әділғазы Нұрғалиев, Кенжебай Неғмет, Сайлау Мұқашев, Әсия Мұхитова, Роберт Сүйірбаев, Қуанышбай Төлебаев сынды еңбек ардагерлері бар. Сондай-ақ «БҚО әкімінің аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС директоры Рашид Жұмағазиев, Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубәкіров, «Бөкейордасы тарихи музей кешені» МҚКМ директоры Ғайса Махимов, мәдениет демалыстарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бақытты Дәулетқалиева, ақпарат, басылым және жарнама бөлімінің меңгерушісі Айгүл Орынғалиева сынды бір топ сала қызметкерлері де аталмыш медаль иегері атанды.

  Сонымен қатар салтанатты шарада бір топ сала мамандарына облыс әкімінің алғыс хаты табысталып, кәмелет жасқа толған жасөспірімдер өңір басшысының қолынан жеке куәліктерін алды.

 akim 5 akim 4 akim 3 akim 6

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале