Облыстық қазақ драма театрында облыстық «Балдаурен» балалар шығармашылығы фестивалінің гала концерті өтті.
Облысымыздың әр ауданынан келген жас өнерпаздар өз бақ сынап, іріктеу сынынан өткендер өнерлерін гала концертте жұртшылық алдында паш етті.
Хореография жанры, қолөнер шығармашылығы, халықтық музыка (домбыра), эстрада вокал, сөз сөйлеу мәнері аталымдары бойынша сынға түскен жас өнерпаздардың болашағы зор.
Динаның «Байжұмасын», Дәулеткерейдің «Көреғұлысын», Құрманғазының «Бұлбұлын» қос ішекті домбырамен нақышына келтіре ойнаған жас домбырашыларға көрермендер қошемет көрсетті.
Ақын Фариза Оңғарсынованың «Әлия мен Мәншүк» атты өлеңін оқыған Гүлназым Ерболатова көптің көңілінен шықты.
Бойында табиғи таланты бар, өнерге құштар жас өрендеріміздің өнерлеріне шынайы бағасын беруші әділ қазылардың шешімін «Орал өңірі» газетінің сенбілік нөмірінде оқитын боласыздар.
Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ
zhaikpress.kz