17.03.2020, 17:49
Оқылды: 49

Облыста азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты

Тұтас дүние жүзі тұрғындарын табанынан тік тұрғызған коронавирус дерті біздің елге де жетіп, халықтың көкейіне үрей ұялатқаны белгілі. Ресми мәлімдемелерден бөлек, әлеуметтік желілердегі шын-өтірігі белгісіз хабарламалардан жан шошиды. Осындай оңды-солды таралған жел сөздердің әсерінен болар, тұрғындар өз бетінше дайындық жұмыстарына кірісті. Базар, дүкен, супермаркеттерден жаппай азық-түлік сатып алуда. Соған орай оралдық тұрғындар жиі баратын «Мирлан» орталық базары мен бірқатар супермаркетке арнайы барып, ондағы бағаларды өзара салыстырып, шағын журналистік зерттеу жүргізген едік. Сонымен, базарлардағы бүгінгі бағаның жайы қандай? Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкен сөрелерінде жеткілікті ме?

Bazar

Орал қаласында 80 сауда үйі, 22 базар,  26 филиалы бар 11 әмбебап-дүкен мен 653 азық-түлік дүкен болса да, жергілікті тұрғындардың дені «Мирлан» орталық базарынан сауда жасайтыны жасырын емес.  Бізді тұрғындардың күн­делікті тұтынатын нан, қант, күріш, ұн, қой еті, сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп, қызылша, қияр және қызанақтың бағасы қызықтырды. Оқырманға түсінікті болу үшін таблица арқылы үш базардың бағасын қатар салыстыруды жөн көрдік.

COVID-19 дертінің меңдеуіне байланысты Қазақстан Республикасының  Президенті  елде төтенше жағдай режімі жарияланды. Соған орай, базарлардың жұмыс кестесі өзгерді. Қауіпті індет базардағы бағаға да әсер ете бастағандай. Мәселен, күні кеше 100 теңгеге саудаланған картоптың бағасы бүгін 150-170 теңгеге жетіпті. Ал қант сауда сөрелерінде мүлде жоқ. Осы мәселеге байланысты БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы  Ернар Бекетов түсінік беріп, бұл жайт қазіргі уақытта тексеріліп жатқанын жеткізді.

Bazar 3

– Облыс аумағындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Енді күнделікті мониторинг жасауды қолға алдық. Сауданы жүзеге асыратын барлық мекемелерге арнайы ескерту хат жіберілді. Егер бағаның негізсіз өсуі анықталатын болса, нақты шаралар қабылданатын болады. Бағаны межеден арттырғандарға 100 АЕК көлемінде  айыппұл салынады. Қазір облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің балансы жасақталды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға тапшылық жоқ. Республиканың басқа да өңірлерімен тығыз байланыс ұстап отырмыз. Оларда артығымен өндірілетін өнімдерді біздің өңірге жеткізу мәселесі пысықталуда, – деді Ернар Бекетұлы.

– Облыста азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты. Қор бар, әсіресе 19 әлеуметтік маңызы бар тауар жеткілікті. Біз ірі супермаркеттер желісінің көтерме сатушыларымен үнемі келіссөздер жүргізіп, бағаны көтермеуін қадағалап отырамыз. Қазіргі қолда бар ақпарат бойынша өнімдер жеткілікті көлемде. Әрине, аймақта коронавируспен күрес те жалғасып жатыр.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале