Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 6 желтоқсан күні «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын жария етті. Елбасы мақаласын оқыған болсаңыз, тәуелсіздік жолында дана қазақтың азабы мен қиыншылығының орасан зор болғанына көзіңіз тағы бір мәрте жетеді. Ата-бабамыз аңсаған тәу етер тәуелсіздікке 30 жыл бұрын қол жеткіздік. Біздің таңдауымыз азаттық пен бостандық болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алғаннан-ақ Қазақстанға экономикалық жаңғыру, инфрақұрылымды жаңарту және шикізатқа тәуелділіктен құтылу қажет екенін нақты дәлелдермен анық жазған.
«Президент ауысады, бірақ тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуі тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы, еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек. Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық. Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деп ой түйеді ҚР Тұңғыш Президенті.
Иа, менің де көк аспан астындағы алаңсыз балалық шағым, мектепте тегін білім алып, мамандық таңдауым, жастық шағымда өзіндік орнымды тауып, елге қызмет етуім – тұғырлы тәуелсіздіктің арқасы. Мен – бақытты ұрпақпын! Мен тап осылай айтуға тиіспін! Тек мен емес, бәріміз де айту керекпіз.
Елбасы «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын. Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді» деп тебіренеді. Иә, мынау алып дала, еңселі ел мен киелі жер үшін қаншама қан мен тер төгілді. Қазақ халқына тәуелсіздік оңай жолмен келмегені әмбеге аян. Сол үшін де біз елім деп еңіреп өткен ата-бабаларымызға қарыздармыз.
Жалынды жастар ел тәуелсіздігінің қадірін білуі керек деп есептеймін. Азаттықтың ақ таңында алаңсыз да ғибратты ғұмыр кешсек, елімізді әлем елдері мойындап, еңсеміз тіктеліп, абыройымыз артса, бәрі де тәуелсіздіктің жемісі. Жалпы, осынау кең байтақ Қазақстанда ел үшін қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа алғысым шексіз менің.
«Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін. Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандастарымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандасымызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек» деуі – Елбасының аса көрегендігі мен ұлтжандылығының белгісі. Тағдыр талайымен тарыдай шашылған қазақ едік. Азаттық алып, Елбасының дұрыс саясатының арқасында қандастарымыз Отанына оралып, атамекенінде алаңсыз ғұмыр кешуде.
«Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін. Кейіннен әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана-хаб» халықаралық технопаркі ашылды. Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет» деп Елбасы қадап айтты. Бүгінгі таңда ел болашағы саналатын жастардың өсіп-өнуіне, қоғамда өз орнын табуына, жалпы тұлға болып қалыптасуына барлық мүмкіндік бар. Біз Елбасының жастарға деген жанашырлығы мен қамқорлығын айқын сезінеміз.
Күні кеше жарық көрген Елбасының оқырманға ой салар, тағылымы мол мақаласында көптеген қазаққа қажетті сүбелі сөздер, оралымды ойлар айтылған. Біз мақаланы оқып қана қоймай, ой түйіп, бағыт-бағдар алғанымыз ләзім.
Сәби кезімізде ата-анамыз өмір сыйласа, мемлекет бізге тәуелсіздік сыйлады. Менің ойым – осы. Ең бастысы, елде тыныштық болғай. Еңбек етіп, білім алуға талпынайық! Бірігіп, бір-бірімізді қолдап отырайық! Тұңғыш Президентіміз айтып өткендей, «Қазақ халқы небір қиын-қыстау уақыттарды бастан кешірді, бірақ, мойымай, осындай деңгейге жетіп отыр». Барлығы Елбасымыздың жүргізген саналы саясаты мен күш-жігерінің арқасында деп білеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Шаттық Өтебалиева,
облыстық мәслихат депутаты