Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 174 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 80 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайтадан енгізілді.
Сонымен қатар 622 мың гектарды құрайтын жер телімдерін иелері мақсатына сай игеруге кірісті.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 376 мың гектар жер пайдаланылмай отыр.
«Осы жерлерге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылуда. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдаланылмай жатқан
жерлерге салықтың базалық мөлшерлемесін 20 есеге дейін арттыру қарастырылған. Бұл иелерінің пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға
экономикалық тұрғыда әсер ету үшін жасалуда», деді М.Өмірәлиев.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2012- 2014 жылдары республикалық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу жұмыстары жүргізілген
болатын. Түгендеу жұмыстарының нәтижесінде бастапқыда пайдаланылмай жатқан 297 мың га жер анықталды. Аталған жұмыстар жалғасын тауып, соңғы үш жыл көлемінде (2019-
2021 жылдары) 1 млн 172 мың га жердің пайдаланылмағаны белгілі болды, соның ішінде 2021 жылы –251 мың га.