«Достық» үйінде Татарстан Республикасының білім саласының өкілдері өңіріміздегі педагогтармен және Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Ресей федерациясының Орал қаласындағы консулы А. Батманов, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі Р. Бурганов қатысты.
– Қазақстан үшін бауырлас татар халқының орны ерекше. Біздің тарихи тамырымыз ортақ, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Екі ел арасындағы тарихи достық әр салада ынтымақтастықпен дами берері анық. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев еліміздің болашаққа бағытталған мақсат-міндеттерінде ұлттық білім беруде барлық буынының сапасын жақсарту қажеттігіне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта ұйымдастырылған бүгінгі кездесудің берері мол боларына сенімдімін, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Өз кезегінде сөз алған Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі Рафис Бурганов бауырлас халықтар арасындағы достықтың іргесі бекіп, білім саласындағы іскерлік ынтымақтастың өз жалғасын таба беретіндігіне сенім білдірді.
Салтанатты шарада татар халқының ең жақсы дәстүрлерін сақтап, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту ісінде қол жеткізген көп жылғы жұмысы мен табыстары үшін бірқатар педагогтар Татарстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алғысхаттарымен марапатталды. Олардың қатарында ардагер ұстаз Эльвира Исқалиева, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы Альфия Савельева, қалалық білім бөлімінің әдіскері Флюра Галиева және өзге де мамандар бар. Сондай-ақ екі ел арасындағы білім саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту және одан әрі кеңейту мақсатында ТР Арыс қаласындағы Ғ. Тоқай атындағы педагогикалық колледжі мен Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі, Қазан қаласындағы №2 мектеп-лицей мен Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында меморандумға қол қойылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Маратованың айтуынша тараптар келісімшарт аясында педагогтардың кәсіптік білімін арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып, жинақтаған озық тәжірибесімен бөлісетін болады. Алдағы уақытта Ақпараттық технология мектебі мен Қазан қаласындағы ІТ-лицей арасында өзара ынтымақтастық келісімшартына қол қойып, бірлесе жұмыс жасау жоспарлануда.
Шара соңында Татарстан Республикасынан келген қонақтар облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық табыстады.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
Zhaikpress.kz