24.03.2022, 10:30
Оқылды: 88

Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды

Бұрын адамның туберкулезді  жұқтырғанын  7-28  күн аралығында  анықтайтын. Қазір кох таяқшалары және  оның қандай дәріге төзімді екені GEIN-Xpert (Джин-эксперт) молекулярлық-генетикалық аппараты арқылы екі сағат  ішінде анықталады. Джин-эксперт  аппараты облыстық  фтизиопульмонологиялық орталықта  және Орал қаласынан шалғай жатқан жеті  ауданда бар. Сондай-ақ облыстық  фтизиопульмонологиялық орталықта туберкулезді жедел диагностикалауға  арналған НAINTEST, БАКТЭК, Bioneer жабдықтары да қамтылған. Заманауи аппараттардың арқасында науқастар  жедел оқшауланып, туберкулезге шалдығу жылдан-жылға азайып келеді.

1FCF44EE-613F-4965-8722-C2BF80329D62

Туберкулез  –  жұқпалы аурулардың бірі. Роберт Кох 1882 жылы туберкулез қоздырғышын анықтап, бұл жұқпалы ауру екенін дәлелдеген. XX ғасырға дейін туберкулез емделмейтін ауру деп есептелген. Туберкулез таяқшалары өкпені ғана емес, адамның сүйегін, бүйрегін, ми және ми қабықтарын, тері, көз және басқа ағзаларын зақымдайды. Жұқтырудың негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға мико­бактерияны бөлетін адам.

Туберкулез адамнан адамға ауамен жұғады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда науқас ауаға туберкулез бактериясын жаяды. Жұқтыру үшін адамға сол бактериялардың аз ғана мөлшерімен демалу жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар. Мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас тұратын жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Егер өкпе туберкулезімен ауы­ратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналасындағыларға қауіп төндіре алмайды. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін. Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұқтырылады, бірақ дерт әр адамның ағзасында әр түрлі дамиды. Бұл дерттің меңдеуіне  ашқұрсақ жүру,  індет жұқтырғандармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау, сондай-ақ нашақорлық, ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары) секілді факторлар әсер етеді. 

  Туберкулездің  белгілері:

– Ұзақтығы  екі  аптадан  асатын  жөтел

–  Шаршау және әлсіздік

–  Дене салмағының азаюы

–  Дене температурасының ұзақ уақыт бойы жоғары болуы

– Түнгі  тершеңдік

–  Кеуде  қуысындағы  ауырсыну

– Қан түкіру

Облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта туберкулезбен ауыратын науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі және қажет болған жағдайда ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығымен телемедицина жүргізіледі.

Туберкулездің алдын алу шаралары:

– Салауатты өмір салтын сақтау. Спортпен айналысып, ағзаны шынықтыру.

– Таза ауада серуендеу, күн және су процедураларын қабылдау. Толыққанды, дәрумендерге бай тағам тұтынып, уақтылы ұйықтау.

– Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек жүру маңызды. Өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады.  

–  Жеке гигиена ережелерін сақтау.

–   Сәби дүниеге келген кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайта вакцинациялау маңызды.

Сөз соңында айтарымыз, адамның денсаулығын сақтауда тек медицина қызметкерлері ғана жауапты емес, бүкіл қоғам үлес қосуы керек. Өйткені ұзақ өмір сүру әр адамның денсаулықты сақтаудағы жауапкершілігінен басталады.  

 Айдана  Ерболқызы,

облыстық фтизиопульмонология  орталығының дәрігері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале