9.09.2020, 23:19
Оқылды: 41

Облыста жол-көлік оқиғалары азайғанмен, мас күйде көлік жүргізетіндер артқан

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Сонымен бірге жиында полиция қызметіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері  талқыланды. 

Дорога 1

Былтырғы қараша айында өңір басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігіндегі кейбір олқылықтарды жоюды көздейтін арнайы жұмыс тобын құруға тапсырма берді. Соған сәйкес  облыстың барлық аумағын қамтитын арнайы жұмыс жоспары мен жол картасы бекітілді. Кеңес барысында жоспарға сай атқарылған жұмыстар баяндалып, алда атқарылатын мақсат-міндеттер айқындалды.

Ғали Нәжімеденұлы облыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы құрылымдар құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Бірақ бұнымен шектеліп қалмай, қауіпсіздік шараларына серпін беру екенін айтты. Бұл ретте атқарылған жұмыстарға талдау жасап, оның нәтижесі бойынша нақты басым бағыттарды айқындау қажет деді.

дорога 3

Кеңес төрағасы алдымен сөз кезегін облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншинге берді.

Жанболат Жасқайратұлы баян еткендей, биылғы 8 айдағы жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға төмендеген. Қаза болғандар мен жарақат алғандардың да азайғаны көңілге бір медеу. Балалардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары да төмендепті. Алайда «шумахерлер», яғни жылдамдықты арттырып жүргізетіндер 76%-ға артқан.  Сонымен бірге көлікті мас күйде жүргізетіндер саны 12,8%-ға өсіпті. Айта кету керек, 1125 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылған, соның ішінде 1058  жүргізуші 7 жыл, ал 67 жүргізуші 3 жыл көлік айдай алмайды.  Ал 1157 жүргізуші әкімшілік қамауға алынған. Жол жүру ережесін бұзатын жаяу жүргіншілер де азайммай отыр. Мәселен, 4851 жаяу жүргіншіге 21 млн 982 мың айыппұл салыныпты. 10 млн 436 мың өндірілген.

- Елде жарты жыл карантин болды. Ойын-сауық орындары, кафе-мейрамханалар жабық тұрды. Керісінше, мас жүргізушілердің саны азайған шығар десем, қайта олардың саны артыпты. Бұған не себеп? - деді облыс әкімі. «Бұл ең алдымен жүргізушілердің сана-сезіміне байланысты. Бәрінің отбасы, бала-шағасы бар. Бірақ сонда да жауапкершілікті сезінбей отыр. Қазір автокөліктерді себепсіз тоқтатуға болмайды. Осы тәртіп бізге қолбайлау болып отыр. Егер осы шектеу болмаса, көліктер де көп тексерілер еді. Ал қазір рөлге мас күйде отырғанмен, жайлап жүріп, ереже бұзбайтындар бар. Ал олар жол жүру ережесін бұзбаса, тоқтата алмаймыз», - деп жауап қатты Жанболат Жаншин.

дорога 2

Кеңес барысында жол жүру ережесін бұзған азаматтардың аты-жөнін атауға, БАҚ-та жариялауға болмайтыны сөз болды. Кеңеске қатысушылар  «бұл талапты алып тастау жөнінде жоғары жақтағы құзырлы құрылымдарға ұсыныс айту мәселесін қарастыру қажет» деген шешімге келді.

- Біздің басты мақсатымыз тұрғындарға айыппұл салу емес. Мақсатымыз – азаматтардың өмірін, денсаулығын сақтау. Өткен жылы қанша жол-көлік оқиғалары болғаны есімізде. Биыл бұндай қайғылы оқиғалар азайған. Карантин шектеулері де әсер еткен шығар. Осы қарқыннан таймау керек. Былтыр тұрғындар тарапынан «қатаң шара неге қолданбайсыздар?» деген арыз-шағымдар жиі айтылды. Биыл жол бойындағы тәртіп күшейді. Енді ішімдік ішіп көлік жүргізгендер көлік жүргізу құқығынан бірнеше жылға айырылады. Бұл тәртіп айыппұл салып, тұрғындардың шығынын көбейту үшін қажет емес. Қайта қауіпсіздікті сақтауға, заң талаптарына мойынсұнуға шақыратын шаралар. Жалпы жолдағы қауіпсіздікті күшейту қажет. Ол үшін жергілікті атқарушы билік көмек көрсетуге дайын, - деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.

Кеңес барысында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков те шаһардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысын баяндады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде облыстық Полиция департаменті қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оларды жою бойынша кешенді іс-шаралар жоспарының орындалу барысы айтылды.

- Баршаңызға белгілі, БАҚ беттерінде Батыс Қазақстан облысы жемқорлық фактілері тіркелу бойынша бірінші орында екені айтылған болатын. Осы статистикалық мәліметтерге түсінік беріп кетейін. Деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 7 ай қорытындысы бойынша БҚО-да 101 пара алу және пара беру фактісі орын алған. Оның ішінде 83 пара алу және пара беру фактісі полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған. Осы заңбұзушылықтар ішінде мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен ешқандай факті орын алмағанын айта кету керек. 83 жемқорлық фактісі аз көрсеткіш емес. Бұл Полиция департаменті ішкі қауіпсіздік қызметі жұмысының нәтижесі шығар. Алайда бұл деректер полиция қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тоқтамай тұрғанын көрсетеді. Сол үшін жеке құрам арасында түсінік жұмыстарын жүргізуді күшейту керек. Сонымен бірге әрбір қызметкердің жағдайын жеке  қарап, олардың сыбайлас жемқорлыққа тәуекелі назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл – жемқорлыққа қарсы тұрудың бірден бір тәсілі, - деп атап өтті өңір басшысы.

 

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале