28.10.2021, 13:01
Оқылды: 44

Облыстық мүшәйра қорытындыланды

Кеше Тасқала аудандық «Екпін» газетінің 85 жылдығына арналған облыстық «Туған жерге тағзым» жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды.

261fb160-ac88-4d55-9662-75efcf7e11fa

Облыстағы жас ақындардың қабілетін дамыту, талантты жастарды таныту, Тасқала ауданының тарихы мен шежіресін жырлау, шығармашылығын қолдау мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Шәкіров, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева қатысты.

Екі бөлімнен тұратын мүшәйраға 16-29 жас аралығындағы 14 жас ақын қатысқан. Олар «Туған жерге тағзым» бөлімінде Тасқала ауданының өткені мен бүгіні, көрікті жерлері, «Екпін» газетінің қоғамдағы орны жайлы жырласа, «Жастықтың жалын жырлары...» бөліміне өз қалаулары бойынша еркін тақырыптағы өлеңдерін жолдаған.

– Газет мерейтойын атап өтуге облыс ақындары атсалысуда. Біз өзіміздің туған жерімізді мақтан тұтуға міндеттіміз. Сондықтан да мүшәйрада туған жер тақырыбына басымдық берілді. Өлеңдерді оқып отырып, ақындардың Тасқала тарихын білетінін аңғардық. Ақындық – екінің біріне беріле бермейтін қасиет. Соны аялауға, құрметтеуге шақырамын. Жұбанның, Қадырдың жолын жалғайтын жас ақындарымыздың қаламы мұқалмасын, – деді Жанар Нұрболатқызы.

574f0e96-384f-4f13-84ed-a9ee9647e083

Аудандық «Екпін» газетінің редакторы Темірболат Тоқмамбетов (қазылар алқасының төрағасы), аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Дүйсенова, Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Меңдібек Лұқпанов қазылық еткен мүшәйрада Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы Әділет Орынбасаров бірінші орынды (40000 теңге) жеңіп алды. Екінші орынға «Орал өңірі» газетінің тілшісі Марлен Ғилымхан (25000 теңге) ие болды. Ал үшінші орын тасқалалық Ақбота Орынбайға (15000 теңге) бұйырды. Байқауға белсене қатысқан Аманжол Исламғали, Нұртілеу Қадырқұл, Асылбек Есенбаев, Махамбет Мұханбетов, Әйгерім Ажғалиева, Гүлсезім Дәулетова, Жамбыл Жоламанов, Ақтілек Әлібекұлы естелік сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды.

– Өлеңдерді барынша әділ сараптауға тырыстық. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, сайыста міндетті түрде бір адам жеңімпаз атануы шарт. Жүректің қылын шертетін нәзік жырлар иесі қашанда құрметке лайық, – деді Айгүл Серікбайқызы.

Әлкеш Қалқаман,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале