5 қазан – Мұғалімдер күні
Мектепте тәртіп те, тарих та, еңбек пен жетістік те болуы шарт. Әрбір ұстаздың жүрегінен шыққан ыстық ықылас, әр шәкірттің санасында ұялаған арман-мақсат осында тоғысады. Біз осы жолы Орал қаласындағы тарихы тереңнен бастау алатын білім ошақтарының бірі – №45 жалпы орта білім беретін мектепке ат басын тіредік.

Ғимаратқа аяқ басқан сәттен-ақ дәліздегі бала күлкісі, сыныптардан шыққан дауыстар ерекше бір ортаға енгендей әсер қалдырды. Қабырғалары заманауи суреттермен безендірілген, электронды тақталар орнатылған мектептің іші әрі жайлы, әрі тартымды. Осындай алтын ұяда отыз жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, бастауыш сынып мұғалімі Қанзия Неталиева бізді жылы жүзбен қарсы алды.
– Жалпы, білім саласында 35 жылдан бері қызмет істеп келемін. Ал осы мектепке келгеніме биыл 30 жыл толып отыр. Бұл мектептің өткені ауыр. 1940 жылы бастауыш теміржол мектебі ретінде ашылған білім ошағы 1941 жылы орта мектепке айналған. Ал 1942–1943 жылдары мектеп ғимаратында эвако-госпиталь орналасқан. Бүгінгі оқушылар білім алатын сыныптар мен акт залы кезінде жаралы жауынгерлер жатқан палаталар болған. Қазіргі директордың кабинетінде сол кездегі госпиталь басшысы отырған. Мұғалімдердің бір бөлігі майданға аттанса, қалғандары келген жаралыларды емдеуге көмектескен. Осындай тар жол, тайғақ кешуден өткен ғимарат ескі болмай қайтсін, – дейді Қанзия Қыдырбайқызы.
Мұғалімнің сөзін тыңдай отырып, біз де тарихтың жүгін сезінгендей болдық. Әр кірпішінде соғыс жылдарының ізі қалған бұл ғимараттың рухы бөлек екені анық. Қазіргі мектеп басшысы Алима Төреғалиеваның (жоғарыдағы суретте) ротациямен келгеніне үш жыл болыпты. Осы уақыт ішінде мектеп материалдық тұрғыдан ғана емес, оқу-тәрбие процесінде де жаңа белеске көтерілген.
Мәселен, өткен оқу жылының нәтижесі бойынша осы білім ошағынан түлеп ұшқан 28 түлектің 14-і грант иегері атанған. Бұл, әрине, ұстаздар еңбегінің жемісі. Қазіргі таңда мектепте 59 мұғалім еңбек етуде. Оның ішінде 9 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 21 педагог-модератор бар. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп жүрген ұстаз ретінде Айгүл Жолмұханова, Гүлжан Өтешова, Зина Оңғарбаева, Айнагүл Жұбатоваларды ерекше атап өтуге болады.

– Мектептің материалдық-техникалық әлеуеті жыл сайын жақсара түсуде. Биология, химия, STEM-зертхана, география, тарих, қазақ тілі кабинеттері заман талабына сай жасақталды. Биыл бастауыш сыныптарға да жаңа үлгідегі кабинет берілді. Шыны керек, қатты қуандым. Отыз жылда ондай мүмкіндікке қол жеткізбеппін. Бәрі дайын, сабақ өткізуге жағдай жасалған. Бұл – мектеп басшылығының қатардағы мұғалімнің еңбегін бағалауы ғой, – дейді Қанзия апай.
Бүгінгі мектептің әр бұрышынан жаңарған Қазақстанның лебі еседі. Президентіміздің тамыз конференциясында «Жалпы білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн» деген сөзі осында жүзеге асып тұр. Қабырғадағы интерактивті тақта, LED-экран, электронды жабдықтар – мұның бәрі жаңа дәуірдің құрал-жабдығы.
Тәрбие саласы да назардан тыс қалмаған. 2023 жылы әзірленген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы биыл «Адал азамат» атауын иеленіп, оқушыларды адалдыққа, ізгілікке баулу ісіне жаңа серпін беруде. Қанзия апайдың айтуынша, мектеп басшылығы материалдық-техникалық әлеуетті жақсартумен қатар, тәрбие бағытын да жаңаша ұйымдастыруда.
Қанзия Қыдырбайқызы биылғы оқу жылы басталмай тұрып болған бір ерекше сәтті жадында жаңғыртты.

– Қалалық білім бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова республикалық тамыз конференциясына қатысып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен жүздескен екен. Кейін қала мектептерінің мұғалімдерімен кездесіп, сол жиында айтылған жүрекжарды сөздерді бізге «ыстықтай» жеткізді. Сол сәтте біз де Астанада өткен тамыз кеңесіне қатысқандай әсер алдық. Жастар ұйып тыңдады, өз ойларымен бөлісті. Кереметтей әсерлі кездесу өтті. Ол кісінің «Менің басшы ретіндегі басты қағидам – билік емес, ықпал мен сенім арқылы басқару» деген сөзі бізге ерекше серпін берді. Осындай іскер жастардың жұмысқа келгеніне қуандық, – дейді Қанзия мұғалім.

Өзінің ұстаздық жолын музыка пәнінен бастаған ол жүрек қалауымен бастауыш сынып мұғалімі болған.
– Балдырғандармен жұмыс істеу – ерекше бір бақыт. Әрбір оқушының санасына ізгілік нұры мен білім дәнін себу – ұстаздың басты міндеті. Мен ұстаз ретінде өзіме керектінің бәрін алдым. Ендігі тілегім – осындай іскер басшылардың еңбегін ел біліп, бағаласа екен, – дейді ол.
Әңгімеден соң біз де мектепті аралап көрдік. «№45 мектеп» дегенде көзімізге ескі ғимарат елестегенімен, мүлде басқа көрініске куә болдық. Дәлізде ілініп тұрған суреттер, оқушылардың жұмыстары, заманауи жабдықталған кабинеттер мен әр пәнге лайықталған сыныптар көздің жауын алады. Өзіміздің де қайтадан оқушы болып, осындай сыныптарда білім алғымыз келіп кетті.

«Мектеп ескі болса да, мүмкіндік-қарымы мол екен» деген ой бірден көкейге ұялады. Осындай ортада білім алған баланың болашағы жарқын боларына сенім мол. Өйткені ұстаздың қолына қажетті құрал берілсе, шәкіртке берер білім де, тәрбие де сапалы болары сөзсіз. Қанзия апайдың сөзімен айтқанда, еңбексүйгіш басшылар мен жаңашыл ұстаздар көп болса, білім саласы тек ілгері
басады. Оралдағы №45 мектеп – соның дәлелі. Бұл – болашағы кемел ұрпақтың алтын ұясы.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»