Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы жұмыс сапарымен Жаңақала ауданының орталығында болды.
Жаңақала ауылында салынып жатқан 21 пәтерлі үшқабатты тұрғын үй құрылысының жұмысын көріп, ауданда жүзеге асатын бірнеше жобалармен танысты.
Биыл ауданда бірнеше жоба жүзеге аспақ. Олардың қатарында 2 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы, 2 пәтерлі 40 жалдамалы тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымын тарту, ауылішілік жолдарға асфальт төсеу жұмыстары, жаяу жүргіншілер жолы, Жаңақала ауылының солтүстік бөлігіне инженерлік-коммуникациялық желілерін (сумен жабдықтау) салу сынды бірнеше ауқымды жұмыстар бар.
Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин жобалардың ахуалын, жұмыс барысын баяндады.
- Барлығы да елдің игілігі үшін жасалатын дүниелер. Сол себепті мердігерлер жауапкершілік танытып, сапалы қызмет атқаруы керек. Құрылыс қарқынын тоқтатпаңыздар. Тұрғындар қыс түспей, қазан-қараша айларында жаңа үйге кіруі үшін әрекет етіңіздер! - деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.
Нысанды аралау барысында өңір басшысы мердігерлер мен аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz