Бүгін облыстық ауруханаға өңірдегі кәсіпкерлердің қаржылай демеушілігімен Ресейден 10 литрлік екі оттегі концентраторы мен 400 дана пульсоксиметр әкелінді.
Облыстық аурухана директоры Арман Байдеуовтың сөзінше, бұл құрылғылар облыстағы провизорлық стационарларға, жұқпалы аурулар ауруханасы мен қалалық көпбейінді ауруханаға, сонымен бірге аудандардағы емханаларға бөліп беріледі. Арман Нұрқайырұлы айтып өткендей, оттегі концентраторына провизорлық стационардағы науқастардың 80 пайызы қосылған.
Ал күніне он бес шақты науқас өкпені жасанды желдетуге тәуелді болады екен. Облыстық аурухана директоры қазіргідей қарбалас та қиын шақта жомарттық танытқан кәсіп иелеріне, жомарт азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Елімізді, әлемді жаулаған кеселмен күресуде халықтың ынтымақ-бірлігінің маңызы зор. Бәріміз бұл кеселмен бірлесіп күресуіміз қажет. Облыстағы кәсіпкерлер шама-шарқынша көмек қолын созуда. Алдағы уақытта да кәсіп иелері қамқорлықтарын аямайды деп санаймын», - дейді «Каз-Хол» ЖШС директорының орынбасары Дидар Әсетов.
Айта кету керек, өңірдегі кәсіпкерлердің әрқайсысы мүмкіндігінше «Ақжайық» қорына қаражат аударуда. Бүгінде аталмыш қорға 100 миллионның үстінде қаражат жиналған. Бұл қаражатқа облыстағы науқастарды емдеуге қажетті медициналық құралдар алынуда. Соның бір дәлеліндей, жуырда облысқа алғашқы лекпен 160 оттегі концентраты жеткізілген еді.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz