Шучинск қаласында шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа кубогінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Желтоқсанның 20-сы басталған шаңғышылар додасы осы айдың 25-іне дейін жалғасады.
Осы бәсекеде үздік өнер көрсеткен жастар келер жылдың ақпан айында Италияда өтетін әлем чемпионатына жолдамаға ие болады. Сол себепті аталған додаға еліміздің ең үздік жас шаңғышылары жиылды.
Бәсекенің алғашқы күні спринт қашықтығының үздіктері жарыс көркін қыздырды. Ұшқыр шаңғышылар жарысында ел намысын қорғаған бәйтеректік Еділбек Елубаев өз қатарластары арасында үздік атанып, әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Жарыстың екінші күні ерлер 20 шақырым қашықтықты бағындырды. Аталмыш жарыста Дамир Қабекесов қола медаль еншіледі.
- Шәкірттерімнің аяқ алысы жаман емес. Әлі бір жарыс күні бар. Сол бәсекеде де облыс шаңғышылары намысты қолдан бермейді деген ойдамын, - дейді бапкер Серік Хайруллин.
Айта кетейік осы жарыста Ислам Сағынәлиев баптайтын бөрлілік жас шаңғышылар да өнер көрсетуде. Биыл ересектер арасындағы додаға алғаш қосылған Жанерке Тудахунова үздік 30 шаңғышылар арасына енді. Алдияр Исаев, Зиннат Мәмедов пен Батыр Меңдіғалиевтің де аяқ алысы жаман емес.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»