Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды. Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам туризм сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты», - деді.
Осы Жолдауды басшылыққа алып, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік мекемесі мен «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры аудандарда қонақ үйлерді ашу және қолөнерді үйрету бойынша оқыту семинарларын өткізді.
Оқыту семинары Тасқала ауданының Мерей ауылында өтті. Семинарға Мерей ауылының тұрғындарымен қатар, Айнабұлақ ауылының тұрғындары қатысты. Осыған дейін семинарлар Бөкей ордасы ауданының Хан Ордасы, Теректі ауданының Сарыөмір, Қаратөбе ауданының Егіндікөл, Шыңғырлау ауданының Ақсуат, Теректі ауданының Подстепное, Тасқала ауданының Мерей ауылдарында өтті.
Қазақстанның көрікті жерлерін аралайтын туристерге жағдай жасалмағаны туралы жиі айтылады. Мұндайда қонақүйлердің туристік нысандардан жырақта орналасқанын дәлелге келтіреді. Ал бұл мәселенің шешімі барынан шетелдіктерді айтпағанда, қазақстандық туристер де бейхабар. Иә, бірер жылдан бері еліміздегі туристік нысандардың іргесіндегі ауылдарда қонақжай үйлер жұмыс істеп тұр.
Көлсай мен Қайыңдыға, Айғайқұм мен Шарын шатқалына барғысы келген шетелдіктер Алматыдағы қымбат қонақүйге соқпай, бірден елді мекендерді бетке алуына болады. Осындай толқынды біздің облысымызда да бастадық. Казіргі таңда Хан Ордасы ауылының тұрғыны О.Түсіпқалиев осындай қонақжай үйді ашып, жұмысын іске асырып отыр. Бағасы – 3 500 теңге.
Әлгінде айтқанымыздай, жыл сайын қонақжай үйлер саны көбейіп жатыр. Қазіргі уақытта Алматы (Саты, Қарабұлақ, Қарақастек, Лепсі, Қарабастау, Талғар), Қарағанды (Қарқаралы, Шабанбай би), Түркістан (Жабағылы, Ленгер), Шығыс Қазақстан (Черная уба, Риддер), Ақмола (Щучинск, Сарыбұлақ, Бурабай, Қорғалжын), Жамбыл (Мерке, Мыңқазан) облыстарындағы елді мекендерде қонақжай үйлер ашылған.
Қонақжай үй ашқандардың басым бөлігі несие алмаған, кәсібіне жиған-терген қаржысын құйған. Баға әр ауылда әрқалай. Туристік нысанға жақындаған сайын қонақжай үйдегі орын бағасы қымбаттай түседі. Мысалы, Көлсай мен Қайыңдыны көруге келгендер тоқтайтын Саты ауылындағы қонақжай үйдегі бір орынның бағасы 8 000 теңгеден басталады. Ал Сатының іргесіндені Қарабұлақ ауылындағы қонақжайлардың бағасы 5 000-6 000 теңге маңайында. Осының бәрін туризм саласының маманы, экскурсовод Айболат Шамұратұлы баяндап берді.
Семинардың екінші кезеңін киіз шебері Айнагүл Халыққызы жалғастырды.
Қазақтың ежелден келе жатқан қолөнердің бірі – киіз басу. Халық алуан түрлі бұйымдар жасау үшін киізді кең қолданған. Киізді киіз үйдің сыртын жабу үшін, жерге төсеу үшін және кереге керу арқылы өз қажеттілігіне орай пайдалана білген. Киізден кебеже, сандық қаптайтын әбдіреқаптар, ыдыс-аяқ салатын аяққаптар жасаған. Сондай-ақ тақия, кебенек, киіз қалпақтар мен киіз байпақ тіккен. Киізді пайдаланған жері – ол ер тұрманның терлігі мен тоқымы, тебінгісі тағы басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдар.
Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізат түрі – жүн. Оның табиғаттық қасиетіне зер салып, тиімділігі мен күнделікті тұрмыста қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әдемілік жағына да көңіл бөлінді. Бүгінге дейін дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Бұл көне заманнан бері әйгілі. Бұрын киізді қара немесе ақ түсті етіп басқан, соңғы кезде оюлап басу кеңінен тарап кетті. Жүннің пайдалы да, сонымен қатар зиянды жақтары да бар. Жүннен жасалған бұйым, әрине, жылы, төзімді келеді. Ал гигиена тұрғысынан қарағанда шаң, ауа өткізгіштігі төмен. Бірақ қазақтың киіз басу өнері жойылған жоқ.
Киіз басу өнері өзінің шарықтау шегіне орта ғасырдан бұрын жеткен. Саяхатшы В.Рубрук қаңлы-қыпшақ жерінен өтіп бара жатып, олардың үйлерін тек ақ киізбен жабатынын, сондай-ақ киіздің жарқырап ағарып тұруы үшін әкті немесе сүйектің ұнтағын пайдаланатындығын айтады.
Семинар барысында ақ, қара жүнді және талдырманы, ыстық суды, сабынды, ыдыс-аяқты, шиді дайындап, қыз-келіншектер іске кірісіп кетті.
Төрт сағатта барлық семинарға қатысушылар 50х50 см киіз басып шықты. Барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді. Болашақта ауылдағы қыз-келіншектер үлкен киіз басуға уәделесті.
Жанар Құрымбаева
«Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры