Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев батысқазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні - әз Наурыз мейрамымен құттықтады.

Қадірлі батысқазақстандықтар!
Ардақты ағайын!
Күн мен түн теңеліп, Жер-Ана түлеп, тіршілік атаулы жаңарған, ырыс пен ынтымақтың алтын арқауына айналған Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Бұл мейрам – өткен мен келешекті жалғаған алтын көпір, ата-бабадан мирас болған салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың жаңғырып, жаңа мазмұнмен толығатын айрықша шағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Наурыз – халқымыздың рухани болмысы мен ұлттық құндылықтарын айшықтайтын ерекше мереке. Биыл Ұлыстың ұлы күні Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келіп, бұл қасиетті кезең халқымыздың татулығы мен дәстүр сабақтастығын айқын көрсетіп отыр.
Бүгінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқын алып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы бастамалар жалғасын тауып, әрбір тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән беріледі.
Әз-Наурыз әр шаңыраққа құт-береке әкеліп, жүректерге қуаныш пен үміт ұялатсын. Ынтымағы жарасқан елдің ырысы артып, бірлігіміз бекем болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!