ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаевтың назарына!
Тағы бір оқу жылын тәмамдадық. Білім сапасындағы олқы тұстарымызды саралау кезінде аңғарған кейбір жайтқа қатысты пікір білдіру мақсатында қолыма қалам алуға тура келді. Білім сапасының төмендеуіне бірден-бір басты себепті ұстаздар қауымы да, ата-аналар да оқу бағдарламасының күрделі, қиындығынан көрсе, жанама себебі – оқулықтың сапасыздығы. Алдымен оқулықтың ішіндегі грамматикалық қателер мен берілген тапсырмалар бойынша оқушылардың жас ерекшеліктерінің ескерілмеуі еске түседі. Яғни оқулықтарға қатысты орфографиялық, пунктуациялық қателерді айтпағанда, оқулықтарда балалардың жас ерекшелігі мүлде ескерілмеген. Тағы бір машақат оқулықтағы жүйесіздік. Соңғы жиырма жыл ішінде мектеп оқулықтарының әртүрлі баспалар мен түрлі ауторлардың жазғанынан кемшіліктер көптеп кетуде. Әрине, бәсекелестік болуы үшін де, таңдау жасау үшін де бірнеше нұсқада болғаны жақсы. Алайда әр баспа әртүрлі кемшіліктерден ада емес.

Сурет: egemen.kz
Мақаланы дайындау барысында кезінде Білім және ғылым министрлігінде қызмет істеген Ерсайын Ерқожаның сұхбатын оқыдым. («Халық газеті» 01.10.2020 ж.) Сұхбатта Ерсайын әріптесім: «Оқулықтағы негізгі қателік төрт мәселеге байланысты болып тұр: біріншіден, оқу жоспарының оқу бағдарламасына сай еместігінде. Екіншіден, оқу бағдарламасы ғылыми дәлелденбеген, оқушының сабақты толық меңгере алмау түйткілі осы жерде жатыр. Бұл – мемлекеттік стандарт толық анықталмаған деген сөз.
Үшіншіден, оқу жоспары талданбаған. Төртіншіден, оқулық шығаратын ауторлар ұжымының құрамы дұрыс емес», – деп дәлел келтіре отырып ашына айтқан. «Біткен іске сыншы көп» деген дана халқымыз, оқулық жазу оңай жұмыс емес. Оны да түсінеміз, дегенмен, кеткен кемшіліктерді, жіберілген олқылықтарды көріп тұрып айтпау – ауыр күнә жасағанмен пара-пар.
Оқулық оқушының алдына бір күнде топ етіп түсе қалмайтыны түсінікті. Оқушыға жеткенге дейін сараптаманың сан түрінен өтеді. Оқулық макетін әуелі баспалар өз ішінен құралған арнайы топта талқылап, тексереді. Кейін ҚР Оқуағарту министрлігіне ұсынады. Олар арнайы комиссия құрып, оқулықтарды және сүзгіден өткізеді. Баспа қызметкерлері оқулық макетін алып, облыс орталықтарына да келіп талдау жасайды. Өзіміз де екі жыл қатарынан оқулықты талдау үшін алаулатып-жалаулатып облыс орталығындағы мектептерге жеттік. Оқулық макетін қолымызға алып отырып талдадық, түсіндірдік, талқыладық. Біріміздің уәжімізге біріміз қарсы болдық, әйтеуір қызыл кеңірдек болып пікір алмастық. Алайда оқулық қолымызға тигенде біз айтқан ескертудің бірде-бірі ескерілмегенін көріп, ойран-асыр болдық. Неге? Не үшін онда «кеңестік», не үшін жүйке жұқартып, қызу пікірталасқа бардық, не үшін уақыт жойдық? Сауалымызға жауап алатын баспа қызметкерлерімен де, ауторлармен де қайта кездесу ұйымдастырылмады.
Енді жалпыдан жалқыға көшсем, өзім 30 жылдық еңбек өтілі бар «педагог-зерттеуші» санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін. Осы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде көптеген шәкірт алдымнан мектеп бітіргені сияқты, түрлі оқулықтарды да «тоздырып» келемін. Алдымен, «Қазақ тілі» оқулықтарындағы кемшіліктерді тізбелеп көрейін. 5-сыныпқа арналған оқулықты бөлім-бөлімге бөліп қойған. Алдымен сол бөлімдерді тізбектеп шығайын, 1-бөлім: «Мәдениет: тіл және қарым-қатынас» (8 сағат), 2-бөлім: «Киіну. Сән. Талғам» (10 сағат), 3-бөлім: «Отбасылық дәстүрлер мен мерекелер» (10 сағат), 4-бөлім: «Жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі» (10 сағат), 5-бөлім: «Бос уақыт және хобби» (10 сағат), 6-бөлім: «Қиял әлемі» (10 сағат), 7-бөлім: «Көлік және жол белгілері» (10 сағат), 8-бөлім: «Адамның сырт келбеті мен мінезі» (10 сағат), 9-бөлім: «Аспан әлемінің құпиялары» (12 сағат), 10-бөлім. «Саяхат және демалыс» (12 сағат). Енді, оқырман, өзіңіз байқап қарасаңыз, мынау қай пәннің мазмұны деп ойлап отырсыз? Бірінші бөлім ғана қазақ тілі пәніне қатысы бар ма деп ойлауыңыз анық. Ал осы бөлімдердің ішіндегі тапсырмалары да қазақ тілінің грамматикасына еш қатысы жоқ. Менің қолымда 5-сыныптың оқулығы. (Оқулық ауторлары: Т. Ермекова, Ж. Отарбекова, Р. Мұнасаева. «Арман-ПВ» баспасы, 2017 жыл.) Осы оқулықтан бір ғана мысал келтірсем: 12-13 сабақ жоспарына талдау жасайын. Сабақ тақырыбы: «Қазақтың ұлттық киімдері». 1-тапсырма. Мәтінді түсініп оқып, киім атауларын «Кластер» әдісімен топтастырыңдар. Төменде тапсырма сұрақтары:
2-тапсырма. «Қазақтың ұлттық киімдері» бейнежазбасын мұқият тыңдаңдар.
3-тапсырма. Тыңдалым мәтінін негізге алып, деңгейлік тапсырманы орындаңдар.
1-деңгей. Бас киім атауларын теріп жазыңдар.
2-деңгей. Ерлер мен әйелдер киімдерін бөліп топтастырыңдар.
3-деңгей. Бір киім үлгісінің қалай жасалатынын немесе тігілетінін айтып беріңдер.
4-тапсырма. Төмендегі сөздерді орфоэпия заңдылықтарына сәйкес жазып, ықпал түрлерін анықтаңдар.
5-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріп, сұхбат құрыңдар.
6-тапсырма. Дыбыс үндестігін сақтай отырып, көп нүктенің орнына тиісті жалғауларды жазыңдар. Кейінді ықпалды көрсетіңдер.
7-тапсырма. Ұлттық киімдердің бай мәдени мұра екені туралы өзіндік қорытындыны түсіндірмесімен жазыңдар (оқулықтың 21-23 беттері).
Міне, грамматикаға қатысты екі-ақ тапсырма, төртінші және алтыншы тапсырмалар. Олардың өзі де тым жұтаң әрі жалпылама берілген. Ал мәтіндік тапсырмада оқушының жас ерекшелігі ескерілмеген. «Бір киім үлгісінің қалай жасалатынын немесе тігілетінін айтып беріңдер» деген тапсырманы 5-сынып оқушысы түгілі, 9-сынып оқушысы айта алар ма екен? Бұл тапсырмаға қыз балалар жауап табар, ал ер балалар ше?.. Осындай бөлім-бөлімге бөлінген тақырыптар барлық сыныпта да бар. Бөлімдердің арасында ешқандай сабақтастық жоқ. Әр бөлім өз алдына бөлек дүние. 8-сыныптың оқулығы бойынша да мысалдар жетерлік. (Оқулық ауторлары: Б. Әрінова, Қ. Молдасан, А. Байшағырова «Атамұра» баспасы, 2018 жыл.) 4-бөлім «Ғарышты игеру жетістіктері» сегіз сағат (сабақ) бойы Қазақ тілі пәні мұғалімі оқушыларға астрономия немесе Физика пәні мұғалімі болып түсіндіруге тура келеді. Ал енді осындай бөлім атауларынан «Қазақ тілі» пәнінің иісі шығып тұр ма? Қазақ тілі пәніне «психология», «биология», «география», «астрономия», «механика» сияқты бөлек ғылымдардың тақырыптары не үшін қажет? Жаттығуларға арналған тапсырмаларға көркем әдебиеттегі тамаша мәтіндерден неге алмасқа?!
Көркем әдебиет демекші, «Қазақ әдебиеті» оқулығы да сын көтермейді. Алдымен сол баяғы бағдарламаға келіп тірелеміз. 5-сыныптан бастасақ, берілген тапсырмаларды оқушылардың жас ерекшелігі мүлдем ескерілмеген (оқулық ауторлары: С. Тұрсынғалиева, Р. Зайкенова «Арман-ПВ» баспасы 2017 жыл). Бірінші тарау «Таза, мінсіз асыл сөз» «Керқұла атты Кендебай» ертегісі 5-тапсырма реттік саны бойынша жетінші бөлімінде: «Өздеріңді режиссер ретінде сезініп, ертегі мазмұны бойынша киносценарий жасаңдар. Әр кадрға атау беріңдер. Ертегі-киноларыңды қалай атар едіңіздер? Ертегі-киноларыңа атау беріп, «Керқұла атты Кендебай» мультфильмімен салыстырыңдар» деп келеді. 5-сынып оқушысы түгілі, бес жыл сол кино мамандығын оқып жүрген кез келген студент сценарий жаза алар ма екен?! Күдік-күмәнім басым. Ал 6-сыныпқа сабақ беретін әріптестерім 4-тарау бойынша да өкпе-реніштерін жиі айтады. Асқар Алтайдың «Прописка» әңгімесі мен Ерлан Жүністің «Менің атым – Тәуелсіздік» өлеңін оқыту кезінде оқулық ауторлары оқушылардың жас ерекшеліктерін мүлдем ескермеген. Әңгіме де, өлең де өзекті мәселені қозғаған, тілдік ерекшелігі тамаша туынды. Бірақ осы шығармаларды 6-сыныптың емес, 10 немесе 11-сынып оқушыларына ұсынса, керемет болар еді. Екі шығарманың да тілі күрделі, өлең құрылысы мен ұйқасы ауыр. Енді осы екі шығарма соңындағы тапсырмаларға да талдау жасайын. «Әңгіме мазмұнына сүйене отырып, «Үш түрлі күнделік кестесін (мәтіннен ерекше әсер еткен тұсын немесе ой салған дәйексөз келтіру./Қандай ой тудырды? Осыған байланысты қандай сұрақ туды?/ «Мұғалімге хат» - сұрақтар) толтырыңдар.
«Алып қорғанның құлағанын көрдім, ... Алып тұлғалар жылағанын көрдім, ... Алып таулардың шайқалғанын көрдім, ... – деген жолдар арқылы ақын қандай оқиғаны меңзеп тұр? Тоғыз жасқа жаңа толған балаларға тарихтың тереңіне толғай бойлап, көсіле жаз деуіміз қаншалықты көңілге қонымды?..
Мектеп бағдарламасын жасаушы ғалым-педагогтерімізді ғарыш әлемі қатты қызықтыратын сияқты. Себебі, «Қазақ тілі» оқулығында да, «Қазақ әдебиеті» оқулығында да ғарыш тақырыбы тыс қалмаған. 8-сыныптың оқулығында (оқулық ауторлары: А. Ақтанова, А. Жүндібаева, Л. Жұмекенова Алматы, «Атамұра» 2018 ж.) Жүніс Сахиевтың фантастикалық екі әңгімесі «Айдағы жасырынбақ» және «Дабыл» қатар берілген. Фантастика жанры оқушылардың көбіне ұнайды деу де қиын. Амалдың жоқтығынан оқуға әрі шығарманы тапсырмаларына сай талдауға тура келеді.
Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математикалық бағытымен оқитын 10-сыныптың оқушыларына арналған оқулықтың да (оқулық ауторлары: А. Ақтанова, А. Жүндібаева, Л. Жұмекенова Алматы, «Атамұра» 2019 ж.) оңып тұрғаны шамалы. «Қазақ әдебиеті» пәніне аптасына 2 сағат берілген. Бірінші оқу тоқсанында сегіз апта оқысақ, тоқсан ішінде 16 сағат болады. Бірінші тоқсан бойы Абай Құнанбайұлының шығармашылығымен танысамыз. Әрине, Абай шығармашылығын қанша оқытсақ та тауысып, түгел біліп шығу мүмкін емес. Дұрыс-ақ дейік. Екінші тоқсанда да сегіз апта, 16 сағат. Осы он алты сағат бойы Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» роман-эссесін оқимыз. Қазақтың біртуар ұлы Қаныш атамыз туралы да тек 16 сағатта түгел танып білеміз деу артық шығар, дегенмен оқушылар жалығып кетеді. Бұрындары да повесть, роман жанрларын оқытып жүрдік емес пе? Иә, ол кездің бағдарламасында роман жайлы түсінік беріліп, үзінді оқытатын едік. Үшінші тоқсанда Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесіне де сағат санын аз бермеген. Оқушылар төрт апта бойы әңгімені талдаудай-ақ талдап шығады.
Бір тоқсан бойы оқылып шығатын шығармалар ішінде Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесі, Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романдары да бар.
Міне, қазіргі мектеп оқулықтарының, соның ішінде, «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәні оқулықтарының жағдайын өзімше талдап, алдыңызға тосып, назарыңызға ұсындым. Менің мақсатым тырнақ астынан кір іздеп, біреудің еңбегін еш ету емес. Оқулықтағы олқылықтардан оқушылардың опық жейтіні, осыдан кейін оқуға ынтасы болмайтыны, ал ынта жойылған жерде білім сапасы төмендейтіні анық. Оқулық – идеологиялық құралдың ең мықтысы. Ендеше, оқулықтарымызды түзеу (түзеу дегенде орфографиялық және пунктуациялық қателерімізді ғана емес) бүгінгі күннің басты тақырыбы. Оқулық түзелсе, оқушылардың оқуға ынта-ықыласы артады. Ынтаықылас артса, білім сапасы да көтеріледі. Менің мақсатым – білімді ұрпағымыз көп болсын деген ой. Менің ойыма ой қосатын әріптестерім көп деп білемін...
Қазбек Әлмұқанов,
педагогика ғылымдарының магистрі,
Пятимар жалпы орта білім беретін мектептің директоры,
Жаңақала ауданы