2.02.2018, 15:06
Оқылды: 31

Ойын автоматтарының қожайындары қайда?

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының экономикалық тергеулер саласы бойынша орынбасары Темірлан Шонаевтың айтуынша, 2017 жылы 33 ойынхананың жолы «кесіліп», солардың 26-сы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ 63 ойын автоматы тәркіленіп, алты онлайн казино сайты сот шешімімен бұғатталған.

Елімізде 2007 жылғы 17 қаңтарда қабылданған ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабында «казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады» деп көрсетілген.

Өткен жылы лотереялық терминалдарға да тыйым салынды. Бірақ облыс орталығындағы сауда нүктелерінде ойын автоматтары баршылық. Аз-мұз тиын-тебенмен ойналады деп көңіл жұбатқанымызбен, оның соңы құмар ойындарға бастайтыны кәміл.

Сондықтан өткен брифингте БАҚ өкілдері самсаған ойын автоматтарына құзырлы орын тарапынан неге тиым салынбайды десті.

Бұл сұраққа Т.Шонаев екіұштылау жауап берді. «Ойын автоматтарының қожайындары жоқ. Олар Қазақстаннан тысқары жерде, Ресейде. Біздің мақсатымыз ойын автоматтарын жинап алу емес, осыны ұйымдастырып отырған адамдарды тауып, жауапкершілікке тартуымыз керек. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр», - деуден аспады.

«Қожайындары жоқ болса, неге барлық ойын автоматтарын жинап алмасқа?» - десті берілген жауапқа қанағаттанбағандар. «Әрине, жинап ала аламыз, бірақ олай істемейміз. Жинап алғанмен іс бітпейді», - деді Т.Шонаев.

Ойын автоматтарының қожайындарын тапқанша, ойын автоматтары жастарымыздың санасын улап, әлеуметтік ауруға ұшырата бермей ме деген ой қылау береді. Ойын автоматтарын қою үшін қожайындар сауда орнының иесімен орынды жалға алу жөнінде келісімшарт жасамайтын ба еді... Түсініксіздеу. Ойын автоматары да көлеңкелі экономиканың бір көрінісі саналады емес пе?

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале