12.01.2024, 14:36
Оқылды: 119

Облыс әкімі өңірдегі жас мамандармен кездесті

Бүгін облыстық мәслихат ғимаратының мәжіліс залында «Әділетті Қазақстан: Адал азамат» атты өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің жас мамандармен кездесуі өтті. Бұл іс-шараға өңірге белгілі зиялы қауым өкілдері, әр ауданның әкімдері, түрлі сала мамандары және жастар қатысты.

WhatsApp Image 2024-01-12 at 15.21.44

Жиын барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы жас мамандардың жұмыс істеуге деген ынтасын арттырып, мақсаттарына жетуіне мүмкіндік беру, сондай-ақ олардың жоба-жоспарларын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

250d20ba-cd32-4d1d-928b-fc595f4c14c9

– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты жарияланды. Онда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, оның шешу жолдары ұсынылды. Біз жастардың бойынан еліне, ата-анасына деген құрмет, сүйіспеншілік, адалдық секілді қасиеттерді көргіміз келеді. Аға буын өкілдері қолға алған бастамаларды жалғастыратын біздің ойы озық, өр мінезді жастар.

Мемлекет басшысы идеология мәселесіне де баса назар аударып, «Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды» – деген болатын. Жаhандану заманында жаңа технологиялармен қатар ақпараттық-рухани дағдарысқа жол ашатын жағымсыз ағымдар жастардың санасына ықпал етуде, оны баршаңыз білесіздер, мойындауымыз керек. Сондықтан да жастар арасында идеология жұмысын күшейту қажет. Елімізде білімді, білікті, патриоттық рухы жоғары жастардың көбейгені көңіл қуантады, – деді Нариман Төреғалиұлы.

3760aab1-8917-4374-87a8-af9b7933e6af

Әрі қарай жастарға «Жайық жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы, «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы және өңірлік «Қаладан ауылға» жобасының негізгі мақсаттары туралы кеңінен ақпарат беріліп, шарттары толық түсіндірілді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Отбасы банк» АҚ Батыс Қазақстан облыстық  филиалының директоры Аида Ипатова «Жайық жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру бойынша меморандумға ресми түрде қол қойды.Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен өңірдегі ауылдарға барып, жеке шаруашылықтарынан өнім алып отырған 35 жасқа дейінгі жас азаматтар облыс әкіміне алғыстарын айтып, ұсыныстарын да ортаға салды.

Аманжол Исламғали, 

Суреттерді түсірген: Мәди Салық

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале