20.08.2021, 9:44
Оқылды: 47

Оқу орталықтары, репетиторлар һәм мектептер миссиясы...

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген айнымас қағида сипатты сөз бар еді ғой бұрында... Сол сөздің қадірі қалды ма қазір? Қайдам... «Кеме» болса, капитаны кім? Компасы анық па? Штурвалы түзу ме? Экипажының құрамында кімдер жүр?.. Білім теңіз болса, ол теңіздің тереңдігі қандай? Табиғаты мен мінезі, пайдасы мен зияны қай шамада? Шынымен теңіз бе сол?.. Оны анықтайтын кім бар? Жарайды, теңеулерді былай қоя тұрып, әңгіме арнасын мектептің өзіне бұралық.

орт

Мектепке баға беруші бар. Ол – халық. Ата-ана. Мектепті біраз бұрын ғана бітіріп кеткен бүгінгінің жастары. Шыны керек, мектеп – қоғамның ең  бір осал жері. Балалары оқып жүргенде батып ештеңе дей алмайды көп адам, келіспеушілік жағдайлар болып жатса да. Ол түсінікті. Қазір тіпті «Мектеп басқару ісінде неше түрлі «тәсілдер», «қорғаныс амалдары» бар» деп те естіп жатамыз неше түрлі «жағдаяттарды»... Ондайды айтып кетсең таусылмас. «Өмір ғой, болған, болып жатыр, бола да береді» деп пәлсәпамен жұбатқан болып жүріп жатады «бір қолын екі ете алмай» шауып бара жатқан қоғам...

Ал мектептерде берілетін білім сапасы ше? Соған көңіл тола ма? Мұғалімнің негізгі миссиясы баланы дұрыстап оқыту болса, ол қаншалықты дұрыс атқарылып отыр?

Бұл мәселе төңірегінде ой қозғауыма мұрындық болған ата-аналардың кеңес сұрап алдыма жиі келуі  екенін жасыруға болмас. Маған сұрақтар көп қояды. «Баланың білімін алаламай, әділ бағалауда неге бұрмалаушылық орын алады?  Мұғалім идеалына кереғар мінез-құлық иелері неге мектепте? Оқытып отырған мұғалімдері бола тұрып, неге репетитордың ақылы  көмегіне  жүгінуге мәжбүрміз? Бұл «біздің елде  білім тегін» дегенді жоққа шығармай ма? Алдарындағы шәкірттерін оқу орталықтарына қосымша оқуға жолдайтын мұғалімнің білімі мен білігіне сенуге бола ма? Қалған  оқушыларды қалай оқытып жатыр олар? Репетиторға, оқу орталығына қосымша оқыту үшін  қанша қаражат кетеді?..» дегендей  түйткілді сұрақтар көп келеді.

Қоғам тектен-тек алаңдамайды, бастан кешіп жатқасын, арқасына батқасын ғана ашына үн қатады. Қарадан-қарап мәселе де қоймайды қабырғасынан, қиындық қинап, үздіккен соң ғана іздене бастайды.

«Осы бағытта көкейтесті, қордаланған мәселелер бойынша қоғамдық сауалнама жүргізіп, зерттеп, сараптап, білім басшыларына жеткізіп және шешіміне қатысып отыратын ата-аналар қауымдастығы сияқты дербес ұйым керек бізге» дейтін пікірлер де бар. Жаны бар ұсыныс.

Интернеттен қарап қалсам, Оралдың өзінде он шақты оқу орталықтары бар екен. Құрылым жүйесін, кімге қарайтынын, қандай мамандар жұмыс істеп жатқанын, құнын алдағы уақытта зерттеп, зерделей жатармыз, әзірге байқағаным – жарнамалық жағы қатты жолға қойылған. Мәселенің жанды жері – ҰБТ, ҰБТ-ға дайындау, оқуға түсіру. Нәтижеміз 100% деп  құлақтарына құйып бағады жұрттың.

Репетиторың тағы сол. Сонда мектеп қайда қалды? Еңбек кімдікі? Мектептікі ме, әр сағаты 2000-3000 (кейде одан да көп болуы мүмкін) теңге болатын репетитордікі ме, айына 60 000 теңге ақы алатын оқу орталығынікі ме? Нәтиже кімге тиесілі? Соңғы екеуінікі болса, мектеп рейтингісі қалай есептеліп отыр?

Меніңше, дұрыс мұғалім шәкіртін өзі дайындап шығарады аяғына шейін, ол үшін бұл ардың ісі болуға тиіс. Ал қай мектептің шәкірттері оқу жылы бойы табандарынан таусылып репетитор аралап, оқу орталықтарын жағалап жүруге мәжбүр болса, ол  мұғалімнің «түбі шикі», мектептің қауқары кем  деген сөз. Не білімі, не пейілі жетпейді – екінің бірі. Олардан бұл үшін жауапкершілікті ешкім сұрамаса, тексермесе, жандарын қинап қайтсін?!

«Ақшасын төлесін де оқытсын (керек болса),  аттестатты бердік, оқуға түсу-түспеу өз шаруасы» деген көзқарас пайда болған.

Мүмкін, мәселенің басқа астары да бар шығар, ол заң құрылымдарының жұмысы. Әзірге орталықтарда мектепті жаңа бітірген балалар (мүмкін 1-курс студенттері) сабақ береді деген сыбысты да құлағымыз шалулы... Кураторлары да студент балалар көрінеді...

Не болса да, ақылы оқу орындары ашылып, «дүмбілез» дипломдар «қолжетімді» болғалы осындай дүбаралық жайлап кеткені рас, білім саласын.

Мектептердің мойнынан ҰБТ нәтижесіне байланысты жауапкершілікті алып тастаған соң-ақ оқу орталықтарының «бағы жанып» жүре берді... Оған кім мүдделі болған сонда?..

Мектеп екені де, басқа екені де белгісіз, балаларға шектен тыс тапсырма (150 жаттығу, 200 есеп) беріп, «Орындамасаң шығарып жібереміз, ақшаң қалып қояды, қайтарылмай», - деп қыспалап, сағат 8-ден 8-ге дейін ұстайтын осындай «ҰБТ-ға 100% дайындау» мекемелері жауыннан кейінгі саңыруқұлақтай қаптауда.

Бәрінен бұрын балаға, орта қол және аз қамтылған отбасыларға қиын. «Баламның сыныбындағы 27 оқушының 26-сы оқу орталығына барып дайындалды, ақылы түрде. Мен ғана берген жоқпын, денсаулығы қымбат, өз еңбегімен түсер, түспесе «платныйға» оқытармын деп», - дейді маған хабарласқан әйел адам. Сыныптың тең жартысы табысы аз  жанұялардан шыққан балалар болса да, қатардан қалмау үшін жыл бойы әлгіндей орталыққа жем болды. Өмір бойына жетерлік стресс алып шығып жатыр байғұс балалар да, олардың әке-шешелері де...

Сонда бұл не болып кетті өзі? Орталық деген дайындық курсы да, мектептің миссиясы сауат ашып беру ғана ма?

Бәрі сондай деуден аулақпыз, дегенмен бұл мәселенің басы  ашып, тиісті құрылымдар қарап, реттеп қоймаса, «буалдыр» нәрсе көп...

 

Дариға Ғазезқызы,

ақын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале