11.12.2020, 19:45
Оқылды: 70

«Өкінішті» оқыған өкінбейді

Оралдағы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бірнеше көркем әдеби кітаптардың авторы Мира Шүйіншәлиеваның мемлекеттік тапсырыспен «Қазақ» баспасынан жарық көрген «Өкініш» кітабының тұсаукесері болып өтті.

DD74A3F8-66D3-4ABD-A794-69D13015A7D7

Шарада алдымен бейнебаян арқылы жазушының «Өкініш» хикаятынан үзінді оқылды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қаламгерді жаңа кітабының тұсаукесерімен қызу құттықтады.

– Қазақ әдебиетінің өкілі Мира Шүйіншәлиеваның жазушылық қарымын елге, әлемге әйгілі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков сынды жазушылар жоғары бағалады. Әбдіжәміл ағамыздың атақты трилогиясының атауымен айтсақ, мұның өзі Мираның «Қанымен және терімен» келген үлкен еңбегі. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы жұмыс барысымен келе алмай, маған құттықтауымды жеткізіңіз деп аманат айтқан болатын.  Сізді облыс әкімінің, өзімнің атымнан тәуелсіздік мерекесінің алдында жарық көрген жаңа кітабыңызбен құттықтап, шығармашылықтың шыңына жетіңіз деген тілек айтамыз,– деді ол.

6619BA99-0FB0-485F-8A0C-AB03E8032C3B

Шараға қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков жазушының жаңа туындысы қала тұрғындарының көз қуанышына айналатынын айтып, кітап авторына алғысхат табыс етті.

Тұсаукесерде сөз сөйлеген ақын Ақұштап Бақтыгереева бұның Жайық өңірінде өтіп жатқан мәдени мәні зор шара екенін айтты. – Мира - Қазақстанда проза жанры бойынша қалам ұстаған санаулы қыздарымыздың бірі. Кітап жазу қыз бала үшін оңай шаруа емес, оның үстіне Мира газет шығарады. Соған қарамастан ол казақ қыздарының тағдырын өзінің шығармаларында кеңінен қозғап, оқырмандардың көңіл төрінен алған жазушылардың санатынан орын алды. Атақты әнші Күләш өзінің Байсейітова деген фамилиясымен ерінің тегін тарихқа жазып кетсе, біздің қасымызда жүрген Мира тағдырдың жазуымен ері ерте қайтыс болып кеткенімен, қиындыққа шыдап, оның қызын өсіріп, жазушылық қарым-қабілетімен өзі келін боп түскен ұстаздар отбасының тегін тарихта қалдырып отыр. Сондықтан көзіміздің тірісінде осындай талантты жандарды сыйлап, қадірлейік,– деді Ақұштап апамыз.

B14E4D5B-D387-4B48-85D7-00E3E6255B45

Шарада, сондай-ақ «Ажар» қоғамдық қорының төрайымы Шалқыма Құрманалина, Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла, көрнекті өлкетанушы, тарихшы Жайсаң Ақбай, белгілі ақын Айтқали Нәріков, М.Өтемісов атындағы университеттің оқытушысы Айдарбек Ақболатов сөз алып, Мираның жарық көріп отырған жаңа туындысы кітапханаларда, дүкендерде жатып қалмайтын шығармалардың біріне айналатынын, жазушының көзі өткір, ойы терең, болған оқиғаны електен екшеп, өлшеп өткізетінін, жастардың өмірін жақсы білетінін тілге тиек етті. Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков өз сөзінде Мирамен бір ауылда туып, өскенін, жастайынан алғыр, батыл қыз болғандығы жайында естеліктермен бөлісіп, жаңа туындысына құтты болсын айтып, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін күмбірлете орындап берді. Шара барысында әншілер Мұрат Аманшиев пен Майра Хайдарова тамылжыта ән шырқаса,  Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері жазушының шығармаларынан мәнерлеп үзінділер оқыды.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Р.Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале