Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Қайрекенова мәлімдеді.
Фото дереккөзі: sn.kz
9 қаңтарда 2022-2023 оқу жылының үшінші тоқсаны басталды. Облыс бойынша 379 мектепте 118 482 оқушы білім алуда.
– ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына сәйкес оқу жылының ұзақтығы 36 аптаны құрайды. Оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды. Биыл каникул мерзімі 9 күн (осыған дейін 11 күн), көктемгі каникул мерзімі 9 күн (18-26 наурыз аралығында) (осыған дейін 12 күн) болады. Сонымен қатар 6-12 ақпан аралығында мектепалды даярлық және 1-сынып оқушыларына қосымша каникул ұйымдастырылды, – деп атап өтті Луара Қайрекенова.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы №42 бұйрығына (2020 жылғы 7 сәуірдегі №132 бұйрығымен енгізілген өзгерістермен) сәйкес қыс мезгілінде білім алушылардың денсаулығын және қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім беру ұйымдарында сабақты тоқтату кезінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларының ұсынылатын көрсеткіштері бекітілді. Атапайтқанда: - Цельсий бойынша 25 градус (бұдан әрі ºС) және секундына 2 метр жылдамдықпен және одан жоғары жел соққан кездегі суықта 1-4 сыныптарда; -27ºС және секундына 2 метр жылдамдықпен одан жоғары жел соққан кездегі суықта 1-9 сыныптарда; -30ºС және секундына 2 метр жылдамдықпен жоғары жел соққан кездегі суықта 10-11 (12) сыныптарда, колледждердің 1-курстарында сабақ болмайды. Білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қолайсыз ауа райы метеожағдайлары туралы ақпарат бірінші ауысым үшін сағат 6.45–8.00, екінші ауысым үшін сағат 11.15–13.00 аралығында таратылады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Қайрекенованың айтуынша, педагогтер сабақ тоқтатылған күндері оқушылардың білім бағдарламасын толық меңгеруіне назар аударып, өзіндік жұмыс түрлерін, оның ішінде қашықтан оқыту нысанын қолданады.
Ата-аналар (заңды өкілдері) сабақ тоқтатылған күндері балаларының білім беру ұйымына бармауы туралы шешімді өздігінен қабылдайды. Қашықтан оқыған кезде балаларының үй тапсырмасын орындауын бақылап, оффлайн оқыса, мектепке аман-есен барып-келуін өздері қадағалауы тиіс. Оқушы мектепке келген жағдайда сабақтың барлық түрі (оқу, қосымша, үйірме, ұзартылған топ жұмысы), ыстық тамақпен қамтамасыз ету толық көлемде жүргізіледі. Жоғарыда аталған бұйрық негізінде 9-12 қаңтарда ауа-райы температурасының төмендеуіне байланысты аудандарда, Орал қаласында онлайн түрде сабақтар ұйымдастырылды.
Ата-аналар назарына!
Баспасөз мәслихатында ата-аналар ескере жүрер жайт та айтылды. Биыл 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің ата-аналарынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжат қабылдау басталады. Бірінші сыныпқа алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балалар қабылданады. Ата-аналар өздерімен бірге өтініш, жеке басын растайтын құжаттың түпнұсқасы, денсаулық жағдайы туралы №063/у нысан анықтама және 026/у-3 нысан «Бала денсаулығы паспорты», баланың екі данада 3х4 см өлшеміндегі фотосуретін тапсыруы шарт.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz