11 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының мамандары БҚО Еңбек инспекция бойынша басқармасының мамандарымен бірге Зашаған кентінде бой көтеріп жатқан көпқабатты жалдамалы пәтерлердің құрылыс секторына барып, еңбек қауіпсіздігі шараларының сақталу барысымен танысты.
Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов көпқабатты үйлердің құрылысына жауапты аталған мердігер компаниялардың жалдамалы жұмысшыларының арасында бұған дейін де жазатайым оқиғалардың орын алғанын алға тартып, алдын алу шараларының жүргізілуін тәртібін сұрады.
Мониторингтік жұмыстар нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы басшысының орынбасары Бауыржан Атауов, құрылыс секторында еңбек етуші қызметкерлердің қауіпсіздік ережелерін және құрылысқа арналған арнайы киім үлгісін толық сақтамағаны үшін құрылыс тобының жетекшісіне ескерту айтты.
Сондай-ақ, еңбек ұжымының жетекшісі де еңбек саласы мамандарына өзінің мәселелері мен шағымдарын жеткізді. Оның бірі – жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Жұмыс барысында жауапкершіліктің аз екендігін, ортақ ережелерді сақтауға келгенде жалдамалы жұмысшылардың құлықсыз екендігіне тоқталды. Бұл орайда, облыстық кәсіподақтар орталығының маманы еңбек ұжымы жанынан кәсіподақ ұйымын ашып, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында арнайы ұжымдық шартқа қол қою керек ендігін айтты.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ