21.03.2024, 11:23
Оқылды: 52

Өгіз аяң, қозы қадаммен жаңаруға 100 жыл керек...

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС өңірдегі тұрғындарға, өндірістік кәсіпорындарға, мемлекеттік мекеме-ұйымдарға, жеке меншік нысандарға, қыр мен қыстақтағы шаруашылықтарға түрлі көзден өндірілген электр қуатын жеткізеді, таратады. Компанияның өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Тілек Хариннің айтуынша, өткен жылы электр желілерін, құрал-жабдықтарды, қосалқы стансаларды ағымдағы және күрделі жөндеуге компанияның жөндеу қорынан 703 млн 699 мың теңге бөлінді. Сол қаржы 719 млн теңге шамасында игерілді. Бөлінген және игерілген  қаржы арасындағы айырмашылық Қожанасырдың байдың қазанын «балалатқаны» секілді ұнамды көрінеді. «Бұл қалай деп таңдануыңыз бекер. Материалдар сатып алуда үнемділік жасаудың арқасында игерілген қаржы көлемі өсті. Мемлекеттік сатып алу үрдістері барысында бағана бағасының төмендеуі де әсер етті. Әрине, 719 млн теңгеге 16 аудандық электр торабының (Приуралье, Фурманов, Тайпақ және т.б.) желілерін түгелдей бір мезетте жаңарту мүмкін емес», – деді Тілек Молдашұлы бізбен әңгімесінде. 

2

Десе де, шалғайдағы бірқатар елді мекендегі желілер жаңғыртылды. Тайпақ электр торабына қарасты Сарман, Кеңсуат ауылдарында 275 темірбетон бағана орнатылып, ауылішілік электр желілері түгелдей жаңаланды. Ақсай аудандық электр торабына қарасты Пугачев, Жарсуат, Аралтал ауылдарына - 185, Жаңақала ауданының орталығына 245 темірбетон бағана қойылды. Жаңақала ауылының электр желісінің жартысына жуығы өзін-өзі оқшаулағыш сыммен ауыстырылды.  Одан басқа 3920 темірбетон бағана аудандардағы және Орал қалалық электр тораптарына бөлініп, орнатылды.  Қаратөбе, Казталов аудандарындағы 17 қосалқы станса, 0,4-110 кВ аралығындағы кернеулі әуе желілерінің 2163 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Желілер жаңғыртылуда

Былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша  тарифтің есебінен тозығы жеткен мүлік-мүкәмалды жөндеуге 534 млн теңге қарастырылды. Бұл қаржыға Приурал аудандық электр торабына қарасты Достық елді мекенінде 247 дана темірбетон бағана орнатылды, 7 шақырым ауылішілік электр сымы оқшаулағыш сыммен ауыстырылды. Соның ішінде 7-8 көшенің электр желісі толықтай ауыстырылды. Осындай жұмыс Ақжайық ауданындағы Чапаев ауы-лында да атқарылды. Онда 186 бағана, 4,5 шақырым электр сымы жаңаланды. Орал қалалық электр торабы теңгеріміндегі 268 дана бағана, 8,5 шақырым  электр сымы жаңғыртылды.  Зашаған кентіндегі Теміртау, Пугачев шағынауданындағы Есқалиев, Линдовский көшелерінің, жалпы 7-8 көшенің электр сымдары ауыстырылды. Қала-дағы 2-жұмысшы ауылы, ПДП-21, 22 шағынаудандарындағы 10 шақты көшеге темірбетон бағана  орнатылып, қап-тамалы болат сымдар жүргізілді. Бұл – 0,4 кВ әуе желілеріне, тұрғын үйлердегі есептегіш құралдарға дейін тарты-латын сымдарға қатысты атқарылған жұмыстар, – деді аталмыш компанияның техникалық мәселелер жөніндегі директоры-бас инженер Асқар Ғайсин.

1

Аталмыш бағдарламада қарастырылған 10 кВ әуе желілері бойынша Тасқала ауданындағы Атамекен  елді ме-кенінде 132 дана  бағана,  7 шақырым электр сымы жаңартылды. Орал қалалық электр торабы бойынша үш желі ауыстырылды. Оның бірі – Самал шағынауданында электр сымдары қалың ағаштардың, саяжайдағы үйлердің ара-сымен тартылған. Үп етіп жел соқса,  жалп етіп жиі сөнетін. Желілердің кей тұсы жеке үйлердің ауласында қалған, айнала тал-терек қаптап өскендіктен, желілерді жалғау, жөндеу қиынға соғатын. Сол желілер жолдың жанына шығарылып, 1,5 шақырымы жаңаланды. Жасалған жұмыс атқарылатын шаруаның оннан  бірі ғана десе де болады. Деркөл кентін электр қуатымен қамтамасыз ететін 10 кВ әуе желілері  өте нашар жағдайда, кеңес заманында са-лынған бағаналары қауіпті-тұғын. Техника бара алмайтын сол жердегі 1,5 шақырым желі жаңартылды. Екіншісі Пригородный  қосалқы стансасына шығатын 11-ұяшықтың (тубдиспансер аумағындағы) 1 шақырымына қаралған қаржы игерілді.

Мичурин ауылы облыс орталығының шетінде орналасқан, оны электр қуатымен қамтамасыз ету қалалық электр торабының міндетіне кірмейді. Бірақ апатты жағдайларда қалалық электр мамандары амалсыз реттеп отырады. Жөндеу жұмыстарына Бәйтерек ауданының қазынасынан 74 млн теңге бөлінді. Мичуриндегі жер учаскелері инже-нерлік-коммуникация желілері тартылмай тұрғанда беріліпті. Содан да электр желілері осал, жиі үзіліп қалатын. Былтыр мердігер деп танылған «АқтөбеТрансТелеком» компаниясы осы ауылды  жарықпен тұрақты қамтуға мүмкіндік беретін  қуат тарату пунктін салып берді.   Енді нысанды пайдалануға беру үшін құжаттары дайындалу-да.  Сонымен қатар облыс орталығындағы көпқабатты 11 үй және  екі әлеуметтік нысан (№17 мектеп, «Шаңырақ» балалар үйі ғимараттары) жаңа (0,4 кВ) кабель желісімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қосалқы стансалардан электр қуатын тарату пунктіне дейін кабель желілері жаңадан тартылды. Шаһардағы «Землячка» және «Централь-ный» қосалқы стансаларына 110 кВ-тық газ ажыратқышы орнатылды. Сонымен қатар 35 кВ-тық екі, 10 кВ-лық жеті вакуумдық ажыратқыш қойылды. Инвестициялық бағдарламаның қаржысы есебінен Қаратөбе ауданындағы электр  торабына  компания құрылысшыларының күшімен әкімшілік ғимарат салынып, пайдалануға берілді.  Бұрынғы кеңсесі өткен ғасырдың 60-жылдары салынған еді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале