Батыс Қазақстан облысында биыл барлық қаржы көздерінен 586,7 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, биылғы он айда соның 418,3 мың шаршы метрі пайдалануға берілді (өткен жылдың он айымен салыстырғанда 105,3 пайыз).
Құрылыс жұмыстарының көлемі 141,1 млрд теңгеге жетіп, 107,9 пайызды құрады.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 13 көппәтерлі (1784 пәтер), ауылдарда 108 (716 пәтер) тұрғын үй, оған қоса 46 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысаны құрылысы жүргізілуде. Бағдарлама аясында осы мақсатқа 18 млрд теңге бөлінді.
Жыл соңына дейін облыс бойынша 5 көппәтерлі (596 пәтер) және елді мекендерде 93 (509 пәтер) тұрғын үйді, барлығы 1105 пәтерді салып бітіру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Орал қаласында жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін 198 пәтерлік және Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында екі 12 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Соңғы жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде және Зачаган кентінде жаңа шағынаудандар бой көтерді. Сонымен қатар «Ақжайық» шағынауданында барлық магистралдық инженерлік желілер жүргізіліп, «Отбасы банк» АҚ салымшылары үшіг 9 қабатты 244 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Оған қоса 24 көппәтерлі тұрғын үйдің (оның 14-і 9 қабатты, 10-ы бес қабатты) жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптамадан өтуде. «Ақжайық» ӘКК арқылы коммерциялық тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері бөлінді. Атап айтқанда, «Қазхол» ЖШС және «Болашақ-Т» ЖШС құрылыс салмақшы. «Ақжайық» шағынауданында жалпы саны 20-ға жуық коммерциялық тұрғын үй салу ойластырылуда. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы мен полиция қызметкерлері үшін әлеуметтік тұрғын үй салу жоспарлануда, инвесторы – «Қаз-Хол» ЖШС. Күні бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылда тұрғын үй салу тетігі дайындалуда, бұл да өңірдегі құрылысқа серпін беретін болады», - деді Ә.Антазиев.