... Бір қоғамдық формациядан аяқасты екіншісіне ауысу, яғни өтпелі кезең, өліара шақтың қиындықтары біздің облысты да айналып өтпеді. Әсіресе, әскери заводтардың жағдайы қиын болды, онда қаладағы жұмысшылардың басым бөлігі шоғырланған болатын. Тапсырыс болмағандықтан, заводтардың жұмысы тоқтады, алайда облыс басшылығы заводтарды қайта жабдықтап өзге товарлар шығаруға бағыттауға бар күшін салды.
Жұмысшылардың пәс көңіл күйін казактардың жаңадан бас көтере бастаған ұрпақтары пайдаланып қалуға ұмтылды. Бірақ қиын кезде адамдар түсіністік пен ұйымшылдық танытты. Халықты азық-түлікпен, газбен, электр жарығымен жабдықтауда, қаланы жұмыспен қамтамасыз етуде ешқандай жолсыздыққа жол берілмеді. Осы кезеңде облыстың партия және кеңес ұйымдарының халықты біріктіруші рөлі ерекше байқалды. Ауыл еңбеккерлері және Қазақстан басшылығы мен оның шетелдің кеңесшілерінің араласуымен Қарашығанақ оған бағынудан кетеді деп қорыққан В.С.Черномырдиннің көмегімен құрылған республикалық ұйым – «Қазақгаз» концерні көп көмек көрсетті. Орынборда Қарашығанақ шикізатына есептелген газ өңдейтін завод салынып жатты. Концерн басшысы етіп газқұбырын тартып жатқан Ливиядан оралған тәжірибелі ұйымдастырушы Есет Әзербаевты тағайындады.
Кеңес өкіметі кезінде халықпен бірдей өмір сүру, оның қуанышы мен қайғысына ортақ болу, халық игілігі үшін тынымсыз еңбек ету – адамдарды тәрбиелеу үрдісінің негізгі лейтмотиві, міне, осы болды. Бұл Коммунистік партияның ойлап тапқаны емес. Бұл гуманизм идеясы – ықылым заманнан бері кез келген өркениетті қоғамның өзегі. Алайда жалғыз идеямен халықты тойдыра алмайсың. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында тауардың же-тіспеушілігіне қоса тағы бір сор пайда болды. Ол – республика мен Одақтың өндірістік кәсіп-орындары арасында шаруашылық және экономикалық байланыстардың біртіндеп үзілуі мен әскери заводтарда өндіріс-тің тоқтауына байланысты жаппай жұмыссыздық қаупі. Сондықтан әскери заводтарды шұғыл конверсиялаумен айналысуға тура келді. Әйтпесе, қаладағы тұрақтылыққа қауіп төнетін. Өйткені казактардың үгітшілері сол заводтарда үгіт-насихат жұмыстарын күшейтер еді. Сондықтан облыс басшысы Н.Есқалиев «Зенит», «Омега», «Металлист» заводтарында бірнеше рет болып, сөз сөйледі. Бүкіл келіспеушілікті көрді. Жиналыстар у-шумен өте-тін. Сол уақытта ол іс жүзінде охлократияны, яғни тобырдың билігін сезінді. Алайда шыдады. Үлкен қауіпті алдын ала білді. Митингке шығудың орнына жұмыс жасау керек екеніне сендірді. Әйтпесе ол әрбір отбасы үшін, тұтас ұжым үшін сор болар еді. Сол себепті халық басшылықтың тырысып жатқанын түсініп, барлық жағынан қолдау көрсетті. Сол кезде адамдар көршілес облыстармен тығыз араласатын, сондықтан өмір сүру деңгейін олармен салыстыра алатын. Ал оралдықтардың өмір сүру деңгейі олармен салыстырмалы түрде жақсы екенін көріп, шүкірлік етті.
Облыс орталығында белгілі бір кадрлық ауыстырулар болды. Сол кезде билікте буын ауысуы да жүрді. Қалалық партия комитеті басшылығына ОК-тің келісімімен жартылай қазақ, бірақ қазақтың тілін де, ділін де білмейтін В.К.Джунусов келді. Алғашында оның да көңілі казактарға бұрып тұрды. Кейін, партия ұйымдарының рөлі бәсеңдеген кезде, қалалық атқару комитетінің төрағасы болып «Омега» заводының директоры, өте сауатты, өндірісті жақсы білетін
Б.Г.Молдашев сайланды. Алайда ол жақсы саясаткер емес еді. Ол көпшілігі казактардан құралған қалалық кеңес депутаттарының қысымына шыдай алмай, талай рет облыс басшылығының араласуына тура келді. Демек, сол сындарлы кезеңде кадр тапшылығы қатты сезілді.
Осындай қиын жағдайда басшылық бірнеше «оттың» арасында жұмыс жасады. Республиканың ОК тарапынан ақылға қонымды саяси қолдау таппады. Керісінше, олар негізсіз сынап жататын.
Казактармен тіресінің драмалық тарихы туралы сол кездегі Қазақстан КП Орталық комитетіндегі «саяси қайраткерлер» де естеріне алмады. Шындықтан қорыққан болар. 1991 жылы жаз бен күздің қатерлі күндері облыс басшылығының негізгі міндеті революциядан бұрынғы әскери казактар туралы қайтадан пайда болған мәселенің мәнісін жан-жақты анықтап түсіндіру болды. Бұл мәселені өлкенің байырғы тұрғындары – орыстардың көңіліне келмейтіндей етіп шешу қажет еді. Алматыдан тарихшы ғалымдар, қоғамтанушылар шақырылды. Оларға орыс жолдастарының алдында сөз сөйлетті. Белгілі тарихшылар Елагин мен Григорьев үлкен көмек көрсетті. Қазақ ғалым-саясаттанушылар да сөйледі. Олардың арасынан көрнекті ғалымдар М.Қозыбаевты, С. имановты ерекше ықыласпен тыңдады. Мұндай үгіт-насихат жұмыстарының негізгі мақсаты – орыстар, қазақтар және өзге ұлт өкілдері арасында ғасырлар бойы қалыптасқан достықты сақтау және нығайту болды. М.Горбачевтің «қайта құруы» нәтижесінде адамдардың ойында жалпыға ортақ саяси және рухани адасушылық орын алған сол бір қиын кезеңде облыс басшысының өзі де халықпен жиі кездесіп, сөйлесуі аса маңызды еді. Халық алдында беделі бар партия және кеңес кадрларынан құралған үлкен топтар да сол мақсатпен жұмыс жасады. Бұқаралық ақпарат құралдары да барлық үгіт-насихат жұмыстарын сол мақсатқа бағыттады. Облыс және қала басшылығының қатысуымен болған теледидар мен радиодағы тұрақты тікелей көрсетілім де жақсы нәтиже берді. Жиналыстарда, кездесулерде ең маңызды, тіпті казактар қойған қитұрқы сұрақтарға да жауап айтуға тура келді. Үгіт-насихат жұмысының тағы бір маңызды бөлшегі қызыл және ақ казактар өкілдерінің арасында түпкілікті тарихи айырмашылықтың бар екенін көрсету болды. Өлкемізде Кеңес үкіметін құруға белсене қатысқан қызыл казактардың да ұрпақтары облыста бейбіт өмір сүріп жатқанын түсіндірді.
Алайда қаладағы орыстардың көбі өздерінің отбасылық тұрмыс жағдайларын ойлап, мұндай қиын кезде облыс басшылығының тұрақты саяси жағдай мен халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету үшін жұмсап жатқан күш-жігеріне түсіністікпен қарап, қолдау көрсетті. Мұны басшылық казактарды оқшаулау үшін тиімді пайдаланды. 1991 жылы 29 тамызда МҚК-ның жаңа басшысы мәжіліс жасады, онда төтенше жағдайда жеке құрамды мобилизациялау туралы шешім қабылданды. Ол жұмысқа тәжірибелі де сенімді мамандар тартылды. Олар негізінен отставкадағы қызметкерлер болды. Олар резервтегі қызметкерлерді бастауы тиіс болды.
Қалыптасқан жағдай туралы мәлімет жергілікті басқару және билік құрылымдарына, республика МҚК басқармасына жіберілді. Алынған материалдар бойынша облыстық прокуратура тарапынан сеператистік және экстремистік бағыттағы адамдарды ресми бақылауға алу жарияланды. Құқық қорғау құрылымдарына жәрдем беру үшін халық жасақшылары атымен қалада және аудандарда жастардан арнайы топтар дайындалды. ІІБ басшысы В.Шумовқа маңызды мемлекеттік объектілерді күзету қажет болған жағдайда кемі бір батальон ішкі әскерді алуға қол жеткізу тапсырылды. А.Дружининнен осы кезде облыстық МҚК басқармасы қызметкерлерінің қатарын отставкадағы чекистермен толықтыру сұралды. Адамдарды шұғыл тасымалдау үшін әрбір көлік кәсіпорындарына қосымша аутобустар, жүк және жолаушы көліктерін әзірлеу тапсырылды. Облыстық әскери комиссар Г.Мұқатаевқа бұрын әскерде болған сенімді адамдардан екі мың резерв әзірлеп, оларды қаруландыру тапсырылды. Медицина, тамақтану объектілерін, т.б. дайындау қажет болды.
Мұндай қиын кезде милиция, қауіпсіздік мекемелерінің қызметкерлерін, жалпы, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын асқан қырағылық пен сақтыққа дайындау және облыс пен қала аймағына шақырылмаған «қонақтар» келген жағдайда жағдайды шиеленістірмеу өте маңызды болды. Ал ондай шақырылмаған «қонақтар» келуі мүмкін. Ол кез Кеңес одағының тарар алдындағы соңғы кезеңі болғанымен, барлық республикалық мекемелер Мәскеуге бағынатын. Сондықтан Қазақстанда ешкім де кеңес елі азаматтарының қандай оймен болсын жасаған жоспарларына кедергі келтіре алмайтын. Сол себепті де Оралда казактардың іс-шара өткізуін тоқтата алмайтын еді. Оң нәтижеге қол жеткізгенше жасаған алғашқы қадамы – олардың жоспарын басқа арнаға бұрып жіберу, ең болмағанда, өткізу мерзімін созып, уақыт ұту. Осыны жүзеге асыруға тырысты, қантөгіс болдырмау үшін басқа жол жоқ еді.
Одақта әр жерде қанды қақтығыстар болып қалып жатты. Фашистік және ұлтшыл элементтер бас көтеріп, ұрылар мен қарулы бандылар әрекет ете бастады. Оралға Ресей казактарынан құралған мыңдаған бандылар тобы келе бастады. Жағдайды А.Дружинин мен В.Шумов үнемі хабарлап отырды.
Бұл – ел саясатында нағыз бейберекеттік орын алған аса қауіпті, драмалы кезең болды. Кейін белгілі болғандай, бұл процесстердің барлығын халықаралық массондық және сионистік ұйымдар еппен басқарып отырды.
Орал қалалық партия комитеті қызметінде әлсіздік танытты. Олардың 1991 жылы ақпанда шығарған «Жаңадан құрылған Орал казактарының тарихи-мәдени қоғамына практикалық көмек көрсету туралы» қаулысы тосын жағдай болды. Бір қарағанда, айыптай да алмайсың. Алайда қалалық комитеттің бірінші хатшысы қоғам құру тек бетперде екенін, оның аржағында қарулы казактар «азу тістерін» (вольче лыко) ақситып отырғанын түсінбеді. Облыс басшысы онымен бұл тақырыпта бірнеше рет әңгімелесті. Осы сындарлы кезеңде коммунистік парыз туралы екеуара ауыр әңгімелер болды. Алайда қала басшысы көпшілік алдында, жиналыстарда казактардың жетегінде кетіп қалды. Осымен байланысты үнемі тактиканы өзгертіп отырды. Басты міндеті – казактар белгілеп, қалалық кеңес қолдаған күнді – 400 жылдықты тойлау күнін, соза түсу қажет болды. Казактар да саясатын өзгерте бастады. Жан-жақты сынның қысымымен енді олар бұрынғыдай өткізбек шараларын «Жайық казактарының патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеу» демей, басқаша «Орал казактарының Отанға қызмет етуінің 400 жылдығы» деп атай бастады. Өздерінің барлық шараларын құпия ұстады. Олардың қару-жарақ қорын жасақтап жатқаны баяндалды. Ұлтаралық текетірестің шиеленісуіне КСРО атамандар кеңесінің ықпалымен 1991 жылы 15 маусымда «Үлкен шеңбердің» Орал казактар одағының жарғысы мен бағдарламасының жобасын қабылдауы әсер етті. Атамандар кеңесіне КСРО басшылығы жан-жақты көмек көрсетіп отырғаны олардың барлық іс-әрекеттерінен көрінді.
Оларға қарсы «Азаттың» радикал басшылары Қазақстанда казактар ұйымдарының қызметін тоқтатуды, сондай-ақ 1991 жылдың 15 қыркүйегін қаралы күн деп жариялап, сол күні республиканың барлық облыстарында қарсылық шеруін өткізуді талап етті. Мұның бәрі тосын жағдай емес еді. 12 қыркүйек күні текетірес шарықтау шегіне жетіп, манифистациялар мен митингілерге ұласты. Шиеленіске Ресей мен Қазақстанның өзге облыстарынан келген казак құрылымдары тартыла бастады. А.Мартынов бастаған казактар одағының белсенділері мен Ресейдің түрлі қалаларынан келген казактардың 400-дей өкілдері Оралға казак формасымен келді, өзгелері қылыштары мен қанжарларын тағып түсті. Облыс басшысының орынбасары Н.Мордасов пен милиция бастығы В.Шумовқа «шақырылмаған қонақтарды» күтіп алып, суық қаруларын жинап тастауын және қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындарын ескертуді тапсырды. Олар тапсырманы орындады.
13 қыркүйекте Оралда жағдай күрт шиеленісіп кетті. «Невада-Семей» қозғалысының көсемдері А.Адылов пен А.Асылбеков бастаған «Азаттың» өкілдері қатарынан шұғыл үш митинг-манифистация ұйымдастырып, билік құрылымдарынан казактар мерекесін болдырмауды талап етті. «Азаттықтар» казак формасын киюге тыйым салуды талап етіп, жергілікті лауазымды тұлғаларды балағаттады, митингке шыққандарды қолдау үшін республиканың өзге облыстарынан «Азат» қозғалысының мүшелерін шақырмаққа жиналды. Облыс басшылығы олардың буырқанған сезімдерін қажетті арнаға бұруға тырысты. Әрине, олардың арасында да ойлы, ақылды жігіттер болды. Қысқасы, КСРО-ның 14 өлкесінен үш мыңдай казак әскерінің өкілдері Оралға жиналды. Олардың арасында үш, жеті кластық қана білімі бар, өздерін генерал, полковник, есаул деп атаған адамдар болды. Олар Орал облысынан Жайық өзенінің оң жағалауын бөліп алып, Ресейге қосуды және Орынбор, Самара, саратовтықтармен бірге біріккен казак әскерін құруды талап етті.
Екінші жағынан «Азат» партиясының өкілдері мен оңтүстік облыстардан келген жастар Орал жастарының жекелеген топтарымен бірігіп, казактарға қарсы үгіт-насихатты кеңінен жүргізді. Олар сондай-ақ, «азаттықтар» мен олардың Алматыдағы «көсемдеріне» жақпаған Н.Есқалиевті облыс басшылығынан кетіру міндетін орындауға тырысты, себебі ол «аймақ» атты территориялық басқаруды құру туралы ұсыныс жасады. Дегенмен басшылық тараптарды келісімге келтіру, болуы мүмкін қатығыстың алдын алу позициясында болды, тараптар шешуші қимылға бармай тұрып қаруларын алды. А.Дружинин мен В.Шумов ІІМ-нің арнайы отрядтары мінген самолеттер Ақтөбеден, Гурьевтен ұшуға бұйрық күтіп отырғанын хабарлады. Қызылорда мен Ақтауда да дайындалып жатты. Н.Есқалиевтің ауызша өкімімен Орал қаласынан қашықтығына байланысты аудандар 200-ден 500-ге дейін қара күшке мығым жігіттердің басын қосып, қалаға жеткізуі тиіс болды. Олардың арасында арандатушылар мен экстремистер болмауын аудандық әкімшілік басшылары қадағалауы қажет. Осының бәрі казактарды тыныштандыру үшін жасалды, өйткені олар күшке ғана бағынатын еді.
Дей тұрғанмен, облыс басшысы Н.Есқалиевтің кез келген мәселені келісімге келу арқылы шешуге болады деген берік сенімі болды. Күш қолдану мен агрессияға жүгіну – бұл тек апатқа әкелетін, қантөгіске ұрындыратын жол. Соңында Алматы да жағдайға назар аударып, көмектесе бастады...
Тұяқбай Рысбеков,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
академик