Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Орал қаласы мектептеріндегі өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті. №52 орта мектепте өткен іс-шараға облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Абылайхан Серіков те қатысты.

Ұлттық жоба аясында бой көтерген заманауи білім ордасы былтыр пайдалануға берілген еді. Өңір басшысы ғимарат ішін аралап, пәндік кабинеттерге, «Жас сақшы» сыныбына бас сұқты. Бұдан соң оқушылар облыс әкіміне балалар арасында буллингтің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын таныстырды.
Мектеп көшбасшыларымен кездесуде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетудің маңызы, «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының барысы жөнінде жан-жақты айтылды. Облыс әкімі оқушылардың отансүйгіш, білімді, тәртіпті, еңбекқор болып қалыптасуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

- Сіздер – егемен еліміздің ертеңісіздер. Өзін-өзі басқару ұйымының сапында болу сіздердің жан-жақты белсенді, алғыр әрі көшбасшы екендеріңізді көрсетеді. Осы жолдан таймай, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтай беріңіздер. Мемлекет тарапынан жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мектеп парламенттерінің өкілі ретінде алдағы уақытта да оқушыларды тәртіпке, жауапкершілікке баулуда педагогтерге қолқанат болғайсыздар!, - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы ел көлемінде үлгі ретінде таратылған «Қауіпсіз өңір» кешенді жобасының мақсат-міндеттеріне тоқталды. Облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Абылайхан Серіков жеткіншектерге құқықтық кеңестер беріп, жағымсыз әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Мектеп көшбасшылары ойларын еркін жеткізіп, облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшыларына сұрақтарын қойды. Қабілет-қарымымен, талант-дарынымен дараланып жүрген бір топ оқушы аймақ басшысының алғыс хатына ие болды.
Айта кетейік өңір мектептерінде 310 өзін-өзі басқару ұйымы белсенді қызмет атқарып келеді.