ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қала күніне орай Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 17-19 қыркүйек күндері «Ақжайық» стадионында футболдан Батыс Қазақстан облысы әкімінің кубогы өтті.

Жарысқа 2007-2008 және 2009-2010 жылдары дүниеге келген жасөспірімдерден құралған жалпы саны 19 команда қатысты. Бірінші топта тоғыз команда, екінші топта 10 команда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Доп додасында «Тобыл» (Қостанай), «Реал спорт» (Атырау), «Сұңқар» (Ақтөбе), «Ақжайық» (Орал), «Болашақ» (Орал ), «Юниор» (Орал), Бөкей ордасы, Жалпақтал, Теректі, Сырым, Ақжайық, Бөрлі командалары бақ сынады.

Жарыс нәтижесі бойынша 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдерден құралған командалар арасында 2007 жылы туған спортшылардан құралған «Ақжайық» (Орал) командасы суырылып алға шықты. 2 орын «Реал спорт» (Атырау) командасына бұйырса, 3 орынға 2008 жылы туған спортшылардан құралған «Ақжайық» (Орал) командасы табан тіреді.

2009-2010 жылдары туған жасөспірімдерден құралған командалар арасында 1 орынға «Реал спорт» (Атырау) командасы қол жеткізсе, 2 орынды «Тобыл» (Қостанай) командасы иеленді. 2010 жылы туған спортшылардан құралған «Ақжайық» (Орал) командасы 3 орынды місе тұтты.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев спортшыларды марапаттап, болашақтарына сәттілік тіледі.

Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz