Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды жақсартуға үлкен назар аудару керек екенін айтты.
Президент өз сөзінде мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігін тиімді пайдаланып, медицина инвестиция салуға қолайлы сала екенін де ерекше атап өтті.
Осыдан соң ел үкіметі қажетті шараларды қолға алып, емдеу ісін жандаруды қолға алды.
Бұл іс өңірімізде де оңтайлы жүзеге аса бастады. Облыста 12 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 17 медициналық пунктін салып, 50 ғимарат құрылысын салу және екі ауданаралық аурухананы ашу жоспарланды.
Былтыр аталған жұмыс басталды. Нәтижесінде 12 медициналық нысан пайдалануға берілді.
Сонымен қоса 640 медициналық жабдық және 81 бірлік автокөлік алынды.
122 жас дәрігер жұмысқа орналастырылса, оның 50-уі ауылдық жерлерге аттанды.
Біржолғы өтемақы мөлшері де ұлғайды. Осы кезге дейін демеуқаржы 92 дәрігерге ұсынылды. 15 маманға қызметтік тұрғын үй бөлінді.
Десе де соңғы кезде ауыл халқын қажетті медициналық көмекпен қамту, уақтылы көрсетілетін дәрігерлік медициналық қызмет түрлерінің сапасын жақсарту мәселесі де алаңдататыны жасырын емес. Осыған байланысты облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен тұрғындар денсаулығын қорғау мәселелері және медицинаның даму барысын талқылауға арналған арнайы кеңес өтті.
Оған медицина саласының мамандары, аурухана басшылары мен онлайн режимде аудан әкімдері қатысты. Жиында денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Абдрахманова баяндама жасап, өңір медицинасы төңірегінде ақпарат берді.
Жиында өңір басшысы бала өлімінің, құрт ауруының өршіп тұрғаны елді алаңдататынын айтты.
Оған жауап берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Абдрахманова әр мәселені шешу, аурудың алдын жұмысы жасалып жатқанын айтты.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz